- Advertisement -

Құс жолынан жыр төккен жампоз

125

- Advertisement -

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы-драматург Болат Бекжановтың 60 жасқа толған мерейтойы облыстық қазақ драма театрында автордың баспадан шыққан алты кітабының тұсаукесерімен басталды. Жаңа жинақтар – «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір – драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көзкөргендер» деп аталады.
Кітаптардың тұсаукесерінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, Болат Үмбетәліұлының бұл көптомдығында әдебиеттің бірнеше жанры қамтылғанын айтып, мерейтой иесінің еңбектерін жоғары бағалады. Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Абайтану» орталығының директоры Жанғара Дәдебаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков шабыттана сөйлеп, автордың ізденісіне, шығармаларының ерекшелігіне талдау жасады. Ақын Айша Көпжасарова оқырманға жол тартқан кітаптарға сәттілік тілесе, алты томдық кітаптың демеушісі, ақын, Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасының директоры Жарылқасын Дәулет көпшілікке «Сенім» атты жаңа әнін орындап берді. Жинақтардың тұсауын Бауыржан Жақып пен Жанғара Дәдебаев, Рафаэль Ниязбеков кесті.
Мұнан кейінгі шара театрдың үлкен залында Болат Бекжановтың «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кешімен жалғасты. Сахнаның безендірілуі бірден назарды аудартты. Сол жақ бұрышта бес тамның нобайы тұр. Мерейтой иесі туып-өскен ауылды жергілікті жұрт «Бестам» деп атайды. Мұны туған жерге сағыныш деп түсіндік. Оның бергі жағында велосипед, төрде баспалдақпен шығатын биік тұғыр. Сірә, Бекжановтың ізденіспен, талпыныспен жеткен белестері болар. Таластың Нарша Қашағановы Бөкеңді «Тасжарған» деп атап кетіпті. Бұл – Тасжарғанның шыққан биіктері.
«Қоғылдың құйғаны, жетімдік сыйлады. Сонда да көңілім, өзіңді қимады, Қоғылдың құйғаны», деп басталған ақынның өлеңдер сериясы көпшіліктің жүрегін шымырлатты. Болат Бекжановтың жастық шақтағы рөлін танымал актер Кенен Ақүрпеков керемет шеберлікпен сомдай білді. Оның сахнадағы қимылынан Бекжановтың асау, сыршыл, арманшыл, сері кезін аңғардық. Кештің әсері автордың сырлы әндерімен де ажарлана түсті. Мерейтой иесінің «Мүлгиді Талас», «Сол бозбала барын…», «Журналистер маршы» әндері талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, жүректердің кілтін тауып жатты. Сахнадағы ақ пен қараның арпалысы мерейтой иесінің ғұмырындағы сан тарау жолдардан хабар берді.
Шығармашылық кештің театрландырылған көрінісі белгілі композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлінің «Өмір» атты (сөзі Б.Бекжановтыкі) жаңа әнімен түйінделді. Әбекең әнді шарықтата шырқап жүректерге жеткізді. «Ата-анаң сені жақтағанымен, қателіктерді жақтамас өмір», деген өлең жолдары жұртты бейжай қалдырмағаны анық.
Кештің марапаттау рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, мерейтой иесінің драматургиядағы, поэзия мен сатира, публицистика жанрларындағы жетістіктерін айта келіп, облыстың үлкен қара шаңырағын басқарып отырған ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіне де кеңінен тоқталып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Құрмет грамотасымен марапаттап, иығына шапан жапты. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази сөз сөйлеп, Болат Үмбетәліұлының шығармашылық шеберлігін, театр өнеріндегі табандылығын сөз етті. Бауыржан Жақып мерейтой иесіне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хаттарын жеткізді. Мұндай құттықтау Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есмұхан Обаевтан да келді.
Мұнан соң мерейтой иесін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтаса, «Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Амангелді Карентаев алпыстың асқарындағы Б.Бекжановты Қонаев атындағы медальмен марапаттады. Таластықтар ауданның 90 жылдығына орай шығарылған медальды мерейтой иесінің төсіне тақты. Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев те ізгі тілегін арнап, құрмет көрсетті. Ал жазушының жерлестері, ағайындары Болат Бекжановқа темір тұлпардың кілтін табыс етті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support