- Advertisement -

Адамзаттың аяқ тірер ақиқаты

111

- Advertisement -

Облысымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз келді. Бас мүфтидің өңірдегі жұмыс сапары облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қабылдауынан басталды.

Бекболат Серікбекұлы біздің өңір Бас мүфтидің келуін қуанышпен қабылдайтынын айтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне, діни тұрғыдан тұрақтылығына тоқталды. «Өңірде 295 мешіт, 414 имам және мешіт қызметкерлері бар. Олардың 20 пайызы жоғары білімді. Екі түзету мекемесінде имамдар жиі болып, ондағы азаматтардың өмірге бейімделуіне рухани, моральдық жағынан қолдау көрсетеді.
Биылғы наурыз-сәуір айларында облыстың 100 имамы білімдерін жетілдіру курстарынан өтті. Оларға «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушылары дәріс өткізді. Осы мақсатта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен облыстық бюджеттен қажетті көлемде қаржы бөлінді. «Һибатула Тарази» медресесінде 65 шәкірт білім алып жатыр. 145 мың халқы бар Қордай ауданында да медресе ашуды көздеп отырмыз. Себебі Масаншы, Сортөбе ауылдарында тұратын дүнген ағайындардың көпшілігі дінді берік ұстайды. Облыс мешіттеріне жұма намазға халық өте көп жиналады. Жылдан- жылға имандылыққа бетбұрыс артып келеді. Имандылықты берік ұстанған сауатты жастар да аз емес. Сіздің келуіңіз дін саласындағы қызметкерлерге, жамағатқа, жастарға үлкен серпін береді.
Қадамыңыз құтты болсын! – деп Бас мүфтиге облыс әкімінің атынан картина және «Тараз – Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны» атты тарихи-танымдық кітапты сыйға тартты. Мұнан соң Бас мүфти С.Ораз сөз сөйлеп, ислам дінінің алғаш орнаған жері, ІХ ғасырда тұңғыш мешіт салынған өңір Әулиеата жеріне келіп, халқымен жүздескеніне қуанышты екенін айтты. Бас мүфти оңтүстік облыстардың, оның ішінде Жамбыл облысының халқы дінге көбірек бет бұруы дағдыға айналғанын айтып, Қордай ауданының Масаншы ауылында ашылатын медресенің де өңірге сапалы қызмет ететініне сенім білдірді. Еліміздің Дінбасы Серікбай Ораз облысқа сапарына қолдау білдірген өңір басшысы Асқар Исабекұлына алғысын айтып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке «Ұлы Дала төсіндегі ислам» атты кітабын тарту етті.

«Сөз шығар ел жақсысы дүлдүлдерден…»

Мұнан соң Бас мүфти «Достық» үйінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізді. Ол Бас мүфтидің облысқа алғашқы сапарында ел жақсыларымен жүздесуі маңызды екеніне тоқталып, кездесуге келгендерді ашық әңгімеге шақырды. Бас мүфти Серікбай Ораз сөз сөйлеп, жамбылдық ардагерлермен, зиялылармен жүздесуіне көңілі толатынын айтып, қараханидтер дәуірінде Таразда дамыған діни ахуалға, Қазақ хандығының қазығы Жамбыл жерінде қағылғанына тоқталып, өңірдің бүгінгі діни жетістіктерін де атап өтті. «Кейінгі жылдары республикалық «Уақып» қоры арқылы еліміз бойынша 350 имамға айлық жалақы төленіп жүр. Биыл тағы 100 имамға «Зекет» қоры арқылы айлық төлеуді ойластырып отырмыз. Бұл бастамамыз жүзеге асса, сіздердің өңірден де тағы бірнеше имам жалақы алатын болады. Қазақ – табиғатынан имандылыққа бейім халық. Бала күнімізден үлкен кісілерді көрсек «Ассалаумағалейкум» деп амандасып келеміз. Қандай істі бастарда да «Биссмилланы» айтамыз, қандай істі аяқтағанда да «Аллаға шүкір» дейміз. Бұл – ислам дінінің құнды талаптары. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету Елбасы көтерген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты өзегі дер едім. Жасы үлкен, өмірлік тәжірибесі мол аталар осында отыр. Сіздердің ой-пікірлеріңіз құнды, соны тыңдауға келдім», – деді мүфти. Мұнан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы сөз сөйлеп, Тараз шаһарының 2 мың жылдық тағылымды тарихына, елімізде бірнеше рет әлемдік дін көшбасшыларының съезі өткеніне тоқталып, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру жөнінде толғана сөйледі. Ол мектептерде оқытылатын дінтану сабағы аптасына 1 реттен бір жыл 9-сыныптарға ғана оқытылатынын айтып, осының жылын да, апталық жүктемесін де көбейту жөнінде ұсынысын білдірді. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, еңбек ардагері Шәріп Дәулетбаев кішінің үлкенді сыйлауы, патриоттық тәрбие беру мәселелерін қозғап өтсе, өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Әбдірахман Зайнутдинов ел бірлігі, ұлттар татулығы жөнінде ой қозғады.

Жаңарған «Нәметбай» мешіті

Тараз қаласы Ташкент көшесінің бойындағы «Нәметбай» мешітінің іргетасы қаланғанына 131 жыл болған екен. Әрі ескі, әрі жамағатқа тар болатын. Осыны аңғарған имандылық жолындағы бірқатар кәсіпкер азаматтар аталған ескі мешіт жанынан еңселі жаңа ғимаратты салып бітірді. «Нәметбай» мешітінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз қатысып, сөз сөйледі. Ол «Біздің халқымыздың басынан небір қиын, аласапыран кезеңдер өтті. Сол ауыр шақтарда да, дінсіз қоғам болған Кеңес заманында да қазақ халқы діннен алшақтап, имандылықтан ажыраған жоқ. Үлкенге сәлемін, жақсыға көрсетер құрметін ұмытпады. Иманды, жақсы адамдардың дұға-тілегімен қастерлі құндылықтарымыз сақталды. Жаңа мешіт құтты болсын!» деп «Нәметбай» мешітінің бас имамы Әбдірахман Әбдікәмбетовке Құран кітабын сыйлады. Ұйымдастырушылар тарапынан өзіне жапқан зерлі шапанды да Бас мүфти аталған мешіттің ең қарт жамағаты Ғалимолла Галимнасов қарияның иығына жауып, жомарттықтың ізгі амал екенін ісімен де дәлелдеді. Мұнан соң облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жамағатты жаңа мешіт ғимаратының ашылуымен құттықтады. Серікбай Ораз бен Жангелді Омаров мешіттің құрметіне арналған лентаны қиды. Мұнан соң жамағат ішке кіріп, жаңа ғимаратта бесін намазын оқып, құлшылық соңында облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев мақам созып оқыған Құранға қол жайды. Бас мүфти елімізде, осы өңірде имандылықтың өркендей беруіне тілек қосып, бата берді.

Сауатты жастар – елдің ертеңі

Бас мүфтидің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Жастар сарайында» өткен оқытушы-профессорлар және студенттермен кездесуіне Тараздағы өзге жоғары оқу орындарынан да жастар көп жиналды. Жиынды ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, Тараз жастарымен ой бөлісуге Бас мүфтидің арнайы келгенін айтып, жиналғандарға қонақтарды таныстырды. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз сөйлеп, өңірімізде имандылықтың кең қанат жаюымен қатар кейбір теріс пиғылды топтар да бар екенін айтып, жастарды сондай топтардан аулақ жүруге шақырды. Бас мүфти Серікбай Ораздың сөзін жастар мұқият тыңдады. Ол білім арқылы діни танымның ұлғаюымен, адами қабілетпен көркемдікке жетуге болатынын айтты. Дін мен дәстүрдің сабақтастастығы, обал мен сауап түсініктері жайында сөйлей келіп: «Қадірлі жастар! Сіздер тәуелсіз елдің болашағы саналасыздар. Барлығыңызға ғалым немесе имам болу шарт емес. Біздің қоғамға дүние білімі де керек. Біздің қоғамға инженер, құрылыс шебері, агроном, есепші, дәрігер, мұғалім, гидротехник бәрі-бәрі керек. Қазақта «Қоғам бол, бірің бұған, бірің оған бол» деген сөз бар. Сіздерге сол білім байлығын тілеймін. Отанды сүю – парыздарың. Отан ана – бәрімізге қымбат», – деді Бас мүфти.
Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға қонақтар жан-жақты жауап берді. Найб-мүфти Алау Әділбаев та бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды.

Сегіз сәбидің қуанышы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының қатысуымен Абай-Қапал көшелері қиылысындағы көп қабатты жаңа тұрғын үй алдында қайырымдылық шарасы өтті. Бұл жерде облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің және «Зекет» қорының қолдауымен үш тұрғынға пәтер кілті тапсырылды. Әсіресе сегіз перзенттің анасы, осы күнге дейін Жалдамалы пәтерде жүрген Айгүл Әміреева Бас мүфти С.Ораздың қолынан жаңа пәтер кілтін алғанда қуанышында шек болмады. Оның кішкентай қыздары ерекше шаттыққа бөленді. Сондай-ақ пәтер алу қуанышына облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері Әбдіжапар Әміров пен Айдос Түсіпов те ие болды. Бұл орайда белгілі кәсіпкер жерлесіміз Әлімбек Жұмабаевтың «Зекет» қорына қомақты қаржы аударғанын айта кеткен жөн болар. Бас мүфти жаңа қонысқа ие болғандарға құтты болсын айтып, жаңа пәтердің жайлы баспана болуына тілектестік білдірді.
Бас мүфтидің Тараздағы сапары облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде аудандық, ауылдық мешіт имамдарымен кездесуімен түйінделді. Мәртебелі қонақ имамдар алдында сөз сөйлеп, мешітке басшылық жасаудың жауапкершілігіне, әр имам ауылдың имандылық айнасы екеніне, аталған орталық мешітте өткен имамдардың электронды негізде аттестация тапсыру қорытындыларына тоқталды.
– Аттестациялық комиссия төрағасы менің орынбасарым, ғалым Алау Әділбаев болды. Бұл тестілеудің қорытындысы сіздердің өңірде сауатты имамдардың жеткілікті екенін көрсетті. Тест тапсырған 300-ге жуық имамның 17-сі өте жақсы, 20-сы жақсы. Өзгесі орташа деңгейге тапсырды. Бұл – сіздердің білімдеріңізді байқау, жетілдіру. Бұл үшін ешкім жұмысынан кетпейді. Тестілеуде жақсы нәтиже көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да еңбектеріңіз жана берсін. Жақсы күндерде, абырой биігінде жолығып жүрейік, – деді мүфти. Мұнан соң Данияр Жұмабаев облыстың барша имамдары атынан Бас мүфтиге облысқа сапары үшін, тағылымды кездесулер өткізгені үшін рахметін айтты.
Бас мүфтидің сапары кеше Шу, Қордай аудандарында жалғасты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support