Жаңашыл жұмыста немкеттілікке жол берілмейді

Облысқа жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партияның 20 бастамашыл жобасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қаныбек Жұмашев алдымен Сарыкемер мектеп-гимназиясында, Тараз қаласындағы ІТ лицей-интернатында және Мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығындағы ашылған ІТ сыныптарда болды. Сонымен қатар Тараз мемлекеттік университетінің базасында ашылған ІТ орталық, «English for jastar» жобасы аясында ағылшын тілін оқыту бойынша еріктілердің жұмыстарымен танысып содан кейін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындағы «бродкастинг» залында жастармен кездесті.

ІТ сынып – «Нұр Отан» партиясының «Балаларға ақысыз ІТ сынып ашу» атты стратегиялық маңызы зор болып табылатын мектеп жасындағы балаларға арналған жобасы екені белгілі. Бұл жобаның негізгі мақсаттары – жас буынды ІТ мамандықтарды игеруге, жаңа технологияны өмірде қолдануға, өз бетінше бағдарлама құруға ІТ бағдарламашыларды тәрбиелеу. ІТ сыныпта оқытылатын балалардың жас ерекшелігі 8-бен 16 жас аралығын құраса, қазіргі таңда облыс бойынша ашылған 12 ІТ сыныпта 1300 оқушы білім алуда.
Солардың бірінде болған Қаныбек Жұмашев Тараз қаласынан жақында ашылған ІТ лицей-интернатының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда аталмыш лицей интернатта 3 тілді меңгерген 25 ұстаз жұмыс істесе, оның 4-еуі ІТ саласы бойынша дәріс береді. Жаратылыстану бағытындағы пәндердің барлығы дерлік ағылшын тілінде өткізіледі. Сондай-ақ 32 орынға шақталған кішігірім жатақхана мен асханасы бар, қосымша үйірмелер де жұмыс істейді. Келешекте тағы қосымша ғимарат салу жоспарда бар көрінеді. Аталмыш оқу орнында жаңа оқу жылының басынан бері 7-8-сынып оқушыларынан 120 баланы қабылдаған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында ашылған ІТ орталығында Қаныбек Жұмашев «Білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ орталықтар» бастамашыл жобасы бойынша еріктілердің жұмыстарына ерекше назар аударды. ІТ орталықта 50 адам жыл соңына дейін оқып, ІТ мамандықты игермек. Сондай-ақ жоғарыда айтқанымыздай Қаныбек Жұмашевтың облыстағы жұмыс сапары барысында облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында белсенді жастармен кездесу ұйымдастырды. «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобаларын іске асыру аясында кітапханада бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп, «бродкастинг» залы және «коворкинг» орталықтары ашылған. Осыларды аралап көріп шыққан Қаныбек Жұмашев «коворкинг» орталығында өзін күтіп отырған жастармен дидарласып, еркін әңгіме-дүкен құрды. Қ.Жұмашев барлық жерде жаңашыл жұмысқа көзбояушылық, немкеттілік жүрмеуі керектігін ескертті.
Қ.Жұмашев және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов «Үздік бастауыш ұйымдар» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, оларға республикалық додада сәттілік тіледі.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

микро займ на карту