- Advertisement -

Төрдегі орын – мұғалімдікі

197

- Advertisement -

Біз бүгін әлемдік кеңістікке кіріккен шынайы ашық қоғам жағдайында өмір сүрудеміз. Мұндай қоғам дамуының басты көрсеткіші қашанда – білім. Білім саласы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұны біз Елбасының әрбір Жолдауынан айқын аңғарып жүрміз.
Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы, әсіресе білім саласына жан бітірді. Бұлай дейтініміз, қазіргі қарыштап дамып жатқан әлем өркениетінің негізі сапалы оқу-біліммен тығыз байланысты. Ғажайып мамандық иелері болып табылатын ұстаздардың еңбек құқығы мен заңды мүдделерін қорғаушы ұйым ретінде біз үшін аса өзекті мәселелер «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші бөлімде қарастырылған.
Балабақшадан бастап қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сай етіп, онымен таласқа түсе алатындай жағдайға жеткізу – Елбасының сала алдына қойған міндеттерінің бірі. «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылғандай, қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауатсыздықты жою жеткіліксіз, білім мекемелері мен оның төңірегіндегі азаматтар ең озық жабдықтармен қамтылып, ең заманауи өндірістерде жұмыс істеуі тиіс. Мейлі ол мұғалім болсын, мейлі оқушы болсын. Екеуіне де артылар жүк жеңіл емес. Бұл дегеніміз әлемдегі білім беру парадигмасы өзгеріс үстінде дегенді білдіреді. Бұрын тек білімді меңгерту жеткілікті болса, бүгін сол білімді қолданысқа ендіре алу маңызды.
Осы тұста білім беру үдерісіндегі ең негізгі тұлға ұстаз екенін әрі ол өз пәнін толық меңгерген, оқытудың әдістемелері мен технологияларын иеленген, шәкірттерінің психологиясы мен жас ерекшеліктерін білетін, бірнеше тілде сөйлейтін тұлға болуы тиіс. Яғни білім беру жүйесіндегі барлық техникалық жаңалықтар жағдайына қарамастан мұғалім білім беру үрдісінің негізгі түйіні болып қала береді. Бұл – ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Дәл осы жағдайда Елбасы ұсынған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қажеттілігі туындайды. Ендігі мәселе, бұл заң қандай мәтінде қабылданатынында.
Елбасы өзінің сөзінде қабылданатын заңның мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерін жемісті еңбек етуге ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы тиіс екенін, яғни мұғалімдерге барлығын үйіп-төгіп, тегін жұмыс күшіне айналдырғанды тоқтатып, сабақтарымен айналысуларына мүмкіндік беру керектігін қадап айтты. Шындығында осыған дейін мұғалімдердің беделін көтеру мәселесі жай ғана сөз жүзінде жүрді. ҚР «Білім туралы» Заңының 7-тарауында да педагог мәртебесі туралы «Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды» деп қысқа ғана қайырған болса, педагогтердің мәртебесін көтеру жолында Білім және ғылым министрлігі қабылдаған «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» да педагог кәсібінің беделін арттыруға арналған жолдар бар. Бірақ көзіміз көріп жүргендей екі құжат та ұстаз мәртебесін көтеріп, мұғалімдердің тұлғасын тұғырлы етуде қауқарсыз.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп жоғары орын берген ұстазды бүгінде төменнен көріп жүрміз. Қазіргі таңда шәкіртті емес, ұстазды кінәлау көп көрініс табады. Әріпті үйретпес бұрын ата-аналар балаларына әдепті үйретпей ме? Педагог мәртебесі туралы заң білім саласындағы үштаған – мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара қарым-қатынасты, міндеттер мен құқықтарды, жауапкершіліктер мен кепілдіктерді реттеп беруі тиіс. Әрине, бұл жағдайда талап алдымен ұстазға қойылады, сондықтан ол ең алдымен білікті, білімді болуы қажет. Кез келген адам мұғалім бола алмайтындығы да осы заңда көрініс табуы тиіс. Соңғы жылдары ұстаздыққа ҰБТ-дан төмен балл жинаған, жұмыс таппай, нәпақасын бала оқытудан айыруды ойлаған, көбіне сырттай оқыған жастар ден қойып жүргені жасырын емес. Жүрек қалауымен, бар ынта-жігерімен бармаған мамандықтан мардымды нәтиже шықпайды. Осыдан келіп, өкінішке қарай, соңғы жылдары педагог мамандығы өз қызығушылығын жоғалтуда. Мұның тағы бір себебі – әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі мен еңбекақының төмендігі.
Сала қызметкерлерінің еңбекақыларын арттыру мен жетілдіру жөніндегі мәселелер кәсіподақтың салалық кеңесінің, мүшелік ұйымдардың үнемі басты назарында. Елбасының биылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының нәтижесінде педагогтердің санаттары арасындағы алшақтық арттырылып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесі енгізілді. Енді бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тесті арқылы 2000-нан аса шеберліктерін дәлелдеген мұғалімдердің жалақысы биылғы оқу жылынан бастап 50 пайызға өсті. Ал жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам ұстаздың жалақысы 30 пайызға көбейіп отыр. Бұл педагогтерді өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандырады.
Білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы жарғылық құзыреті мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып өз мүшелерінің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау қызметінің тиімділігін арттыру ісін күн тәртібінен түсірген емес. Алайда бүгінгі қоғамдық қатынастар кәсіподақ ұйымдарына да жаңа талаптар қоюда. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер кәсіподақ қозғалысына да сапалы өзгерістер енгізуді қажет етеді. Салалық кәсіподақ пен оның мыңдаған кәсіподақ активі үшін бұл ең алдымен ұйымдастырушылықты нығайту, жұмыстың жаңа нысандары мен әдістеріне көшу, заманауи кадрлық саясат, мүшелік базаның нығаюы мен көбеюі, кәсіподақ кадрлары мен активін жүйелі және үздіксіз оқыту мен біліктіліктерін арттыруды ұйымдастыру, өзге де кемшіліктер мен немқұрайдылықты жою. Сонда ғана ұстаздар өзін толық қорғалған сезінеді, өзінің артында сөзін сөйлейтін күшті қоғамдық ұйымның барын, оған кез келген уақытта арқа сүйеуге болатынын білетін болады.
Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі де бірегейі – ол кәсіподақ кадрлары мен белсенділерін оқыту. Соңғы 5 жылда кәсіподақ базасында 93 оқыту семинары ұйымдастырылып, онда 18 921 кәсіподақ мүшесі білімін жетілдірген. Ал кәсіподақтың негізгі мақсаты болып табылатын одақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін құқықтық қорғау бойынша жыл басынан бергі 9 айда кәсіподақ заңгерлерімен 448 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1424 құқық бұзушылықтың орын алғандығы анықталды.
Еңбек кодексіне сәйкес еңбек дауын сотқа дейін қарау бойынша 8 келісу комиссиясының отырыстарында заңгерлер жұмысшының пайдасына мәселені шешіп берген. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіподақ заңгерлері сала өкілдеріне кәсіподақтың барлық нысандағы құқықтық қорғау жұмыстары нәтижесінде 426 миллион теңгені қайтарып берді. Биылғы 9 айдағы бұл көрсеткіш 167 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат кәсіподақтың тікелей араласуымен кәсіподақ мүшелерінің қалтасына қайтарылған қаржы. Мұндай үлкен сомадағы экономикалық эффект ұстаздарға айлық есептеуде коэффициенттерін дұрыс қолданбау, зиянды және ерекше жағдайда жұмыс істегені үшін, ауылды жерде жұмыс істегені үшін, қызметтерді қоса атқарғаны үшін, уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін қоса атқарғаны үшін, іссапар шығындарын кеш төлеу мен қызметкерлерді азаматтық қызметшілер санатына қоспау салдарынан туындап отыр.
Сала еңбеккерлері – кәсіподақ мүшелерін сауықтыру көрсеткіштері де өсу қарқынына ие. Биылғы жылы 3597 адам 98,7 миллион теңгеге сауықтырылған. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі мен тамыз кеңесінде ұстаздарға қаржылай сыйақы беру дәстүрі жалғасуда. Соңғы бес жылда кәсіподақтың облыстық ұйымының бюджеті есебінен 89 ұстаз жалпы сомасы 5 миллион 450 мың теңгеге ие болса, 3 білім мекемесінің еңбек ұжымының әрқайсысына 1 миллион теңгеден сыйақы үлестірілді.
Мұның барлығы да қоғамдық ұйым – кәсіподақтардың ұстаздар мәртебесін көтеруге, олардың ұрпақ тәрбиелеп, бала оқытуға деген мотивациясын жігерлендіре түсуге жұмсалған күш пен қаржы. Біз Елбасының ұстаздарға деген құрметіне алғыс білдіре отырып, бұл бағыттағы жұмысты белсенді жүргізіп, ұстаз мәртебесін көтеру жолында, заңның ұстаз көңілінен шығатындай етіп қабылдануына мүдделі болып, тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз.

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support