- Advertisement -

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

87

- Advertisement -

Бүгінгі күні жаһандық озық жаңалықтардан қалыс қалмау – басты мақсат. Сондықтан да цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендету ісі мықтап қолға алынып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қадап айтып, нақты міндеттер берген болатын. Елбасы тапсырмасы арада аз уақыт өткенде іс жүзінде көрініс тапқаны анық. Президент тапсырмасының негізінде 2018-2022 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, жүйелі жұмыстар жүзеге аса бастады. Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ілкімді істер жүргізілуде. Бұдан біздің облысымыз да шет қалып отырған жоқ. Бастамалар да, нәтиже де баршылық.
Қазіргі таңда «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп, ілкімді істерді жүзеге асыруда. Бүгінгі күні жоспарланған меже 100 пайыз көрсеткіш деңгейінде орындалып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстары порталына 446 мектеп қосылған екен. Бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Оның ішінде 427 мектеп онлайн және 19 мектеп офлайн тәсілінде білім беру ресурстары порталына қосылды. Сонымен қатар ондағы аккаунт саны – 19173, оның 18 928-і, яғни 98,35 пайызы белсенді екені зерделеу нәтижесінде анықталған. Электрондық ресурстардың қаралым саны – 509 486. Осы көрсеткіштер қолға алынған шаралардың оң нәтиже беріп отырғанын айғақтай түссе керек-ті.
Жалпы алғанда осынау жобалардың арқасында қазіргі технологияны білім беру саласымен ұштастырып, ұстазға да, оқушыға да тиімді көмекші құрал ретінде пайдаланып отырғанымыз ақиқат. Мәселен, мұнда бастауыш сынып бағдарламасын толық қамтитын танымдық-анимациялық сабақтар мен оны бекітуге көмектесетін жүздеген ойын түріндегі тапсырмалар бар. «Bilimland» – мектеп бағдарламасына арналған ең бай интерактивті сабақтар қоры. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді екенін де айта кеткен жөн. Ал «iTest» – ҰБТ-ға дайындайтын виртуалды жаттығу алаңы. Мұнда негізінен 13 пән, 15 мыңға тарта тест сұрақтары бар. Біздіңше бұл қор жеткілікті деуге болады. Барлық мобильді құралдарда жұмыс істейді. Сондықтан бұл жобалардың пайдасы зор екені сөзсіз.
Бүгінде 446 мектеп интернет желісіне қосылған, оның ішінде 416 мектеп 4 мегабит/секундтан жоғары жылдамдықпен қамтылған. Сонымен қатар ішкі сымсыз Wi-Fi желісімен мектептердің 85,2 пайызы жарақтандырылды. Бұдан бөлек, 41 мектепке ішкі сымсыз Wi-Fi желісі тартылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін мектептерді Wi-Fi желісімен қамту межесі – 93 пайыз. Облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын 24 244 дана компьютермен жабдықталды. 10 908 оқу кабинетінің 7145-і компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.
Түйіп айтсақ, бұл саладағы жұмыстар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Оған жоғарыда келтірген деректер де дәлел бола алады. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы қалыпты деңгейде іске асуда. Бұл бағыттағы тірліктер алдағы уақытта да тоқтап қалмайды деген ойдамыз. Өйткені бағдарлама 2018-2022 жылдарға арналғаны баршаға мәлім. Қолға алынған баянды бастамалар болашақта да қарқынды түрде жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болмақ.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support