- Advertisement -

Каналдар тазаланып, Бос жерлер игеріле бастады

110

- Advertisement -

Бүгінде ауданда егістік жерлерді тиімді пайдалану, өнімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, аудан әкімі Мәден Мұсаевтың тікелей ықпал етуімен өткен аптаның басында-ақ Тараз қаласындағы «Аса-Талас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы техникалары каналдарды тазалау ісіне жұмылдырылды. Бүгінде 6 шақырымдық «Сануй» каналын тазалау аяқталып қалды. Ал Айдарлы, Бірлік ауылдарында екі К-700, үш МТЗ-82 маркалы тракторлары сүдігер көтеруді бастап кетті. Бұрынғы біртұтас одақ таратылғаннан кейінгі өңірдегі егістік алқаптарына алғаш соқа салған К-700 тракторларының көші мұнымен де бітпейді.
Айдарлы ауылындағы «Береке» шаруа қожалығының 10 гектар егістігінде сүдігер жыртуға Шу ауданынан көмекке келген Дмитрий Захаров пен Юрий Белитскийдің де К-700 тракторын ұршықша иіріп, бұл істе мол тәжірибе жинақтағандықтарын танытуда. Сондай-ақ «Ержан» шаруа қожалығының иелігіндегі 6 гектар алқапта сүдігер көтеру жұмыстарына Шу ауданынан екі доңғалақты трактор, ал Батырхан Расыловтың 5 гектар егістігіне тараздық Сейдалы Қалыбаевтың техникалары тартылған.

Міне, осылайша Айдарлы ауылында егістік жерлерді көктемгі егін науқанына дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ауылдық округтің әкімі Әділет Мұқашев бақылауында ұстап, сырттан келген механизаторлардың ас-ауқаты, жатар орны мәселелерін де шешіп отыр. Сондай-ақ ол техникалардың жанар-жағар майын да уақтылы тауып беріп, жер жырту ісінде іркіліс болмауына жағдай жасауда.
Бірлік ауылдық округіне қарасты кейбір егістік жерлер көптен бері пайдаланылмай жатқан болатын. Аудан әкімі Мәден Мұсаев осы аумақты аралап көріп, егін егуге қолайлы деп шешкен. Өткен аптаның жұмасы күні Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті осынау 120 гектар тегіс алқапқа өз техникаларымен келіп, соқа салды. Бүгінгі күні механизаторлар Оразалы Бекжігітов пен Ермұрат Юсупов сүдігер жыртуда уақытпен санаспай еңбек етуде.
Біраздан бері бос жатқан, сүдігер көтерілген егістіктің басы-қасында аудан әкімі Мәден Мұсаев, орынбасары Бақытжан Қалымбетов, ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов, Бірлік ауылдық округінің әкімі Талғат Мұсақұловтар болды.
– Мен де осы ауданның тумасымын. Осында игерілмей жатқан 120 гектар жерде келер жылдың егісі үшін сүдігер жыртуды бастадық. Бұл жерге оқу орны жанындағы агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты мамандарымен келісе отырып, жүгерінің осы өңірге жерсінген «Арман-689» сұрпын еккелі отырмыз. Ағын су жеткілікті көлемде болған жағдайда «дала аруынан» мол өнім аламыз деген үміттеміз, – дейді ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов.
Ауданда осылай сырттан келіп жатқан көмек тиімді пайда­ланылу үстінде. Сүдігер – мол өнім кепілі. Шаруа қожалықтарының басшы­лары күн суытқанға дейін сүдігер жыртуды оңтайлы шешіп алғандары жөн.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген А.Әлтай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support