- Advertisement -

Жүйрік қалам, жылы жүрек иесі

351

- Advertisement -

Қатар жүрген кезде қаламгер дос Мұса Рахманбердиев туралы бірдеңе жазам деу – ойға келмеген шаруа. Сондықтан өміріне де, шығармашылығына да, басқа тірлігіне де онша мән бермеппіз. Көпшілікке бәрі таныс, бәрі белгілі сияқты көрінетін. Алайда өмірі ерте үзілді. Ол туралы қалам тарту парызы алға шыққанда ғана ойланады екенсің.

…Бізді таныстырған да, табыстырған да облыстық газет. Мен Қазақ мемлекеттік университетінің журфагын тәмамдап, Орталық Комитеттің жолдамасымен келгенмін. Ол оқуды сырттай оқып, осында жұмыс істеп жүр екен. Жас жағынан журналистердің бәрінен кіші болғанымен, тәжірибесі мол сияқты көрінді. Химия зауытында жұмыс істеп партия қатарына өткен, жұмысшы ретінде қайла мен күректің сырын ұққан. Содан кейін аудандық газетте, облыстық радиода кішігірім жұмыстарды атқарып, облыстағы қаламгерлік ортамен біршама таныс болып қалған. Кейін жас жазушылардың республикалық семинарларына да барғаны есімде. Облыстағы Кәрім Баялиев, Жақсылық Сәтібеков, Мейірхан Қуанышбаев, Пернебай Дүйсенбин, Әлдихан Қалдыбаев тәрізді санаулы қаламгерлердің аты-жөні, шығармашылығы жөнінде алғаш осы Мұсадан естідім. Оның үстіне газет жанрларымен қоса көркем дүниелер жазуға да ден қойған екен. Бірігіп оқып, пікір таластырған кездер естен кетпейді.
…Ол әлдеқайда асығып жүретін. Тез шешім қабылдайтын, тәуекелі басым еді. Абайдың айтатыны бар ғой, «кісіні істі қалай аяқтағанына қарай емес, қалай бастағанына қарап бағала» деген. Осы сөз Мұсаға арналғандай. Бойында қайсарлық, көзінде от, көңілінде арман, жоспарында жойқын істер бар еді. «Міне, нарық келді, қарекет істеу керек», деп тастүйін бекінгенін, бірдеңені бітіре алса, алқына желпінгенін көрдім. Күнделікті жұмысқа барып қайтар жолын ғана білетін жігіттер үшін оның өзі сабақ еді. Ол еті тіріге қарекет, қам жасар кез туды деп түсінді, әріптестерін соған үндеді. Бірақ біз өзгеру орнына «өкімет өлтірмейдімен» ерте жатып, кеш тұрып, жүре беріппіз.
…Өмірбаян – адамның жүріп өткен жолы. Мұса Рахманбердиев 1951 жылы Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты Шөлдала стансасында қатардағы теміржолшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Рахманберді ұзақ жылдар темір жолда жұмысшы болып еңбек еткен. Шешесі ауыр сырқаттан ертеректе қайтыпты. Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиеленді. Мұса әскери борышын өтеген соң, еңбек жолын Жамбыл фосфор зауытында жұмысшы болып бастайды. Мақала, очерктер, хат-хабарлар жазып газеттерге араласуы да сол жылдардан. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне 1975 жылдары келді. Бұл кезде ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай түскен кезі. Облыстық газетте ол ізденгіш, тындырымды, жазу қабілеті мол, үйренуден жалықпайтын журналист, елгезек азамат ретінде көзге түскен. Көп ұзамай қызметі Алматыға ауысты, онда «Жазушы» баспасына аға редактор қызметіне барды. Мұнда ол өзінің жазушы болу арманын жүзеге асыруға белсене кірісті. Бірнеше прозалық «Ақ тілек», «Үкілі сай», «Жылы жел» жинақтары, «Мезгіл әуендері» очерктер мен публицистика кітабы, кейін таңдамалы жинағы жарық көрді, Жазушылар одағының мүшесі болды. Әдеби ортаға батыл араласып, Мереке Құлкенов, Баянғали Әлімжанов, Есенғали Раушанов, Серік Байхонов, Сейітқазы Досымов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Елен Әлімжанов тағы басқалармен әріптес, сыйлас болғанын білеміз. Аға жазушылар арасынан Шерхан Мұртаза мен Тәкен Әлімқұловты ұстаз тұтып, солардың шығармашылық ықпалында болды деуге болады.
Алматыда жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Ақиқат» журналында, республикалық баспа комитетінде, «Қазақстан», «Жазушы» баспаларында, Қазақ теледидарында, «Қазақтелефильм» студиясында тағы басқа орындарда жемісті еңбек етті. Жамбыл облыстық телерадио компаниясының төрағасы қызметіне «Қазақтелефильм» студиясының Бас директорлығынан келген болатын. Шын мәнінде ол ақпарат құралдарының барлық саласында еңбек етіп, өзінің жан-жақты қаламгер, жүйрік журналист, білікті басшы екенін республика көлемінде танытқан еді. Сонымен бірге шебер ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз, жастар жанашыры да бола білді.
…Ол тез жазумен қатар кез келген мәселеде тез шешім қабылдауға тырысатын жігіт еді. Бұл жұмыста да, өмірде де қалыптасқан бітім-болмысы, мінезі болса керек. Ал өзі елмен тез тіл табысатын, сенгіштігі, адалдығы айрықша болатын, біреуге қамқор, біреуге бауыр болып жүруге ынтық еді. Талай рет сол мінезін бас пайдасына жаратуға тырысып, оны сазға отырғызып кеткендер де кездесті. Сонда да өз қалпынан аумайтын, адалдығынан айнымайтын. Онымен үзік-создық араласқандар неше түрлі пікір айтуға, оны терең білетін кейіп танытуға құмар. Ал онымен ұзақ жылдар құрдас-әріптес, дос-жаран ретінде барынша көп араласқан, мейлінше сырлас-сыйлас болғандар бар арамызда. Солардың ішінде ең жақын жүрген, отбасымызға дейін араласып кеткен Доқтырхан екеуміз едік. Әрине, адам кемшіліксіз болмайды. Біреу оны біліп, біреу білмей жіберіп жатады. Өткен шақпен олай етсе, былай етсе деуге болады. Егер Мұсаның кемшіліктері болса, сол өзі басқарған, өзі жекешелендірген «Қазақтелефильмді» ол салаға қатысы жоқ біреулерге тапсырып, ондағы тарихи да, рухани да бағалы дүниелерден айырылып қалуы шығар. Алматы қаламгерлері соны көбірек айтады. Оған да саналы түрде барды дей алмаймыз, бұған сол кездегі күнде өзгерген уақыт ахуалы, жаппай жекешелендіру деген пәленің түсініксіз жолдары апарған шығар.
…Оның жанын сала жұмыс істеген жері өзіміздің облыстық телерадио компаниясы болатын. Сол тұстағы ұжымдағы шығармашылық, моральдық ахуал, жұмсартып айтқанда, мақтарлық емес еді. Бұл бұрынғы өзіміздің қолда өскен Мұса ғой, өз қазанында қайнап жатқан үлкен ұжымның жұмысын жолға қойып, шығармашылық жаңа деңгейге шығара ала ма деген күмән-күдік басым еді.
Жоқ, ол зиялылар шоғырланған астанамыз Алматыда, әдеби-мәдени ортада әбден ысылған, шығармашылық та, басшылық та тәжірибесі толысқан азамат болыпты. Республикалық корпорациядан қолдау, облыс әкімінен демеу, ұжымнан пікірлестер тапқан ол шығармашылық жұмысқа құлшына кірісіп, істі дөңгелетіп алып кетті. Ешкімге бетің бар, жүзің бар демей, жағдайды шұғыл түзетуге күш салды. Танысы бардың емес, таланты бардың бағын жандырам деп өршеленді. Мұны енді ағысқа қарсы жүзу десек те болатын шығар. Қоңырау құқына сенген талайдың сөзін елемей, іс біледі деген әлдекімдерді өзі іздеп тауып алатынды шығарды. Жұмысты жолға қоюдың жөні сол еді ғой… Мысалы, жан-жақтан аттай қалап шақырған журналист Жанна Сабирова, музыкант Виталий Бұтабаев, режиссер Данияр Сайлаубеков, оператор Мұстапа Өсеров, (есіме түскені осы) тағы басқалар оның ешкімі де емес еді. Сөйте жүре кейбір көкелерінің өкпе-назына ұшырады. Дегенмен бөгелген, қарайлаған кезі жоқ. Нағыз шығармашылық жұмыс дегеннің не екенін енді түсінгендер болды. Ақпараттық бағдарламадан бастап, сол уақыттағы басты-басты саяси-экономикалық тақырыптар, қоғамда болып жатқан күрделі құбылыстар кең қамтылды. Телеойындар, сайыстар, ток-шоулар, өткір хабарлар, деректі телефильмдер бірінен кейін бірі эфирге шығып жатты. Көрермен мен тыңдаушы соны қапысыз аңғарды, бағалады. Бұл кезді компанияның шығармашылық жағынан өрлеу жылдары деп нық сеніммен айтуға болар еді.
…Өтпелі кезең деп аталатын, дүние аласапыран болып жатқан сол тұстағы берекесіздіктер, жетімсіздіктер ес жиып, етек жапқан соң ұмытыла бастады-ау. Ал сол жылдары жоғалтқандарымызды қалпына келтіре алдық па? Бұл енді өз алдына әңгіме. Десек те сол кезге тән екі қиындықты айта кетелік… Бірі – жаппай қысқарту болса, екіншісі – ақшаны өздерің табыңдар деген «жаңалық». Енді журналист сұраншаққа, одан да жаманы ұрыншаққа айналды, қалтасында қалатын пайыз үшін байыз таппай барын да, арын да салатындар шықты. Жүйрік журналистер бұл іске шабан болды да, шабандар «маман» болып шықты. Бұл шығармашылық ұжымға тән ахуал емес еді. Мұндайда ойы ұшқыр, ары тазалар көбірек зардап шегеді екен. Осындай ахуал Мұсаның қайтадан «Алматыға кетем» деуіне себеп болды ма деп ойлаймын.
Бұл соңғы кетуі еді…
Рас, Мұсаның шығармашылығы туралы талдап жазылмады, бағасын алған жоқ. Өзі де өндіртіп көп жаза алмай кетті. Үнемі баспалар мен редакцияларда тынбай еңбек еткен кісінің жеке шығармашылығын өрістетуге уақыты жетпей жатады. Журналистика мен әдебиетті қатар алып жүру оңай емес. Көп қаламгерлердің жүрер жолы сол. Жалпы арасында Қытай қорғаны жоқ болғанымен, екеуі – екі сала. Соның бірінен екіншісіне ауысып жатқан жазушы екеуіне де тән ерекшеліктерді игеруге, ескеруге ұмтылады. Кейінгі кезде бір роман бастадым деп еді…
Жалпы, жазушы шығармалары сол кездегі дәуір тынысынан, кісілік, моральдық-саяси ахуалдан хабар береді. Алғашқы дүниелерінде ауыл ақсақалдарының, жастардың жарқын образдары бар. Әсіресе жастардың жасандылықтан аулақ табиғи мінезі, тазалыққа ұмтылысы, шындық үшін күресі көбірек көрінеді. Мұсаның кейіпкерлері қателеспейтін, сәл қателессе, коллективтің күшімен тез түзеліп сала беретін жағымды адам емес. «Ақиқат» әңгімесінің кейіпкері Қанатты алайық. Ол басқа тұрмақ, өз әкесінің де екі сөйлейтінін, екі түрлі стандартпен тірлік кешетінін кешіре алмайды. Сондықтан әкесіне де батыра-батыра айта алады. Бұл, түптеп келгенде, әкеге қарсы шығу да, әке мен баланы бір-біріне қарсы қою да емес, туғанына жақпаса да, турасын айту. Мұнда әлі ештеңеден беті қайтпаған бозбала өзіндік пікірі, ұстанымы болмаса, өз бетінше өмір сүруге қабілеті жете ме, бойында намыс оты тұтана ма деген ойлар ұшқындап тұр.
«Мұратжан» әңгімесінде бас кейіпкер үлкендер қамқорлығына зәру, жалғыз шешенің ұлы. Ойы сан-саққа, арманы әр жаққа ала қашып тұрған шақ. Қамқор кісі Сүкең, үлкендер сөзіне жығылып, оқуға бармай қалды. Бау-баққа жұмысқа кірді. Байқағаны, үлкендер ойы мен ойыны үнемі үйлесе бермейді екен. Алғаш қитұрқылық құрбаны болды. Бір трактор қарбызды Қоразбаевтың үйіне түсіріп қайтуы, босқа кінәлі аталуы, әділетсіздікке тұңғыш рет қарсылық білдіруі, жалғандыққа, көлгірсуге шыдамауы, өзінше шешім қабылдауы, өзіне қамқор қолын созып жүрген Сүкеңнің айтқанына да көнбеуі – өмір деп аталатын теңізге өзінше құлаш сермеуі. Жас жігітті алда не күтіп тұр, белгісіз. Әйтеуір мінез танытты, өз жолымен кетті, ешкімнің де жетегінде жүре алмайтынын көрсетті. Әрине, үлкенді тыңдау бар, оны Мұратжандар жақсы біледі. Тек сол үлкендер екіжүзділікке ұрынғанда, бақайесеп байқатқанда үнсіз, тілсіз көне беруі керек пе, әлде мінез танытып қарсылық білдіруі тиіс пе? Мұратжан соңғы жолды таңдады.
Осы бағыт «Тоқымқағарда» да байқалады. Мұндағы 7-сынып оқушысы Едіге әке-шешесіне білдіртпей апасын іздейді. Апасы сырқат, ата-анасы селт етпеген соң өзі іздеп шығады. Едігенің әрекетіне әркім-ақ іш тартады. Бойында туыстық сезім, қайсар мінез бар. Шағын әңгімеде толыққанды бала образы жасалған. «Тоқымқағар» аталуы тегін емес, ертең-ақ адал азамат, арлы адам боларына сенесің. Алғашқы әңгімелеріне тән осындай бейнелер, мінездер ойландырады. Олар намысшыл, қайсар, бірбеткей, адасса да алған бетінен қайтпайды, арбасса да адалдықтың ала жібін аттамайды, мақсатына жету жолында табандылық танытады. Мінезсізден мықты азамат шықпайды. Айтары – сол. Бәлкім, жазушының өзінің де ұстанымы осындай болар.
«Балконда» бір шымырлық, жұп-жұмыр тұтастық сезіледі. Өмірді қаз- қалпында суреттей алу шеберлігін көреміз. Адамның ішкі дүниесінде не болып жатқанын, сыртқы көріністер, сыртқы бақылау арқылы ашуға болатынын дәлелдейтін тәрізді. Қарсы үйдің балконындағы тағдырларды ашық терезеден бақылап ой түйеді, өмірдің қаз-қалпындағы суреттерін айнытпай береді. Арғы беттегі кейіпкер – сәулетші бейнесін, бітім-болмысын солай тануға, жасауға болатынын сезіп тұрасыз.
…Бірыңғай әңгіме-очерктермен басталған прозалық қадамы повестерге ұласыпты. «Жылы жел» жинағына енген екі повесі прозаның күрделілеу жанрына бет бұра бастағанының көрінісі болар. «Жылы жел» повесі соны дәлелдейді. Шығарманың тілі ширақ. Ойы жүрдек. Тез оқылады. Ауыл проблемасын көтереді. Бұл – кешегі кеңестік кезең ауылы. Бірақ сол қазақ ауылы, қазақ малшысы. Соның психологиясы. Ол бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Кешегі қайта құру деген үлкен бір кезеңнің шындығы алдыңнан шығады. Қатып-семіп қалған бюрократияны, менмендік пен жағымпаздықты жазушы аямай тілмен түйрепті. Қоғамның сылып тастайтын мерездері еді ғой ол. Сол мерездер қазір тіпті де бізді басынып алған жоқ па?..
Рас, кертартпа бастық, ілгерішіл партком бар. Алғашында қасаң қалып, стереотип емес пе деп қаласың. Ал көңіл көзімен зерделей қарасақ, олай емес, кемшілікке төзбейтін көпшіл адамның бейнесін көреміз. Шындық екеніне сенесің. Жоғарының өктемдігі, төменнің төзімділігі тығырыққа елді тіреген жоқ па? Енді оны өзгерту керек-ақ. Ол қиын, қиын да болса қасаң қарды жібітетін жылы жел соғары анық. Соны жазушы көре білген, сенген, бәлкім, аңсаған. Ол күрес, ол өмір. Қай кезде де осындай өзгерістер керек. Қазіргі қоғамға да сірескен сүрі қарды ерітетін, қасаң қағидаларды өзгертетін сондай жылы жел ауадай қажет болып тұрған жоқ па?.. Яғни жазушының ойы, идеясы өміршең.
«Той» повесінде өзі жақсы білетін, өзі куә болған оқиғаларды мейлінше қарапайым, жеңіл өрбітеді. Мұнда өмірдің күрмеуі көп түйіндерін тарқатуға, күрделі ойлар тоғытуға, байыпты байламдар жасауға ұмтылуы алғаш байқалады. Әу баста иттің беймезгіл шақта ұлуы, соны адамдардың жамандыққа жоруы шығарманың соңы немен бітер екен деген күмән-күдікті туғызады. Бірақ оқырман той қызығына түсіп, халықтың салт-дәстүрін қызықтап, ауыл адамдарының ашық, жарқын мінезіне мәз боп, жасырып-жабар сыры жоқ тірлігін көріп, ештеңе де ойламағанын сезесің. Тұтас қазақ мінезі байқалады. Бір қарағанда өмір деген де той тәріздес көрініп кететіні бар. Бірақ олай емес. Әрине, бас кейіпкерінің өз тойында о дүниеге аттанып кетуі ауыр. Оқырман жүрегіне салмақ салады. Той арқылы автор біз өмір сүрген кезеңнің картинасын жасайды, ойлануға, салыстыруға жетелейді. Қазақ тойға барын да, нарын да, жанын да салады. Таным-түсінік, салт-сана, ұғым-түсінік, бәрі осында көрінеді. Кейіпкер тұлғасын сомдауға мүмкіндік мол. Оқиға да өрбіп жатыр. Бүгінгі тірлік көз алдымызға келе қалады. Сол суреттер, сол бейнелер. Біз қазір тойдан тойып біткен тәрізді едік. Мұса оны сол кезде аңғарған екен. Қаламы да, қиялы да жүйрік екенін көрсеткен дүниелерінің бірі осы. Ал барлық туындылары жан-жақты зерттеп, зерделеуге лайық.
Кезінде өзі бас редактордың орынбасары болып істеген «Қазақстан» баспасынан «Мезгіл әуендері» атты очерктер мен публицистика жинағын шығарған еді. Сонда көтерген мәселесі, қамтыған тақырыптары барынша ауқымды – Қызылқұмның түйесі, Алматының апорты, Мойынқұмның сексеуілі, Луговойдың Абсенті, Қаратаудың қара тоны, Қамзақ Төлендиевтің қолөнері, Қазақ ауылының ахуалы… Осылай жалғаса береді. Сол өткен ғасырдың 80-90 жылдары «Мезгіл әуендерінде» Мұса көтерген мәселелер қазір де күн тәртібінен түскен жоқ, тағы да жаз, жарияла дегендей қол көтеріп тұр. Ендеше олар өшетін емес, ертеңге көшетін сөз болғаны да.
Қаламгерлік жолға түсетін адам құр кеудемен ентелеп, алысқа бара алмайды. Әу баста Құдай берген қабілеті, жазу-сызуға бейімі болуға тиіс. Екінің біріне ол бұйыра бермейді. Ал бойында табиғи таланттың ұшқыны бар Мұса сөз өнерінің қыр-сырын игеріп, қалам қайратымен халқына қызмет етті. Ол уақыт тынысын дөп басып, өлмейтін тақырыптарды қозғаған екен. Сондықтан қолынан шыққан дүниелерін уақыттың желі жарамсыз ете алған жоқ. Теледидар таспаларындағы бейнесі, радио ленталарындағы даусы, газет-журналдарда шашырап жатқан жазбалары, кітаптарындағы көркемдік әлемі, тұтас алғанда, бойындағы қабілет-қарымы арқылы туындатқан еңбегі – еліне қалдырған ескерткіші, сыйлығы. Зауыттан өмірді, журналистикадан жеделдікті, халықтан тіл байлығын үйренуге ден қойды. Сол үйренгендері ақ қағаз бетінде көркем және деректі дүние болып елдің рухани қазынасына құйылды.
…Қаламдас дос, абзал азамат Мұса Рахманбердиевтің кітаптары кітапхана сөрелерінен, кейіпкерлері бүгінгі замандастары арасынан орнын тауып жатса, өмірін артында қалған ұлы Наурыз, қызы Несібелі жалғастырып жатыр.

Болат МӘУЛЕНОВ,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support