Сексен бір шақырымдық су жүйесі жөнделеді

39

«Сулы жер – нулы». Ол рас. Жан-жануарлардың да, аң мен құстың да, тал-дарақ, өсімдіктің де сусыз өмір кешуі мүмкін емес. Жасырары жоқ, ауданымызда ағын су тапшылығы бар. Соның салдарынан егістік алқаптарының көлемі де қысқаруда. Бір жағынан арық-атыздар мен каналдар табанына өскен қамыс-құрақ, шөп-шалам да судың еркін ағуына кедергі келтіріп отыр. Не істемек керек? Мүмкін, судың егістіктерге еркін жайылып, ысырапсыз жетуі үшін бетон науалар керек шығар. Диқандар осылай ойлайды. Бірақ оған қыруар қаржы керек. Ендеше, тығырықтан шығар жол қайсы?

Ондай жол бар екен. Үкіметтің «Ирригациялық дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы-2» (ИДЖЖ-2) бағдарламасы негізінде шаруашылықтар теңгеріміндегі суармалы жерлерге судың кедергісіз әрі ысырапсыз жетуі үшін каналдарға бетон науа, темір-бетон және жер каналдарына пленка төсеу арқылы түйінді мәселені шешуге болады екен. Өңіріміздегі екі ауданда «ИДЖЖ-2» жобасы аясындағы тиісті жұмыстар басталып та кетіпті. Айта кету керек, аталмыш жобаның екінші кезеңі біздің ауданымызда да қолға алына бастады.
Өткен сенбіде «Қапал» су жүйесі бойынша басталған тірлікті пысықтау үшін «Кейкі» каналының бойында далалық семинар өтіп, оған Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қатысып, алматылық мердігер компания «ТАМАС» ЖШС құрылысшыларының қолға алған істерімен, ондағы алдын ала жасалған схемалық жоспармен жақын танысты. Комитет төрағасы жоспарды әлі де жетілдіріп, керекті құрылғылар мен қажетті топырақты алуды жергілікті орындардың басшыларымен бірлесе атқару керектігін де ескертті. Бұл іс сәтімен жүзеге асырылар болса, егіншілердің суға қарық болатыны анық.
– Жалпы, құрылыс жұмыстары екі жыл мерзімге белгіленген. Біз 81 шақырымдық каналдар арнасын тазалаймыз. Техникамыз сақадай сай, – дейді «ТАМАС» ЖШС-ның директоры Асқар Пусурманов.
«Аса-Талас» су жүйесі басқармасының басшысы Есенбек Қалдыбеков:
– Диқандар үшін бұл үлкен қуаныш. Талай жылдан бері тусырап жатқан 5000 гектар суармалы алқапқа су барғалы тұр. Бұл жоба ауданымыздағы үш ауылдық округте (Жамбыл, Көлқайнар, Қарасу) жүзеге аспақ. Мысалы, Жамбыл ауылдық округіне тиесілі 2187 гектар жерге 31,087 шақырымдық бұрынғы ішкі шаруашылық каналдары арқылы су жеткізіледі. Оның 23,53 шақырымына бетон науа, 2,14 шақырымына темір-бетон, 5,42 шақырымына пленка төселетін болады.
Көлқайнарда да көп тірлік атқарылмақ. Осындағы Тасарық, Дүйсебай, Дүзей және 1-К каналдары табанына тиісінше науа қойылып, пленкалар төселінбек. Қарасу ауылдық округінде 740 гектар жер суармалы жер есебінде. Су мұнда 13,9 шақырымды құрайтын каналдармен (Аманалы-1, Аманалы-2 және Айкүміс) келеді. Құрылысшылар осы каналдың 4,78 шақырымына бетон науа қойып, 9,17 шақырымына жер каналы негізінде пленка төсеуді жүзеге асыратын болады.
Сондай-ақ 6,5 шақырымдық «Қапал» каналының 0,765 шақырымы бетондалса, «Кейкі» каналының 7,14 шақырымына да осы тәсіл қолданылады. «Тілеуберді» каналы да (4,97 шақырым) бетондалмақшы. Сонымен бірге әр канал бойындағы тиесілі жерлерге гидроқұрылғылар орнатылып қойылады. Осылайша болашақта 5000 гектар жер толықтай суарылуына қол жеткізілмек, – деді.
Дала семинарына қатысып, өз ойын ортаға салған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, «Қызылдиқан» ӨК-нің төрағасы Нуритдин Бегманов, «Пионер» ӨК-нің бас агрономы Әлиомар Есенаманов жоба аясында қолға алынған тірліктің баянды болуына, құрылысшылардың жұмысты сапалы жүргізуіне тілектестіктерін жеткізді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту