Мейірімді жандардың ортасында жүрген қандай бақыт

22

Мен қызмет ететін Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – еліміздегі ең үздік он колледждің бірі. Мұнда бүгінде Мәңгілік Еліміздің патриот перзенттері, болашақ кәсіп иелері тәрбиеленуде. Олардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Оқу кабинеттері мен шеберханалар заманауи құрылғылармен жарақтандырылып, компьютерлік кабинеттер ғаламтор желісіне қосылған. Білімгерлер мен оқытушылар колледж кітапханасындағы 100 мың данаға жуық ғылыми-танымдық, көркем әдебиеттер мен қазақ және орыс тілдеріндегі газет-журналдарды кеңінен пайдалана алады. Сабақ үдерісіндегі теориялық білімнен кейін шеберханаларда тәжірибелер мен зерттеулер ұдайы жүргізілуде. Студенттердің бос уақыттары да тиімді ұйымдастырылады. Түрлі пәндер мен спорт үйірмелері, караоке залы, шағын футбол алаңы және робототехника кабинеті оқу-тәрбие ісінде айрықша елеулі маңызға ие. Оқу үздіктерінің кәсіподақ ұйымы мен колледж басшылығының қолдауымен Астанаға экскурссияларға барып қайтуына мүмкіндіктері бар.
Облыстық және республикалық әртүрлі жарыстар мен конкурстарда да біздің оқытушылар мен студенттер алдыңғы орындардан көрінумен келеді. «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік байқауында студенттеріміз соңғы үш жыл бойы 1, 2-орындарды иеленуде. Шынымды айтсам, бұл колледжде жұмыс істеу өзім үшін де зор мәртебе әрі мақтаныш.
Мен бұл оқу орнына сонау 2006 жылдың қыркүйек айында жұмысқа орналасқанмын. 10 жылдан аса уақыт ішінде әріптестерімнің ауызбіршілігі молдығына сан мәрте көз жеткізумен келемін. Олар қуанышта да, қайғыда да – әркезде де бірге болудың жарқын үлгісін көрсетуде.
Тағдырдың сыйы мен сынағы бірдей келеді ғой. Менің де қызым Анара ЗПРР, І деңгейдегі тіл кемістігі, орталық жүйке жүйесінің резидуалды зақымдануы және сенсомоторлы алалия диагнозымен невропотолог дәрігердің «Д» есебінде тұратын еді. Тиісінше берілген дәрі-дәрмектерді қабылдап қана қоймай, білікті дәрігерлерге емделу үшін Алматы мен Бішкек қалаларына да барып келдік. Анара өз құрбыларымен емін-еркін сөйлесерлік деңгейге жетер деген үмітпен өмір сүріп келеміз.
Осы сырқат түрін емдеу бойынша мамандандырылған «Самара» оңалту орталығы барын естіп, оған биылғы жылдың мамыр айында емделуге бармақ болып ниеттенген едік. Алайда бұл үшін 100000 рубль, біздіңше 520000 теңге қажет екен. Отбасылық жағдайымыз мұндай қаражат табуымызға еш мүмкіндік бермеді.
Елдің елдігі, ұжымның ауызбіршілігі осындайда танылады екен. «Сабақты ине сәтімен» демекші, колледж директоры Жанар Рымбекқызының бастамасы мен әріптестерімнің ұйымшылдығының арқасында қажетті қаражат жиналып, қолымызға да тиді. Осы сәтте ұжымымның қолдауын шынайы сезініп, кеудемдегі үміт шырағы қайта тұтанғандай болды.
«Самара» оңалту орталығына 20 күнге қызымды емдетуге апарып та келдім. Аталған емдеу орнында мен микротоктық рефлексотерапия, логопедиялық массаж, логопед, дефектолог, логоритмика және нейропсихолог дәрістерін тыңдап, ал Анара мануальды терапевттің остеопаттық техникасының 4 сеансын қабылдады. Бұл емделуден кейін қызымда көп өзгерістер байқалды. Атап айтқанда, сөйлеу белсенділігі артып (бұрын сөз қоры 10-15 қана болса, ал қазір бұл мөлшер 20-30 сөз), қызымның жазуға және оқуға деген қызығушылығы жоғарылады. Көңіл-күйі мен мінез-құлқында да өзгерістер бар. Өзім үшін Анара бұрнағыдай емес, тез есейіп кеткен сияқты, көп сөздер айтуға талпынады.
Әріптестерімнің тілектері мен ниеттері қабыл болып, қызым дертінен айығып кетеді деп үміттенемін. Колледж ұжымына, міне, осындай қаржылық және моральдік зор қолдау көрсеткендері үшін отбасымның атынан үлкен алғысымды білдіремін.
Білікті де білімді әрі мейірімді әріптестерімнің дендеріне саулық, отбасыларына бірлік-береке, зор табыс, қызметте өрлеу және шығармашылық табыстар тілеймін. Әр күндеріңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын!

Рахила КӘРІМБАЕВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.

Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту