- Advertisement -

«Aq jol» – ана тіліміздің жанашыры

121

- Advertisement -

Баспасөздің міндеті – халықты жаңалықтармен дер кезінде ақпараттандырып және сананы сәулелендіріп, көкірек көзді ашу, жан дүниені рухани тұрғыдан байытып, тарих тағылымдарынан сабақ алдыру десек, облыстық «Aq jol» газеті бұл үдеден шығып жүрген басылым. Өңіріміздің бас газеті саналатын «Aq jol» қай кезеңде де өңір тұрғындарына қызмет етіп келеді. Мұның барлығы газет ұжымының қашан да оқырман ойынан шығуға деген талпынысынан болса керек.
Міне, сол себепті газет басшылары жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, ағымдағы жылы да өңіріміздегі бірқатар аудандарды аралап, ондағы оқырмандармен ой бөліскен еді. Осындай игі шара облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында жалғасын тапты. Облыстық «Aq jol» газетінің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен газеттің Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы меншікті тілшісі Ақылжан Мамыт ауданға арнайы атбасын бұрып, ондағы оқырмандармен кездесті. Аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары мен мекеме қызметкерлері және тұрғындар қатысқан жиынды аудан әкімі Мәден Мұсаев ашып, жүргізіп отырды.
Өз кезегінде аудан басшысы «Aq jol» газетінің өңіріміздегі ең беделді басылым екендігіне тоқталып, өзінің ой-пікірімен бөлісті. Бұдан кейін сөз алған газеттің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды.
– Құрметті оқырмандар, өздеріңізге белгілі, жүз жылға жуық тарихы бар «Aq jol» газеті Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатының жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосып жүрген басылымдардың бірі. Газетіміздің өңір ақпарат айдынындағы көшбасшылығынан бөлек, оның кескін-келбеті де уақыт талабына сай түрленіп келеді. Біз оқырманның сұранысын өтеу үшін және заманға сай болу үшін әрдайым барлық саланы қамтуға күш саламыз.
Бүгінде газетімізден тұрмыс-тіршілігіміздің сан саласын қамтыған көптеген дүниелерді оқуға болады. Мұнда күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, өндіріс пен экология, білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен өзге де тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланып тұрады. Бұдан өзге «Пырақ», «Маздақ», «Айша бибі», «Тылсым дүние» беттері мен «Шөкеңнің шошаласы», «Оқырман отауы» сынды бұрыштары да бар. Оған қоса, әр саланың қайраткер тұлғалары мен елімізге белгілі азаматтардың ашық әңгімесі сұхбат ретінде «Бүкпесіз әңгіме» айдарымен беріліп тұрады.
Біз жыл сайын оқырмандармен жүздесіп, ой бөлісіп, олардың ұсыныс-тілектері мен сын-ескертпелерін тыңдауды дағдыға айналдырдық. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпау үшін кезінде ата кәсіппен аты шыққан Мойынқұм ауданына да атбасын бұрып отырмыз, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын жеткізді. «Рас, бас басылымның түр-тұрпаты, бет-бейнесі күннен-күнге жақсара түсуде. «Aq jol» газетінің тұрақты оқырманы болғандықтан, оны көріп те, біліп те жүрміз. Бұл газеттің жастардан бастап, ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді әрі жаңашыл басылым екенін жұртшылық жақсы біледі. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде бірқатар басылымдар ықшамдалып, көлемі кішірейе бастады. «Aq jol»-дың негізгі оқырмандары – жоғары білімді азаматтар, жоғары оқу орындарының студенттері, әр деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым ауыл тұрғындары екенін, яғни оқырмандар ауқымының кең екенін ескере отырып, газеттің көлемін қазіргі қалпынан өзгертпесеңіздер екен. Елбасы саясатын қолдап, латын әліпбиіне бет бұруды да алғашқылардың бірі болып қолға алдыңыздар. Бұл – өте құптарлық дүние.
Тағы бір айта кетерлігі, мал шаруашылығымен аты шыққан Мойынқұм ауданында бүгінгі күні өнеркәсіп саласы да едәуір арта түсті. Сол себепті, ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды басылым бетіне көбірек жазсаңыздар деген тілегімді білдіргім келеді. Және газеттің бірінші бетіндегі «Ақпараттар ағыны» айдарына Мойынқұм ауданын да жиі-жиі шығарып тұрсаңыздар екен. «Шартарап» айдарымен берілетін шетелдік жаңалықтарды газеттің әр санынан көргіміз келеді. Ал 32 мыңнан аса тұрғыны бар Мойынқұм ауданының тұрғындары облысымыздың бас басылымына жазылуды еш бәсеңдетпей, керісінше, одан әрі үдете түсуге бар күшін салатын болады», – деді ақсақал.
Одан кейін мінберге шыққан зейнеткер-ұстаз Әуесбек Жүнісбаев аудандағы шалғай елді мекендерде облыстық «Aq jol» газетін оқу дағдыға айналғандығын айтады. Ал аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев «Aq jol»-ға жазылушылардың санын әлі де болса арттыру керектігін сөз етті. Оның айтуынша, облыстың бас басылымына жазылған мойынқұмдықтардың саны тұрғындарының басым бөлігі қазақ ұлты болып келетін аудан үшін өте аз. Осыған байланысты, ақсақал газетке жазылушылардың санын арттыру үшін бірлесе жұмыс атқару керектігін жеткізді.
– Ғасырға жуық тарихы бар басылымның күннен-күнге түрлі жаңашылдықтарға бет бұруы бізді қуантады, әрине. Газеттің ғаламтордағы сайты да дербес басылым іспетті. Соның арқасында хабарды тез таратып, ақпараттарды дер кезінде оқу үшін оқырмандарға қолайлы мүмкіндік жасап отырсыздар. Оған қоса, басылым бетінде жарық көрген салмақты мақалалар да сайтта үнемі жарияланып отырады. Сондықтан сіздерге алғыс айтамын.
Осы ретте, ауданымыздағы газға, отынға байланысты және тағы да басқа түйткілді мәселелерді тереңірек зерттеп, соны облыстық газет арқылы жауапты басшыларға жеткізсеңіздер деген тілегімді айта кеткім келеді. Бұдан бөлек, «100 жаңа есімге» ұсынылған азаматтардың қатарына қосу үшін Мойынқұм ауданындағы белгілі азаматтардың, елге етене жақын болып, үлгілі ісімен көзге түсіп жүрген тұрғындардың да елеулі еңбегін оқырман назарына тұрақты ұсынып отырсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Болат Сатыбалдиев.
Кездесу соңында «Aq jol» газетінің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың бәрі де ескерусіз қалмайтындығын жеткізіп, «Aq jol» газетіне көптеп жазылуды өтінді.
Шынында бұл үшін Мойынқұм ауданында мүмкіндік мол. Мысалы, «Жамбылцемент» кәсіпорнында – 600, «Ақбақайда» 800 адам еңбек етсе, аудандағы шаруа қожалықтарының саны – 614, кәсіпкерлер 415-ті құрайды. Ал зейнеткерлер саны 2299 болса, бюджеттік мекемелердегі қызметкерлер мен жұмысшылар 287 адамға жетеді.
Біз қазақ тілін – ана тіліміз десек, сол тіліміздің тұғыры берік, мерейі үстем болсын десек, ең алдымен «Aq jol» газетіне жазылуымыз керек, төл жазу өнерімізге сөйтіп қолұшын созуымыз керек.
Осындай ұлағатты әңгімені қолдаған мойынқұмдықтар өздерінің сүйікті газеті «Aq jol»-ға көптеп жазылуға сендірді.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support