Мәслихат сайлауы жоғары деңгейде өтті

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметқали Сарыбеков БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 101-бабының 4-тармағына сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына қазан айының соңғы жексенбісінде өткен сайлаудың қорытындылары туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау облыстық мәслихатқа сайлау жөніндегі №17, Қордай аудандық мәслихатқа сайлау жөніндегі №8 және №13, Мойынқұм аудандық мәслихатқа сайлау жөніндегі №11 сайлау округтері бойынша өткен. Сайлауды дайындау және өткізу шараларына республикалық бюджеттен 19283 мың теңге жұмсалған. Сайлау бойынша барлық округтерден 3 кандидаттан 12 үміткер тіркелген. Оның төртеуін «Нұр Отан» партиясы ұсынса, 8-і өзін-өзі ұсынған. Кандидаттар мен олардың жұбайлары тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі жөнінде декларация тапсырған. Декларацияда ешқандай заңсыздық анықталмаған.
№17 Жуалы сайлау округі бойынша тіркелген 17430 сайлаушының 14081-і сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған. Бұл – 80,8 пайыз. Сондай-ақ Қордайдағы №8 сайлау округі бойынша – 88,1 пайыз, №13 округ бойынша – 87,5 пайыз, Мойынқұм ауданының №11 сайлау округі бойынша 83,5 пайыз тұрғындар сайлауға қатысқан. Облыстық мәслихат депутаттығына №17 сайлау округінен 10554 дауыс жинаған (75 пайыз) «Алтайс Групп» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев депутат болып сайланған.
Қордайдағы №8 сайлау округі бойынша №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғалым Әлімжанов 80,2 пайыз дауыспен, №13 сайлау округі бойынша «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Ержан Сүлейменқұл 81,9 пайыз дауыспен, Мойынқұмдағы №11 сайлау округі бойынша В.Терешкова орта мектебінің директоры Абзал Сәлібеков 85,5 пайыз дауыспен депутат болып сайланыпты.
М.Сарыбеков брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

Есет Досалы

Comments are closed.

микро займ на карту