- Advertisement -

Талап – елдің әл-ауқатын жақсарту

199

- Advertisement -

енді оны орындау үшін әрбір басшы мен азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеледі

Елбасы жыл сайын халыққа Жолдауын жолдайды. Оны ел болып қабыл аламыз. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жолдау бір тармақтан, не бір бағыттан ғана тұрмайды. Бағыты мен бағдары көп. Онда халық арасында елдің сыртқы және ішкі саясаты туралы ақпарат беріледі.
Экономикалық-саяси көзқарастар негізінде халық жаппай ел билігі мен елдің бүгінгі жетістіктерімен танысады. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның мақсаты – елдің өткеніне сараптама жасап, бүгінгі жасалуы керек істердің басын ашып, ертеңгі болашаққа жол ашу. Бір ұлт, бір тағдыр, бір мемлекет болғаннан кейін, ел ішіндегі әрбір халықтың Жолдау негізінде жұмыс жасауы маңызды. Грамматикалық жағынан қарасақ, «Жолдау» сөзінің түбірі «жол». Яғни жол сілтеу, жол табу деген мағынадан келіп шығады. Халыққа түсінікті тілмен жеткізген кезде Жолдау – бұл халықпен сырласу, ақылдасу, халыққа жоспарды жеткізу деген сөз. Ең негізгі талабы – халықпен, еңбек адамымен байланыс орнату. Елбасымыз кезекті Жолдауын жылдағыдан ерте жолдап отыр. Оны орындауда тиісті органдар жақсылап іс-шаралар жасап, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиянақты жұмыстар жасауға мүмкіндік бергені шығар. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының барлығы да еліміз үшін тарихи маңызды құжат. Орындалуынан халқымыз, әсіресе еңбек адамы зор үміт күтіп отыр.
Алдағы жылға арналған кезекті Жолдау еліміздің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, оны шешуге бағытталған. Еліміз тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік мемлекеттің берік негізін қалады. Ал осыған қарамастан Елбасы қазақстандықтарды тиісті әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды әлі де жандандыру қажет деп есептейді. Жолдау қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасалып, оны түбегейлі жаңарту бағытында нақты-нақты міндеттер қойып отыр. Осы жолғы Жолдау қоғамда шешілмей жатқан біраз мәселенің шешімін табуына түрткі болады деп күтілуде.
Елбасы елімізде жаңа биіктерді бағындыруға жол бастады. Бұл биіктікті бағындыру әрбір қазақстандықтың атсалысатын азаматтық міндеті. Алдымызда осы биіктерді бағындыруда атқарылатын орасан зор жұмыстар тұр. Бұл қиын және күрделі міндеттер. Бірақ қазақ елі үшін алынбайтын қамал, орындалмайтын міндет жоқ. Өркениетті 30 елдің қатарына қосылуда осы Жолдау серпіліс болады деп отырмыз.
Мемлекет басшысы әлемдегі болып жатқан өзгерістерден қазақ елінің қалмауы керек екенін атап көрсетті. Елбасы өз сөзінде әлем орынсыз саясиланып бара жатқанын да тілге тиек етті. Саясаттың орынсыз экономикаға араласуын да көрсетті. Осының салдарынан экономикаға тікелей әсер ететін, ықпал ететін факторлар көбейетінін де жасырған жоқ. Осы көріністерге байланысты Елбасы қазақ елінің экономикасын және халықтың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеру үшін Жолдауда Үкіметке, барлық деңгейдегі әкімдерге, қоғамдық ұйымдарға, кәсіподақтарға, қазақ елінің барлық азаматтарына нақты тапсырмалар беріп, оны іске асыруды міндеттеп отыр. Осы міндеттерді іске асыру – ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын көтеру деген сөз. Жолдау кәсіподақтардың күнделікті жұмыстарында еңбек адамының тұрмыс жағдайын жақсартуға атқарып жатқан жұмыстарымен үндес.
Халықтың жанына оның ішінде еңбек адамының жанына батып жүрген мәселелердің көрініс тапқанына, облыс кәсіподақ ұйымдары, оның ішінде шағын және орта бизнес саласы зор ықыласпен қолдап отыр. Атап айтқанда, тұрмысы төмен адамдардың әл-ауқатын арттыру жөнінде ең төменгі жалақының 1,5 есеге өсуі, бюджет мекемелері қызметкерлерінің жалақысын 35 пайызға өсіру сияқты нақты қадамдар. Халықтың ойында жүрген айтып жүрген үлкен бір мәселесі шешімін табады деп күтеміз.
Мемлекет басшысының мұғалімнің беделі мен мәртебесі туралы айтқаны еліміздегі ұстаз қауымы мен қарапайым қазақстандықтардың көңілінен шықты. Ұлт болашағы мен ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің атқарар рөлі өте зор. Мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткені өкінішпен айтылды. Кез келген шаруаға алдымен мұғалімді жегетін жағдай қалыптасып кеткенін де жасырған жоқ. Біздің кәсіподақтардың пікірінше елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданса, мұғалімнің беделі көтерілетініне сенімдіміз.
Елбасы Үкімет пен Парламентке бірінші кезектегі міндеті қарапайым дүниелердің құрылысын кеңейтуді жүктеді. Дегенмен қарапайым дүниенің артында үлкен, күрделі шаруалар жатады. Бұл ретте кәсіпкерлік ортаға қамқорлық танытып, бизнеске әкімшілік ықпал етудің алдын алу бірінші кезекте қолға алынуы тиіс шара болмақ. Бизнестің жол картасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Шағын және орта бизнеске салық амнистиясы енгізіледі, тікелей инвестициялар қоры құрылмақ. Ендігі кезек кәсіпкерлерде.
Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері көңілге қуаныш ұялатты. Ел экономикасының өркендеуіне үлкен үлес қосушы локомотив ол шағын-орта бизнес саласы. Елбасы өзінің қай Жолдауында болсын шағын-орта бизнесті дамытуды алдыңғы қатардағы атқарылатын жұмыс екендігін назарынан тыс қалдырған емес. Президенттің осы Жолдауында айтылған бастамалардың қаржымен негізделуі шағын кәсіпорындарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен серпін береді деп отырмыз.
Тағы бір үлкен мәселе – ішкі туризмді дамыту. Елбасы елімізде туризмді дамытуда мүмкіндіктердің зор болғанымен, өкінішке орай, әлі толық пайдалана алмай отырғанымызды атап айтты. Біздің облыстың мүмкіндіктерінің көп екенін облыс әкімі Жолдауға байланысты өткен активте еске салды. Облыс аймағында сырт көзге көрсететін табиғаты тамаша жер аз емес.
Жолдауда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де қаралған. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, Астана қаласының тәжірибесі бойынша мүмкіндігі төмен адамдарға алғашқы үлестік ақшаны табуға кәсіпорынның, мекеменің тарапынан көмектесу сияқты ұсыныстар айтылды. Ең бастысы азаматтың үй алуға деген мүмкіндігі артатын болады.
Президенттің медицина, қоғамдық тамақтану мен көрсетілетін қызмет мәселелерін қамтитын Қызмет сапасын бақылау жөніндегі бірыңғай комитет құру жөніндегі бастамасы өте өзекті. Бұның артында тұрғындарға сапалы қызмет көрсету сияқты өзекті проблеманы шешуге деген ұмтылыс тұр.
Халыққа қажетті мәселелер де көтерілді. Олардың ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған мақсат-міндеттерді ерекше атап өтуге болады. Жалпы медициналық қызмет сапасының жоғары болуы халықтың көңіл-күйінің жақсы болуына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл арада біріншіден, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды. Сондықтан Елбасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлер үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға арттыруды тапсырды. Осы бағытқа алдағы жылы 5 миллиард теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарын цифрлы нұсқада жүргізуі тиіс екендігі айтылды. Бұл да өз кезегінде халыққа өзіндік тиімділігін көрсететін болады. Нақтылай айтқанда, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық төлқұжатын жасауға, түрлі келеңсіздіктерді, кедергілерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға жол ашады. Тағы бір айта кетер жайт, елімізде кардиохирургия саласының жетістіктері өте көп. Сондықтан Елбасы еліміздегі кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесі негізінде келер жылы елордада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатынын айтты. Бұл өз кезегінде онкология саласын көтеруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Қазақстанда жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі сатыда онкологиялық аурулар тұр. Сол үшін де бұл орталық өте маңызды. Алдағы уақытта заманауи онкологиялық орталық салынып жатса, оның халыққа тигізер пайдасы зор болмақ.
Мемлекет басшысы тұрғындарды баспанамен қамту ісіндегі жайбасарлыққа да тоқталды. Әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдікпен берілетін ипотеканың бастапқы жарнасын субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды және ірі қалаларда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға арналған жалдамалы үйлердің құрылысын кеңейте түсуді міндеттеді. Бүгінгі таңда мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен жас мамандар осы қадамды бірауыздан қолдап отыр.
Елбасының құқықтық реформаларды қарқынды жүзеге асыра отырып, заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері халықтың көңіліне қонымды болып отыр. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасау қажеттігін айқындап, нақты міндеттер қойды.
Мемлекет басшысы сыртқы сауда саясатына да көңілі толмайтындығын білдірді. Расында да халықаралық сауда және қаржы нарықтарында қызу қарбалас болып, санкциялар мен ықпалдастықпен байланысты мәселелердің ушығып тұрған кезінде Үкіметке отандық тауар өндірушілерді тиімді қорғай білу маңызды екендігін атап айтты. Ел нарығын тауар импортынан қорғау қажеттілігі міндеттелді.
Облыстың кәсіподақ ұйымдары, өңірдегі мемлекеттік мекемелерде, ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес ұйымдарында кәсіподақ жетекшілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдай отырып оны насихаттауды басты мақсаты деп біледі.
Бұл Жолдаудың іске асырылуы Қазақстан Республикасын әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына шығаратыны сөзсіз.

Асанбек НАУРЫЗБАЕВ,
облыстық кәсіпкерлер қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support