Қаратаудың қазба байлығы – халықтың қазынасы

50

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс» деп ерекше атап көрсетті. Бұл бағытта аймақта елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мысалы, бизнестің түрлі салаларын дамытумен айналысатын көп салалы холдинг – қазақстандық «Alina» компаниялар тобы туралы өндірісшілер мен құрылысшылар болмаса, екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Оның негізі 1989 жылы қаланған.

Компанияның өнеркәсіптік тобы өндірістің шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап ақырғы тұтынушыға дайын өнімді өткеруге дейінгі толық циклін жүзеге асыруының арқасында Орталық Азия мен Ресейде құрылыс материалдарының өндірісі бойынша көшбасшы болып табылады. «Alina» компаниялар тобының филиалдары бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, сондай-ақ Қырғыз қалаларында да жұмыс істейді. Кең дилерлік желі (100-ден астам дилер) Орталық Азия мен Ресей қалаларын да қамтиды.
Кең-байтақ еліміздің әрбір тасы тұнған тарих, кен, қазына деп жүрміз ғой. Қаратау алабында да алуан түрлі асыл тастардың кем дегенде жарты ғасырға жететін мол қоры бар деп келдік. Тәуелсіздік жылдарында талайдан бері ешкім түртпей тың жатқан кеніш орындарын игеруге талпыныстар жасалған-ды. Өңіріміздің осынау иен байлығын ұқсатып, өңдеп, ел кәдесіне жарату ісінде «Alina» компаниясы өндірістік тобының құрамына кіретін «Қаратау ПРО» ЖШС да ерен еңбектің үлгісін таныту үстінде. Серіктестіктің 2015 жылы іргетасы қаланып, 2017 жылы наурыз айында пайдалануға берілген екен.

Кәсіпорын Қаратау қаласының күншығыс бөлігіндегі үш гектар аумақтан бой көтерген. Құрамында екі мың екі жүз шаршы метрлік өндірістік ғимарат, төрт мың шаршы метрлік дайын өнімдерді сақтау қоймасы, орталық магистральға барып қосылатын темір жол тұйығы, салмақ өлшеу алаңы, қосалқы станса, насостық, компрессорлық пункттер, газбен жылытатын автономды қазандық бар. Осында сервистік қызмет орталығы жұмыс істейді. Су мен электр қуаты ғана қаладан жеткізіледі. Қалған өндірістік қызметтің бәрі де мекеменің өз тарапынан үйлестіріліп отыр.
Біз мұндағы жалпы жұмыс барысымен де жете таныстық. Ең алдымен Ақсай руднигінің бергі жағындағы Үшбұлақ аталатын кеніштен қазылып алынған басты шикізат мәрмәр кальцетоны осында әкелініп, ұнтақтау мен өңдеуден өткізіледі екен. Бүгінде мұнда ауызекі тілде «аленикс», «крошка» аталатын құрылыс жұмыстарында айрықша сұраныспен қолданылатын құрғақ және түйіршікті қоспалардың жеті түрі өндірілуде. Мәрмәр ұны өнімдерінің ең төменгі ұнтағы 50-ліктен басталады да, одан әрі 80-дік, 160-тық болып 120-лық өлшемге дейін ірілене береді. Олардың қатарында «дождик» сылағы түрін жүргізуге арналып шығарылатын екі, үш миллиметрлік құрғақ қоспа да (крошка) бар. Болашақта мұнда аталған құрылыс материалдарын түрлі түске бояп шығару да ойластырылуда.
«Қаратау ПРО» ЖШС өндірістік базасының басқарушысы Темешбай Алтаев:
– Мұнайшылар үшін бұрғылау кезінде қолданылатын сұйықтық құрамына енгізілетін кальций карбонатын да шығарамыз. Мұндай өнім түрлеріне Батыс Қазақстан облысындағы мұнай зауыттары тарапынан сұраныс мол. Шымкент, Тараз қалаларындағы құс фабрикалары да жемге қосуға алады. Құрғақ өнімдер дайындайтын шағын цехтар тарапынан да тапсырыс көптеп түсіп тұрады. Олар өздері келіп арнайы жабдықталған автокөліктерімен алып та кетеді, ал ірі тұтынушыларымызға вагондармен жөнелтеміз, – деп өздерінде өндірілетін өнім түрлерін санамалап та берді.
Оның айтуынша, бұл құрылыс жұмыстарына тікелей араласып, өз қолымен тұрғызған үшінші зауыты екен. 1988 жылы Сарытас зауытын салудан бастап, «Игілік» ЖШС-ында, «Газтрейд» мұнай компаниясында басшылық қызметтер атқарып, өндірістік салада жинақтаған тәжірибесі текке кетпепті. Өндірістік саланың қыр-сырына жетік, кәсіби біліктілігі жоғары осындай азаматтардың өз арамыздан шығуы көңілге қуаныш та ұялатады.
Зауыттың жүрегі саналатын өңдеу цехында болғанымызда, ондағы бірегей құрылғы назарымызды аудара берді. Италиялық қондырғының қуаттылығы ересен. Жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Оны құрастырып,

«Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек».

(Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан).

іске қосқан да, бүгінде басқару тетігі арқылы ұршықша үйіріп отырған да жергілікті азаматтар екен. Соның арқасында зауыттықтар шетел технологиясының игілігін көруде. Алып құрылғыны басқару пульті арқылы бірер жігіт қана шыр айналдырып отыр.
– Цехтың бір ауысымының өзінде құрамында 9 жұмысшысы бар арнайы бригада жұмыс жасайды. Мұндағы тиеу, түсіру жұмыстары да толықтай механикаландырылған, – деді бізге алғашқы кездескен ұнтақтау қондырғысының операторы Марат Жәкежанов деген жас жігіт.
Дайын өнімдердің 80 пайызы Ресейге, Өзбекстанға және Қырғызға, ал құрғақ қоспа, жартылай өңделген фабрикат түріндегілері өндірістік топтың Семей, Алматы және Ақтөбе қалаларындағы зауыттарына жөнелтіледі екен. Компанияның Қазақстан қалаларында сауда базалары, ал бірқатар таяу шетелдерде сату өкілдіктері бар. Мұндай құрылымдарды Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан да ашу ойластырылуда.
Зауыттың жобалық қуаттылығы әзірге 110 мың тонна өнім шығаруға есептелініп отыр. Бұл жылдық жоспармен де сәйкес келеді. Ағымдағы жылдың мамыр, маусым, шілде айлары аралығында аталған жылдық межеге қол жеткізіліп те үлгерілген. Енді серіктестік ұжымы қоймаға қат-қат болып жинақталып қалған дайын өнімдерді тиеу, жөнелту жұмыстарымен айналысуда. Қысқа дайындық, жөндеу жұмыстары тағы бар. Мұнда өнім өндіру кезеңі негізінен наурыздан қыркүйекке дейінгі аралықты қамтиды. Түрлі құрылыс материалдарын тұтыну көлемі де сол тұста артатыны белгілі. Содан да мұнда өнімдерді көктемде бір, күзде бір дайындап, жинақтап алу бұлжымас заңдылыққа да айналған.
Бір айта кетерлігі, компанияның өндірістік тобының басты шикізатты өндіріп, тасымалдап жеткізіп те беретін құрылымдық бөлімшелері де бар. Содан да «Қаратау ПРО» жұмысшыларының бұл мәселеге бас та ауыртпай, өздеріне жүктелген міндеттерін алаңсыз атқаруына мүмкіндіктері бар.
Бүгінде зауыт еңбеккерлерінің 65-і өндірістік цехтарда, отыз шақтысы карьер басында жұмыс жасайды. Айлық жалақыларын уақтылы алады. Жұмысшылардың ең төменгі еңбекақысы 80-90 мың теңге көлемінде. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Сырттан келіп жұмыс істеушілер жоқтың қасында. Олар үшін жуыну, киіну, тамақтану орындары дайындалып, басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Жұмысшылардың басқосулар, көңілді кештер өткізетін акт залы да дайын тұр.
Бір айта кетерлігі, зауыт күндіз де, түнде де, тіпті тәулік бойына тоқтамайды. Жұмысшылар өндірісте үш ауысыммен жұмыс істейді. Кешке қарай күндіз жұмыс істейтіндер үйлеріне қайтып, олардың орнын түнгі ауысым жұмысшылары алмастырады. Бәрі де арнайы автобуспен тасымалданады.
Мұнда зауыттың іргетасын көтеруден бастап жұмыс жасап келе жатқандардың да қарасы едәуір. Олардың еңбегі жастарға да үлгі. Кәсіпорындағы жүк тиеуші Сағындық Мырзақұлов, электрмен және газбен дәнекерлеуші Шадияр Құшыманов, краншы Виктор Журавлев, алғашқыда жұмысшы болған, қазір цех басқаратын Алексей Пономарев, қамтамасыз ету цехының басшысы Жансейіт Әбдірахманов, электрші Сергей Голышев, сантехник Сапар Анарбаев, Нұрлан Бегозов секілді азаматтар өз міндеттерін адал да мінсіз атқаруымен ұжым мақтаныштарына айналып отыр. Қаратау қашаннан бері шахтерлер мен өндірісшілер қаласы болумен келе жатқанын ескерсек, ағалар даңқы жолын жалғастырушы бүгінгі буын өкілдері де дәстүрге адалдық танытып, кәсіби біліктіліктерін одан әрі жетілдіріп, ұштай түскені қуантады. Бұл қазыналы Қаратаудағы өндіріс ісі қанатын кеңге жая беретінінің де нақты айғағындай.

Баймаханбет Ахмет

Қаратау қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту