Жүгірген аң, ұшқан құс – бәрі байлық

40

Мемлекет басшысының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауы біздің басқармамыздың қызметкерлері мен жұмысшыларын да тың серпіліске бастап отыр. Әсіресе Жолдаудың «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» атты тарауында «Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет» деп атап көрсетілуі, облыс орманшылары қауымына зор міндеттер жүктеп отыр.
Өңіріміздегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың 034 гектарды құрайды. Оның орман ағаштары көмкерген аумағы – 2 миллион 357 мың 123 гектар. Орман қоры облыс аумағының 30,8, ал орманды алқаптар 15,47 пайызын алып жатыр. Осынау байлығымызды қорғап, сақтау, жаңа екпелер есебінен көлемін одан әрі ұлғайту – мекеме қызметкерлерінің басты міндеттерінің де бірі.
Бұл тұрғыда әрбір ауданның мемлекеттік орман қоры аумағы мен оған шекаралас ауыл округтері жерлерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызмет және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлесе жүзеге асыратын іс-шаралардың жоспары жасалып, бекітілген. Барлық жұмыстар соған сәйкес жүзеге асырылу үстінде. Бүгінде басқармаға қарасты 14 орман шаруашылығы мекемесі жанынан өрт сөндіру стансалары, құрамы 9 адамнан тұратын, барлығы 126 жасақ құрылып, жұмыс істеуде. Олардың барлығы арнайы өрт сөндіру автокөліктерімен және құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Табиғат өртінің жылдам таралуына тосқауыл қою мақсатында орман қоры аумағында өртке қарсы жүргізілген 9000 шақырымдық минералды жолақтарды күтіп-баптау жұмыстары да дер мезгілінде аяқталды.
Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды толықтыру және орман өсіру бойынша нормалар мен нормативтерді бекіту туралы» № 18-02/664 бұйрығының талабына сай 41,6 пайызды құрап отыр. Биыл облыстық бюджеттен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту мақсатында 234,0 миллион теңге бөлініп, қажетті техникалар алынды. Соның нәтижесінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы біршама нығайтылып отыр.
Жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы салаларының да жағдайы – ұдайы бақылауымызда. Жергілікті бюджеттен жыл сайын жануарлар дүниесін қорғау іс-шаралары тиісінше қаржыландырылып отырады. Биыл бұл мақсатқа 7,4 миллион теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен мемлекеттік орман қоры аумағын мекендейтін аңдар мен құстардың есебі алынып, биотехникалық, басқа да іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, зиянкес жыртқыш аңдардың қасқыр, шиебөрі секілді кейбір түрлерінің санын реттеу үшін 2013 жылдан бастап жүйелі түрде қаржы бөлінумен келеді. Олардың саны биологиялық тепе-теңдік көлемінің сақталуы мен өсімінің молаюы да ескеріле отырып, реттелуде. Жануарларға қырылу қаупі төнген жағдайда көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы 14 тонна жем, 28 тонна шөп, 11 тонна тұз әзірленіп, аң мен құстың мол шоғырланған аумағына жеткізілді.
Сондай-ақ барлық орман шаруашылығы мекемелеріндегі рейдтік тексеру топтары дүрбі, бейнежазба, фотоаппарат секілді бақылау құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген.
Атқарылған жұмыстар өз жемісін беруде. Жүргізілген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, жабайы тұяқты аңдардың саны тұрақталып, тіпті кейбірулерінің өсімі байқалуда. Мысалы, соңғы он жыл ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқарының саны 11,6 пайызға, қарақұйрық пен үнді жайрасының саны 1,8 есеге молайып отыр.
Басқарма мен оның құрылымдық бөлімшелерінің нақты атқарған жұмыстарының нәтижесінде Т.Рысқұлов, Байзақ, Меркі аудандарында, 298400 гектар аумақта «Үмбет» және 68910 гектар аумақта «Меркі» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдары құрылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ Жуалы ауданында аумағы 148300, Қордай ауданында аумағы 369960 гектарды құрайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құруға байланысты жұмыстар жүргізілу үстінде.
Сонымен қатар 2019 жылы Меркі ауданындағы жергілікті маңызы бар Меркі мемлекеттік табиғи қаумалы аумағын кеңейту бойынша ғылыми жаратылыстану және техникакалық экономикалық негіздемесіне түзету енгізу көзделіп отыр.
Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тізбесі қайта қаралуда. Өйткені соңғы уақытта көлде тауарлы, тор қоршамада балық шаруашылығын дамыту мәселелері өте маңызды болып отыр. Қазіргі уақытта бекітілген балық шаруашылығы су айдындарын тауарлы және тор қоршамада балық өсіру шаруашылықтары ісін жүргізуге арналған су айдындарын айқындау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Конкурстық негізде аңшылық алқаптарды табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінде 48 аңшылық алқаптың 46-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.
«Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентінің талабы бойынша ағымдағы жылдың өткен уақытында 651 рет мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бюджетке 17,5 миллион теңге қаржы түсті.
Жалпы облыстағы мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік сектордағы лауазым иелері, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен белсенділер Жамбыл облысының жануарлар дүниесiн, табиғатын сақтау және көбейту декларациясын қабылдады. Елді мекендердегі аң, құс, балық аулаумен әуестенетін тұрғындар оны қолдауға және іске асыруға шақырылып отыр.
Су қорларын тиімді пайдалану да күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі күні облыс аумағында орналасқан 748 су шаруашылығы нысанын республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. 387 нысан республикалық бағыныстылыққа өткізіліп, қалған 361 (137-ұңғыма, 6- су қойма, 3- ГТС(ГТҚ)) нысанның құқықтық құжаттары әзірленуде.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жамбыл ауданындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны күшімен коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Соған байланысты аталған кәсіпорынның теңгеріміне арнайы техникалар алуға облыстық бюджеттен басқармамызға 693,6 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі күні арнайы техника алынып механикалық отряд өз жұмысына кірісті.
«Талас-Аса» механикалық отряды 2018-2019 жылдары аудандар мен жеке шаруа қожалықтары тарапынан түскен тапсырыстарға сәйкес механикалық тазалау жұмыстарын толықтай жүзеге асырған жағдайда облыс бойынша 36638 гектар алқапты толыққанды суарудан өткізуге мүмкіндік туатын болады.
Жалпы жүгірген аң, ұшқан құс бәрі байлық дейміз. Олардың аман-сау өсіп, жетілуі, басы көбейтілуі көбінесе, қоршаған ортаның таза болуына, жердің, судың ластанбауына да тікелей байланысты екені баршаға мәлім. Экологиялық тепе-теңдіктің сақталуы адамдар, өзіміз үшін де айрықша маңызды. Атмосфералық ауаның ластануына жол бермеу мәселесінде қалдықтарды басқарудағы сауаттылық пен атмосфералық ауаның ластануына жол бермеудің тиімді тетіктері қарастырылуы керек-ақ.
Облыста бүгінгі күні 2,8 миллион тонна (Тараз қаласында – 2,6 миллион тонна) қатты қалдықтар жинақталған. Оның биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында түзілген жалпы көлемі 31,8 мың тоннаны құрап отыр. Тараз қаласында тұрғын үйлер аулаларында тұрмыстық қалдықтарды – полиэтилен ыдыстарын, пластик, шыны бөтелкелерін іріктеп жинауға арналған 347 торлы контейнер орнатылған. Жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі.Облыс орталығында қалдықтарды, электрондық құралдарды, мотор майларын, шыныны, қағазды сұрыптап, кәдеге жаратумен айналысатын 15 мекеме бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мақсатында 2018-2022 жылдары Жамбыл облысында шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және өңдеу бойынша шаралар кешені бекітілді. Шаралар кешені жоспарында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды енгізу, қалдықтарды орналастыратын орындарын және полигондарды қалпына келтіру, жаңа полигондарды салу, қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысын салу шаралар көзделген.
Алдағы уақытта жоспарға сәйкес басқа да жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту