Жақсыны көрмек үшін

58

Қазақ даласындағы бай тарихы бар көне қалалардың бірі – Шымкент қаласы. Шежірелі өткенін шырайлы болашақпен байланыстырған Шымқала жыл өткен сайын өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып келеді. Жуырда ғана бұл шаһарға үшінші мегаполис мәртебесі берілгені баршаға аян. Бұл дәрежеге жетуге дейін осы өңірді басқарған азаматтар орталықта шағын бизнестің дамуына, өндіріс орындарының көптеп ашылуына, әрі-беріден соң тұрғындардың қалаға қарай шоғырлануы үшін қолайлы жағдай жасап, ықпал еткені анық. Қаланың қазіргі көркін осыдан 10-15 жыл бұрынғы кезімен салыстыруға да келмейді. Ең бір атап өтетіні, мұнда халыққа рухани серпіліс сыйлайтын, терең ойға жетелеп, өткеніне үңілуге итермелейтін, сол арқылы болашағын бағдарлауға серпін беретін тарихи-мәдени нысандар көптеп саналады. Шаһардың кіреберісінде менмұндалап тұратын Бәйдібек бабаның ескерткішінен бастап «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» орталығы, «Тарихи-өлкетану» мұражайы, «Этноауыл» – осының бәрі бір жерге шоғырланып, алыстан көз тартып тұр. Келушілерге де ерекше көңіл-күй сыйлап, рухани демалатын орынға айналған. Меніңше, шаһардағы осындай көрікті жерлердің көбеюі және жыл сайын жаңартылып отырғаны жастардың осы қалаға көптеп келуіне, осылайша қала тұрғындарының санының миллионнан асуына ықпал еткен.

Өңіраралық, қалааралық өзара байланысты арттырып, мәдени және іскерлік қарым-қатынасты нығайту мақсатында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бастаған ардагерлер мен қоғам дамуына үлес қосып жүрген азаматтардан құралған делегация Шымкент қаласына барып, осы өркенді істерді көріп, танысып қайтты. Қалаға кіреберіс қақпадан күтіп алған шымкенттіктер делегацияны Бәйдібек баба ескерткішіне бастап барып, баба рухына тағзым етті. Сол маңның көркею тарихымен танысқан ардагерлеріміз біткен іске өз бағаларын берді. Осы маңда орналасқан «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» орталығы, «Тарихи-өлкетану» мұражайы, Зоопаркті аралады.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, бұрын бұл маң қараусыз жатқан екен. Сол кездегі өңір басшысы осы жерлер жекеменшіктің иелігіне өтіп кетпесін деген ниетпен бұл жерді рухани демалатын ортаға айналдырыпты. Ең бір атап өтетіні – көздеген мақсаттың өз үдесінен шыққаны. Жамбылдық ардагерлер көрші қалаға келген кезде сағат тілі 10.00-ді енді көрсеткеніне қарамастан, күзгі демалысқа шыққан оқушылар музейге қарай ағылып келіп жатты. Олардың музейдегі тарихи жәдігерлерді көріп болған соң, осы маңды емін-еркін аралап, зәулім ескерткіш жанында суретке түсуге асығып тұрғаны айқын аңғарылды.
Осыдан кейін делегаттар дендросаябақты аралап көрді. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан саябақтың өзіндік тағылымдық мәні бар екенін аралап көргенде ұғынғандай болдық. Өйткені мұнда Елбасыдан бастап көрнекті қайраткер тұлғаларымыз отырғызған ағаштар жайқалып өсіп тұр. Әрқайсысының еккен ағаштарының алдына тасқа қашалып, аты-жөні мен жылы жазылған екен. Осы жерге кезінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, халық жазушысы Шерхан Мұртаза да шыбық еккен екен. Қазір сол шыбықтар жайқалып өсіп, жуан діңгекті ағашқа айналыпты. Саябаққа келушілер осы жерге келіп, суретке түсіп, әрбір ағаштың тарихына үңілуде. Жамбылдықтар дендробақтағы «Ардагерлер аллеясына» барып, тал отырғызды.
Жамбылдықтардың келуіне орай арнайы экскурсия жасайтын автобус та дайындалған екен. Келесі бағытымыз қаланың көрікті және қасиетті жерлері болды. Еркебұлан Дауылбаев соғылған әрбір ғимараттың тарихымен өзі таныстырды. Соның бірі – ерекше сәулетімен көз тартқан Тәуелсіздік паркі. Мұнда «Алтын шаңырақ» аталатын ел бірлігі монументі орнатылған. Бұл – Қазақстанның көп ұлтты екенін және бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыздың бір символы екенін білдіріп тұр. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері қаладағы «Мәңгілік алау» алаңына да атбасын бұрып, майдангерлер рухына тағзым етуді де ұмытпады.
Көрікті жерлерді аралағаннан кейін оларды Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қабылдады. Ағалармен қол алысып амандасқан қала әкімі келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Е.Дауылбаев алғашқы сөзін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы сәлемдемесін оқып беруден бастады. «Құрметті Ғабидолла Рахматоллаұлы! Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың шежірелі Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар мегаполиске айналдыру тапсырмасы жүзеге асырылды. Шымкент – еліміздегі миллионнан астам халқы бар үш қаланың бірі атанды. Бүгінде Шымкент өндірісі өркендеген, шағын және орта бизнесі дамыған, берекелі-бірлігі орныққан, руханияты биік белестерді бағындырған қала. Елбасының өңірлерді дамыту мемлекеттік саясатының арқасында интиграциялық дамуды нығайтуға жаңаша серпін беріліп, жол ашылды. Ұлы бабалардың ізі қалған, мұрасы сақталған Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы арасындағы өзара экономикалық және мәдени ынтымақтастық байланыс нығая түсетініне сенімім мол. Еңбекқор әрі қонақжай халқы бар Шымқаланың еліміздің бірегей қаласына айналып, Ұлт көшбасшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жолында сәттіліктер мен жаңа табыстар тілеймін» делінген.
Бұл сапардың басты мақсаты – Шымкент қаласы мен Жамбыл облысы, Тараз қаласы арасындағы рухани жаңғыру бағытында тәжірибе алмасу, жақсы істерді көру. «Бармасаң, көрмесең жат боласың» деген сөзді ұстанған жамбылдықтар көздеген үдеден шықты деуге болады.
– Шымқалада көптеген ғимараттарды, нысандарды араладық. «Тәуелсіздік саябағында», «Наурыз» алаңында болдық. Делегаттарымыз бұрын бой көтерген рухани азық беретін нысандарды көріп, танысты. Ең бастысы, көршілес екі облыс ардагерлерінің арасындағы алтын көпірді ұштастыру, жалғастыру. Шымкент қаласы әкімінің жеке қабылдауында болдық. Онда ардагерлеріміз осы қаланы өркендету жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Жаңадан салынған әкімшілік іскерлік орталығының бой көтергеніне небәрі үш жыл болған. Осы құрылыспен және оның бүгінгі келбетімен таныстық. Тараз қаласында да осындай жаңа мәдени-іскерлік орталық салу жоспарда бар. Алдағы уақытта көршілес жатқан Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының арасындағы рухани жаңғыру саласындағы қарым-қатынас одан әрі нығайып, әлеуметтік-экономикалық саладағы оң тәжірибелерді алмасатын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
– Біз сіздерге жамбылдықтардың ыстық сәлемін алып келіп отырмыз. Шымкенттің миллион тұрғыны барына біз қуанамыз. Бұл қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, дәстүрі, салт-санасы, әдеп-ғұрпы сақталған өңір. Біз қаланың біраз жерлерін аралап көрдік. Мені қуантқаны – руханиятқа ерекше көңіл бөліп жатқандарыңыз. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарыңыз көңілге қонымды. Бұл халқымыз үшін өте қажет. Руханият пен экономика – құстың қос қанаты сияқты. Рухы түскен халық ешуақытта ұлы істерді атқара алмайды. Президентіміздің өзі рухани өмірді жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осының аясында әр облыста үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұрынғы басшылар жасап кеткен жақсы істер жалғасын таба беруіне тілектеспін, – деген облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа «Әр уақытта да жұлдызың биік болсын!» деп ағалық ақ батасын берді.
Елдің тыныштығын, береке-бірлігін ойлап жүрген азаматтардың тек қана жақсылық тілейтінін және әрқашан тілеулестіктерін білдіріп отыратынын жеткізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қала әкіміне Тараздан апарған тарту-таралғысын табыс етті.
Оңтүстік Қазақстан облысында Асқар Мырзахметов басшылық қызмет атқарып тұрған кезінде көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, толайым тірліктің тындырылғанына көз жеткіздік. Көркіне көз тоятын Шымкент қаласын көркейтуге байланысты талай бастамалар қолға алынғанын да және оның аяқсыз қалмай, жүзеге асырылып жатқанын Ғабидолла Рахматоллаұлының сөзінен де аңғардық. Ағалардың бастап кеткен ізімен жүріп ел сенімін ақтасам дейді жас әкім. Сондай-ақ басқосуда үшінші мегаполис аталған қала әкімі Шымкенттің даму бағытымен таныстыра отырып, Тараз қаласынан барған делегаттарға ризашылығын білдіріп, өзінің сый-сияпатын жасады.
Бұдан кейін делегаттар сапарын «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында қорытындылады. Ерекше сәулетімен көптің назарын аударатын кітапхананы аралап, жұмысымен танысқан жамбылдықтар өздерін күтіп алып, бар жақсысын көрсетіп, қонақжайлылық танытқан қалалық ардагерлер кеңесіне сый-сияпаттарын тапсырып, ризашылығын жеткізді.

Тараз – Шымкент – Тараз.

Суреттерді түсірген
Виктор Барбаш.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту