- Advertisement -

Балық шаруашылығының болашағы зор

121

- Advertisement -

Бизнестің табысты көзінің бірі – балық шаруашылығы. Алайда өңір экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттыратын осынау салада түйткіл көп. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында балық өсімін молайту, пайдалану, су нысандары мен балық шаруашылығын қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда облысымызда 115 су айдыны болғанымен, оның көпшілігі экономикалық әл-ауқатты арттыру бағытында жұмыс істемейді. Өңірімізде жыл сайын 3801 тонна балық тұтынылады, оның 2465 тоннасы сырттан жеткізіледі. Балық өнеркәсібін дамытуға арналған жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өткен жылы 206 тонна, биыл 214 тонна балық ауланғанын айтып, бұл салада өсімнің жоқ екендігін тілге тиек етті.
– Әрбір су айдыны үшін 3 жылға даму жоспары әзірленді. Осының аясында табиғатты пайдаланушылар ұсынылған балықтандыру жоспарын орындауға тиіс. Су айдынының әр гектарына 200 шабақтан жіберілуі қажет. Балықтандыру жұмыстары басқарманың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған қызметтің өкілдері қатысуымен жүргізіледі. Жаңа жылдан бастап балық шаруашылығына мониторинг жүргізетін боламыз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Басқарма басшысы сондай-ақ өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай ұлғайтуға күш салынатынын жеткізді. Балықтандыру бойынша жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылы су қоймаларына жалпы сомасы 151 миллион теңгені құрайтын – 5 миллион, 2020 жылы – 5,2 миллион және 2021 жылы – 5,5 миллион бірлік шабақ жіберілмек. Осылайша, балық өндіру 2020 жылы – 430, 2021 жылы – 688, 2022 жылы 1100 тоннаны құрайтын болады. Айта кетейік, ағымдағы жылы қоректендіру нәтижесінде 214 тонна балық ауланған. Ал қосымша қоректендіру нәтижесінде өңірімізде 1300 тонна балық аулауға мүмкіндік бар.
– Сіз балық өндіру жоспарына тоқталып, балықтандыру жөнінде ештеңе айтпадыңыз. Бұлайша біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл тұрғыда шабақтардың өміршеңдігін ескеру керек. Балық өнімдерінің көп бөлігін импорт арқылы аламыз. Біз азық-түлік қауіпсіздігін шешуге тиіспіз. Бүгінгі күні балық өнімдерін тұтыну көлемі 3801 тоннаны құрайды. Ал біз 115 су айдынынан тек 200 тонна балық аулаймыз. Осыдан кейін өз өнімдерімізбен өзімізді қалай жеткілікті қамтамасыз етеміз? Сіздің жоспарыңызды қайта қарау керек, – деді Асқар Мырзахметов.
Өңір басшысы бұдан бөлек, балық өсірушілердің санын көбейтуді баса айтты. Бүгінде өңірімізде 2 балық өсіруші бар. Мәселен, Меркі ауданында үш гектарда бар-жоғы 550 мың шабақ өсірілуде. Ал шындығында мұнда 6,5 миллион балық өсіруге болады. Сол секілді Жамбыл ауданында 5 миллион балық өсіруге қауқарлы су айдынында тек 2600 шабақ өсірілуде. Ал жуық арада Жуалы ауданында тағы бір балық өсіру айдыны іске қосылады.
Балық өсірушілердің айтуынша, құрама жемнің жетіспеушілігі балық санын көбейтуге мүмкіндік бермеуде. 115 су айдынындағы «су маржанын» қамтамасыз етуге 800 тонна құрама жем қажет екен. Бұл бағытта мемлекет тарапынан құрама жемге – 30, жабдықтар мен техниканы сатып алуға 25 пайыздық субсидия берілмек. Алайда табиғатты пайдаланушылардың айтуынша, мұның өзі жеткіліксіз.
Балық шаруашылығы саласы өңірімізде әлі қалыптаспағанын ескерген Асқар Исабекұлы оны өсірушілердің тікелей бұл саланы дамытуға күш салуы қажеттігін талап етті. Олай болмаған күнде олардың өнімдеріне сұраныс болмайтынын жеткізді. Өңір басшысы бұл ретте қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия құруды ұсынды.
– Өздеріңіз ойланып қараңыздар. Жалға алушылар су қоймаларын тұрақты пайдаланғанымен, оның қайтарымы жоқ. Сол себепті, біз су әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Балық шаруашылығын жүргізу жоспарын түбегейлі өзгерту керек. Бұдан былай, тек табиғатқа ғана сенім артуға болмайды. Ендігі кезекте, жалға алушылар балық шаруашылығымен мықтап айналысу үшін оның санын және оның қорегі – құрама жемнің көлемін ұлғайтуды қолға алуы тиіс. Егер, олар бұған келіспесе, келісімшарт бір жақты тәртіппен бұзылады, – деп атап өтті облыс басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support