Ауылдың айтқыштары

Бие сұрасаң…

Ауылдастары түйеші Әшкен Мұсаевтың тапқырлығына таңданып, оның шымшымаларын айтып жүреді. Әшекең ұзақ жыл түйе баққан ғой. Бір жолы жас малшылар: «Аға, түйені бағу оңай ма, қиын ба? Неге жылқы бақпадыңыз?», – деп сұрапты.
Сонда Әшкен:
— Әй, жігіттер-ай, сұрамайтынды сұрап, айтпайтынымды айтқызасыңдар. Әуелі кеңшар директорынан жылқы сұрағанмын. Қазақ «Түйе сұрасаң, бие береді», – деуші еді, директор мырза: «Бие сұрап ем, түйе берді ғой», – деген екен.
Ішкен адам…

Малшылардың бір тойында көпшілік отырған киіз үйге мас жігіт кіріп келіп, елдің мазасын алса керек. «Ішкен адам жөнімен тыныш отырса» – деп қалыпты үлкендердің біреуі. Сонда Әшкен:
– Одан да қылжиып жата кетсе ғой, – деген екен.

Әке, әкетай…

Әшкеннің әкесі Мұса ұзын бойлы кісі екен. Ал, Әшкен жермен-жексен дейтіндей аласа адам. Бір жолы әкесі Мұса:
– Әшкен, балам, үйірге үлкен айғырды қос. Аталығы ірі болса, аналығының құлыны үлкен болады, – депті.
Сонда өзінің бойына көңілі толмай жүрген Әшкен түйедей болып тұрған әкесіне қарап:
— Ой, әке, әкетай! Сіз де сөзді қатырасыз-ау! Іріден мен құсап құрып туатындар да көп қой, – деген екен.

«Баламмен таласам ба?»

Әшкен 8 ұл-қыздың әкесі. Жұбайы «Алтын алқа» иегері. «Ата-ененің топырағынан», үлкен баласы Шәріпханның келіншегі де 8 перзентті болып, «Алтын алқа» алды. Жұбайының «Алтын алқасын» ауылдық әкімдігінен алуға Әшкен барыпты. Ауылдық әкімдіктің хатшысы:
— Әшеке, міне, құтты болсын! Жеңгем екеуіңіз он балаға жеткізіп тоқтаңыз, – деп әзілдепті. Сонда Әшкен:
— Әй, айналайын інім, енді баламыз үйленді. Ендігі алтынды келіндер алсын. Балаларыммен таласам ба? – деген екен.

Талас ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту