Илья Ильин кәсіби мансабын аяқтай ма?

36

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Бұған дейін әлемдік аламанда бақ сынайды деп күткен едік.
Ол әлем біріншілігіне қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Әйткенмен байрақты бәсекеге бапкер ретінде баратынын айтты.
– Әлем чемпионатына қатыспайтынымды Қазақстан халқына қалай жеткізетінімді ұзақ уақыт бойы ойладым. Әбден толғандым. Енді ашығын айтайын, мен әлем біріншілігіне қатыспайтын болдым. Өйткені дәрігерлер омыртқамда жарақат бар екенін анықтап отыр. Жай жарақат емес, ауыр жарақат екенін айтты.
Жалпы, шынымды айтатын болсам, менің спорттық мансабымды жалғастыратыным немесе жалғастырмайтыным әзірге белгісіз. Әйткенмен мен көңіл-күйімді түсірмеймін, бәрі ойдағыдай болады деп пайымдаймын. Ашхабадқа мен бапкер ретінде аттанамын. Нижат Рахимов пен Зүлфия Чиншанлоға қолымнан келгенше көмектесемін. Себебі олармен бір жыл бойы бірге дайындалдым. Нақтырақ айтсам, бапкерлер құрамына, өзімнің командама тілеулес ретінде барамын. Қалғаны уақыттың еншісінде, – дейді ол.
Бұған дейін қазақстандық зілтемірші допинг дауынан кейін қайта оралып, Токиодағы Олимпиада ойындарында өзінің шын мықты екенін дәлелдеуге күш салатынын тіліне тиек еткен еді. Енді Ильиннің спорттық мансабы жалғасын табады ма, жоқ па, бұл сұраққа жауап берудің өзі қиынға соғып тұр.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту