- Advertisement -

Тең түсті!

82

- Advertisement -

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсіп жатқан жалғыз үмітіміз «Астана» футбол клубы үш тур бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Үшінші кезеңде Чехияға қонаққа барған қазақстандық клуб қарсыластарымен тең түсіп, ұпай бөлісті. Анығырақ айтсақ, қай жағынан алсақ та, «Яблонецтен» кем түскен жоқ, тең түсті.
Екі команда футболшылары да голдарды ойынның алғашқы минуттарында соқты. Алдымен алаң қожайындары «Яблонец» футбол клубының ойыншысы Якуб Поваженц төртінші минутта мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерін желпінтіп тастаған болатын. Алайда жылдам гол жіберген «Астананың» саңлақтары сасқан жоқ. Арада жеті минут өткенде есепті теңестірді. Жуниор Кабананга асырған пасты ұтымды пайдаланған Педро Энрике есепті 1:1-ге жеткізді.
Бірінші кезең барысында дәл осы Педро Энрике жасыл алаңда белсенділік танытып жүрген-ді. Әйткенмен үзілістен кейін оның орнына Серікжан Мұжықов шықты. Соған қарағанда бразилиялық легионер жарақат алып қалуы да әбден мүмкін. Бірінші кезеңде екі команданың футболшылары нәтижені өзгертуге тырысып баққанымен таблодағы көрсеткіш сол қалпында қалды.
Ойынның екінші бөлігінде «Астана» футболшылары тізгінді алаң иелеріне беріп қойып, жылдам қарсы шабуылдар ұйымдастыруға ниеттенді. «Яблонец» футболшылары есепке өзгеріс енгізуге талпынғанымен гол соға алған жоқ. «Астана» ойыншылары да бірнеше мәрте сәтті шабуылдар ұйымдастыра білді. Алайда сол шабуылдарды ешкім сәтті түйіндей алмады. Осылайша екі команда футболшылары екінші кезеңді гол соқпастан аяқтады. Қорытынды есеп 1:1.
«K» тобындағы қатар өткен екінші кездесуде Францияның «Ренн» футбол клубы өз алаңында Украинаның «Динамосын» қабылдап, қарсыластарынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Қазіргі кезде «Астана» мен «Динамо» футбол клубтарының еншісінде 5 ұпайдан бар. Әйткенмен доп айырмасына байланысты қазақстандық команда өз тобында бірінші орында келеді. Үшінші орынға жайғасқан франциялық «Ренн» үш ұпай иеленсе, соңғы орынға орналасқан Чехияның «Яблонец» футбол клубының қоржынында екі ұпай бар. Төртінші турдың ойындары 8 қараша күні өтеді деп жоспарланған. Сол күні ел чемпиондары «Астана» футболшылары дәл осы Чехияның «Яблонец» футбол клубын қабылдаса, Украинаның «Динамосы» Киевте Францияның «Ренн» командасына қарсы жасыл алаңға шығады.
Қазақстан чемпиондары әзірге жеңіліске ұшырамағанын жоғарыда айттық. Бірінші турды түзде өткізіп, Украинаның «Динамосымен» 2:2 есебімен тең тарқасқан соң «Астана» футбол клубының ойыншылары екінші кездесуде Францияның «Ренн» командасынан 2:0 есебімен айласын асырған-ды.
Ағымдағы маусымда «Астана» футбол клубы үшін топтық кезеңнен іркілмей өтуге мүмкіндік мол. Өйткені қалған үш ойынның екеуін өз алаңында өткізеді. Тек Францияның «Ренн» футбол клубымен ғана сырт алаңда ойнайды. Елордалықтар егер ұпай қорын молайта түссе, тіпті өз тобында бірінші орын иеленуі де бек мүмкін. Қазақстандық командалардың ішінде дәл қазіргі кезде «Астана» ғана кәрі құрлық додаларында жасындай жарқырап жүр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support