Біз – бұл үдерістің басты қатысушыларымыз

42

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жуырдағы Жолдауында мемлекетіміздің даму жолы, ішкі және сыртқы саясат, экономика, демография, мемлекетті басқару салаларында жеткен жетістіктері туралы кеңінен айтылды. Онда Мемлекет басшысы ел тұрғындарының әлеуметтік көңіл- күйін жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға, олар үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді атап көрсетіп, осы орайда атқарылар жұмыстарды айқындап та берді деген ойдамыз.

Ендігі жерде қазақстандықтардың табысының өсуіне мемлекет пен бизнес тарапынан айрықша қолдау да көрсетілетін болды. Осы үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру, мемлекеттік қызметшілердің, мұғалімдердің, дәрігерлердің, тағы басқаларының еңбекақыларын көтеру, бизнеске қысым жасалуын төмендету, салықтық рақымшылық жасау, ауыл шаруашылығы мен инновациялық секторды дамыту секілді маңызды міндеттер алға қойылып отыр. Ең бастысы, Жолдауда тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен олар үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға айрықша назар аударылып, жайлылық дегеніміз ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы екені атап көрсетілді. Осыған байланысты биыл іске қосылған тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы тап осы мәселелерді жан-жақты қамтамасыз ететін болады.
Біз, құрылысшылар мұны өнімдерімізге қызығушылық күрт артуынан-ақ бірден сезіндік. Мысалы, соңғы екі айдың өзінде осы бағдарлама бойынша отызға жуық пәтер пайдалануға берілді. Тараздықтардың сатып алу мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды біз аса қымбат емес бағадағы тұрғын үйлермен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Өнімдеріміздің өзіндік құны төмен болуы және тәжірибеден өткен индустриялық әдістер қолданылуы есебінен мұндай меже биігінен көріну қолымыздан келді. Серіктестіктің 2014 жылы «Биномстройдеталь» үй құрылысы комбинатының іске қосылуы қыруар істі нақты жүзеге асыруымыз үшін өзімізде өндірілетін құрылыс материалдарын қолдануымызға және жергілікті жердегі мамандардың зәулім ғимараттар құрастырып, тұрғызудың қыр-сырын оқып үйренуіне мол мүмкіндіктер беріп отыр. Сонымен қатар құрылыс алаңында ірі панельді үйлерді жинап құрастыру мен ақтау-сылау жұмыстарының сапалы түрде механикаландырылуы қол еңбегінің азаюына, қысқа мерзім ішінде сапалы ғимараттар салынуына кең жол ашуда.
Елімізде, оның ішінде өңірімізде де тұрғын үй құрылысының жандандырылуы компаниямызға да мол тиімділік әкелуде. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша біздің компаниямыз да, үй құрылысы комбинаты да алғаш рет 70 пайыз жүктемемен жұмыс істеуге қол жеткізгелі отыр. Бұл қосымша жұмыс орындары мен құрылысшыларымыздың еңбекақыларының көбеюіне, олардың ертеңгі күнге деген сенімдерінің артуына септесуде.
Рас, құрылыс нысандарын салуға жер телімдерінің жеткіліксіз көлемде бөлінуі, өз есебімізден жүргізілетін инфрақұрылымдық жүйелер құрылысының қымбатқа түсуі секілді түйткілді мәселелер де жоқ емес. Мұның барлығы тұрғындарға өткерілетін тұрғын үй алаңының әрбір шаршы метрінің құны жоғарылауына әкеліп соғатыны түсінікті. Егер жергілікті атқарушы органдар тарапынан осыған байланысты тиісті көмектер көрсетілер болса, біз де тұрғын үй бағасы шарықтап көтерілуіне жол бермей, пәтер сатып алушылар қатары артуына да қол жеткізе алар едік.
Серіктестік өзінің үй құрылысы комбинатының күшімен жылына 30 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын игеру әлеуетіне де ие. Яғни бұл – әрқайсысы 6,5 миллион теңге тұратын, екі бөлмелік 600 пәтер деген сөз. Біз бұл межемен де шектеліп қалмақ емеспіз. Өндірісті дамыту мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылуы есебінен тұрғызылар пәтерлер санын екі есеге ұлғайтуға да мүмкіндігіміз бар. Отандастарымызды осылай сапалы да жайлы тұрғын үйлермен және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете аламыз.
Жалпы, заманауи талаптар ескеріле отырып, жедел тұрғызылатын қолайлы да жылы, сонымен қатар бағасы да аса қымбат емес, жоғары сейсмикалық төзімділікке ие көппәтерлі (9 қабатқа дейін), ірі панельді үйлер құрылысын жүргізуге негізделген технологиямыз барын ерекше атап өтуге де тиіспіз. Бұдан бөлек Тараз қаласында тұрғын үй кешендерін тұрғызу ісі енді ғана қолға алыну үстінде. Алдағы уақытта біз құрылыс нысандарын салудың осы түріне бағдар ұстанатын боламыз. Яғни өзіндік инженерлік инфрақұрылымы, күзеті, жоғары мәдениеті бар тұрғын үй кешендерін көптеп пайдалануға беру ісі Елбасы бастамалары мен тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылмақ.
Бір сөзбен айтқанда, «Бином» ЖШС-ның ұжымы тұрғындар табысының өсуі мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауы дер кезінде жарияланып отыр деп санайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың уақыт оздырмай, бүгін қолға алынуына бірауыздан қолдау да білдіреміз. Жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы аясында жүзеге асырылар жұмыстардың басты қатысушылары ретінде осынау бүкілхалықтық іске бар күш-жігерімізді жұмылдырып, өзіндік үлесімізді қосатын боламыз.

Серік ОЛЖАБеков,
«Бином» ЖШС-ның
бас директоры.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту