- Advertisement -

Қараңғы түн, екеумізде бір шырақ…

345

- Advertisement -

Қараңғыны қалтақағарлар қапы жібермеуде…

Осыдан бес жылдай бұрын Тараз қаласындағы темір жол бекетінің перронына Лукманов көшесі арқылы төтесінен шығатын соқпақ бар еді. Алайда ол «Темір жолдарды кесіп өту тек қана белгіленген орындарда жаяу жүргіншілер көпірі, тоннельдер және темір жол өтпесі арқылы жүзеге асады. Көпірлері мен тоннельдері жоқ стансаларда жолды кесіп өту үшін арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өту қажет» деген ережеге сәйкес, өтуге қауіпті деп саналып, жауып тасталынды. Рұқсатсыз өткендерді бекет полицейлері көлемді айыппұл саламыз деп ұстап жататын. Содан бері арғы-бергі беттегілердің жолы жаяу жүргіншілер көпірінде тоғысып, «кездесудің орны өзгермейтін» болған. Сөйтіп, Привокзальная мен Тынышбаев көшелерін ғана жалғап тұрған көпірдің перронға қарай түсетін өткелі салынып, бастан-аяқ шатырмен «апталып», жарық шамдармен «күптелген» еді. Осылайша жұрттың әрлі-берлі алаңсыз өтуіне мүмкіндік туған. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады – шамдар бірінен соң бірі өше бастады… Бастапқыда аспалы жол өткелі шатырына 27 шырағдан орнатылған еді. Ал қазір оның 7-еуі түбірімен жоқ. Қалғаны мүлде жанбайды. Соның әсерінен қап-қараңғы өтпе жол үстімен өткен сайын жүргіншілердің қанша жерден сабыр қылып, тыншығайын десе де өнбойларын үрей билеп, діріл қағумен болады. Өйткені бұл жермен қараңғы түнде ғана емес, айлы түнде де жүру оңайға соқпайды. Аталған жағдайдан хабардар №10 аумақтық округтің бас инспекторы Қанат Нұрланов өзіне қарасты төңіректің жай-күйіне қанық екен. Бірақ оның мұнда жұмыс атқарып жатқанына бар-жоғы екі-үш-ақ жыл өткен, көпірдің «сәулелі сәттерінен» мүлде бейхабар болып шықты. Есесіне мұны кәнігі ұры-қарылар бес саусақтай біледі. Көпір үсті қараңғылық құшағына енгеннен-ақ «жұмыстарын» бастайтын олардың осы төңіректе жеке-дара да, топтанып та жүрері бар. Оны өз басым талай көргенмін. Жергілікті тұрғындар да олардың «әмбебаптығына» еш шүбә келтірмейді.
Мәселен, «суық қолдылар» жөнінде Ғалия Қалыбекова есімді тұрғын ұзақ-сонар әңгіме айтып беруге де бар. Оның сөзіне сенсек, қалтақағарлар, әсіресе пойыздардың келіп-кету уақыттарында көбейеді екен. Олардың көз байланар сәтті ұтымды пайдаланатынын аталған көпірге өз басынан өткен оқиғадан бері жақсы білетін ол «күндіз босқа ұйықтамайтын» ұрылардың талайды «жолдан қалдыратынына» күйінеді.

Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?

Тараз қаласының тағы бір тұрғыны Гүлмира былай дейді: «Мен осы жерден күн құрғатпай өтетін шығармын. Бірақ қараңғылық қоюланғанда бір Аллаға сыйынып өтпеске амалың жоқ. Өткел үстін жарықтандыру мәселесіне кім жауапты, өзі?».
Иә, бізге де осынысы түсініксіздеу болып тұр. Осы мақсатта «басымызды тауға да, тасқа да соқтық», бұған ешкім жауапты емес сияқты… Құдды «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері!
Темір жол бекеті болғандықтан, алдымен Жамбыл стансасы ішкі істер желілік бөліміне бас сұқтық. Көпірдің өздеріне тиесілі еместігін айтқан ондағылар бұл іске байланысты ақпараттың өзін Астана қаласындағы баспасөз қызметі арқылы ғана ала алатынымызды айтты.
Вокзал басшыларынан да сұрадық. Олар да жауапты емес. «Жарық мәселесі ЭЧ-ға қарасты емес пе?» деп қалды біреуі. Онысы, қарапайым тілмен айтқанда, электрмен жабдықтау бөлімі дегені екен.
Оны да тауып бардық. Әттеген-ай, көпір бұл мекемеге де қарасты емес екен. Алайда Мұхтар деген кісіден естігеніміз бойынша, сол күннің ертесіне-ақ өткелге жөндеу жұмыстары басталуы керек еді. Бірақ арада 3 айдай уақыт өтті, көпірдің жөнделуі былай тұрсын, ең болмаса бір шырағданы да жанбады.
Бір дерегін бір білсе осылар білер деген оймен бұрынғы №3, қазіргі №2 полиция бөліміндегілермен де хабарластық. Олар да өздерінің орнына ішкі істер департаментіндегі баспасөз хатшысы мәлімет беретінін айтумен шектелді. «Көлденең көк аттыға» басшыларымен ақылдаспай ақпар беру олардың құзырына жатпайтын көрінеді.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысымен тілдестік. Олар мұндай сұрағымызға тиісті жауапты №2 полиция бөлімінен ала алатындығымызды айтты. Бір-біріне сілтеді дегенімізбен, ақыр соңында ресми хат жіберу арқылы үш бірдей сауалымызға небәрі екі-ақ сөйлемнен тұратын жауапқа қол жеткіздік!

Жанып тұрған шырақ

Осы орайда мынаны да айта кеткенді жөн санадым.
Басқа да ғимараттарға кіргендей, құжаттарымызды көрсетіп жатып «ЭЧ-21» деген мекемеге көпір мәселесімен бас сұққанымызда, жарыққа жауапты маманын іздеп күзетшінің нұсқауы бойынша көрсетілген нысанға кірдік. Ала шашты бір азаматша отыр екен. Мұхтар деген кісіні сұрап едік, журналға шұқшиған басын көтере бере маған: «Мұнда орысша сөйлесу керек!» – деп «сыбырлады» ол. Мұндай «сабақ» алам деген ой өңім түгілі, түсіме де кірмепті. «Білім – жанып тұрған шырақ» демекші, көпірдің өшкен жарығын іздеп жүріп, «жанып тұрған шыраққа» тап болдым. Ресми тілде жөн сұраспағаным үшін бетім қызарып шыққан менің есік сыртына көзім түсті. «ИНВ 10012» деген белгі қойылған қақпада «қоймашы» деген тақтайша тұр. Онда Чиграй Татьяна Викторовна деп жазылған екен ғой. Ал мен оны оқымастан кіре жөнеліппін. Білгенімде кірерден бұрын тыста жүрген он шақты қарадомалақтан «тәртібін» сұрап барып кірер ме едім деп, тілімді тістеп қалдым.

Қас қарайғанда қылмыс та өршиді

Күзге дейін Жамбыл стансасы ішкі істер желілік бөлімі бойынша барлық бағытта 46 қылмыстық әрекет тіркеліпті. Олардың басым бөлігі ұрлық екен, 76,2 пайызы немесе 16 ұрлық. Ал қалғаны басқа қылмыстарға жатады.
Ал облыстық ішкі істер департаментінің берген мәліметі бойынша, жыл басынан бергі сегіз айдың ішінде «Жамбыл» темір жол бекетінің алдыңғы бетінде орналасқан Привокзальная және темір жолдың арғы бетінде орналасқан Тынышбаев көшелері бойында орын алған 10 қылмыс тіркелген. Оның ішінде алтауы – ұрлық, біреуі – алаяқтық қылмыс, қалған үшеуінің өзі ұсақ-түйек жымқыру екен. Бірақ бұлардың бірде-біреуі көпір үстінде болмаған десек, шындыққа жанаспас.
Қоса кететін бір жайт – қылмыстың көбі қас қарайғанда орын алатыны. Бұл әлем бойынша да солай!

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

 

Тілші түйіні:

Көріп отырғаны-мыздай, жасал-ған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі – ұрлық. Олардың да көбісі ымырт жабылғанда болғаны айтпаса да түсінікті. Осы темір жолға қатысты қағидаларды қарап отырып, мынадай мәтіндерге (сол күйінде келтірдік) көзім түсе кеткені бар емес пе?!
«8. Вокзалдар мынадай тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталады:
1) жарықтандыру;
2) үздіксіз электрмен қоректендіру жүйесі;
19. Темір жол вокзалдарында:
8) жолаушыларға арналған, жолаушылар платформалары мен құрылыстарға қараңғы уақыт тәулігінде жарық түсіруді қамтамасыз етуі тиіс».
Сонда қай тарап қалай, қандай жұмыстар атқаруға тиіс? Менің бір білетінім – жаяу жүргіншілерден бұл көпірден түнгі уақытта ұры-қарыға тоналудан аман-сау өтіп, діттеген жеріне жетуі үшін Жаратушы Иемізге мың мәрте дұға ететіні. Осы ретте олар да белгілі ән мәтініндегі «Қараңғы түн, екеумізде бір шырақ, бір шырақтан келе жаттық нұр сұрап» деген жолдарды іштей күбірлеп келе жататын болар.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support