- Advertisement -

Өмір тауқыметі

279

- Advertisement -

облыстық қазақ драма театрының Жаңа қойылымын көрермендер жылы қабылдады

Адам баласы бес күн жалғанда құндылықтардың қадіріне жеткен бе? Жағаға жармасқан жаһандану дәуірі биологиялық жолмен жеткен тектілігімізді, құндылықтарымызды жұтуға айналған заматта оған қарсы тұратын иммунитетіміз бар ма? Кісі психологиясы жаңа дәуірдің әрбір жаңалығын салиқалы көзқараспен саралап, түпкі мәнін түсінуге қаншалықты дайын? Жаңалық соңы қасіретке апарар жолды нұсқаса ше?
Тараз топырағына табан тіреген Астана қаласы әкімдігінің жастар театры осы бір сауалдарға жауап іздеуді жөн тауыпты. Белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай көне шаһарға құр қол келмей, жергілікті драматург, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжановтың «Өмір» атты драмасын сахналай келген.
Қойылым жанры драма болғанымен, төрт қана кейіпкердің әрекетімен тағдыр қайшылықтарын суреттейтін шығармада психологияға көп мән берілгені айқын аңғарылады. Тіпті психологиялық драма ма деген де ойға шомасың. Бұл кейіпкерлердің өмірде болған-болмағаны аса маңызды емес. Сондықтан оның протатипін іздеп әуре болудың қажеті шамалы. Бастысы, Өмірдің талқан болған тағдыры, Айнаның қайшылыққа толы өткені, Сананың салмақты қадамы, Арданың ардақты сезімі мен қатыгез тағдыр тауқыметінен жол табуға ұмтылуы әдемі шиеленістіре берілген. Кейіпкерлердің есім-сойы автобиографиясымен паралель алынғандай. Өмір өміріне өкінеді, Айна айнаға қараса, өткен күнінің өкінішін көріп, өзегі өртенердей. Дәрігер Сана сезімнің адамы көрінгенімен, қадамы саналы. Арданың тығырықтан жол табуға ұмтылған қадамы қауіпті әрі қорқынышты көрінгенімен, ардақтауға лайық.
Төрт кейіпкер – төрт тағдыр, төрт түрлі психология. Қойылым осыдан бірер жыл бұрын толғандырар тақырыпқа айналған жасанды ұрықтандыру тауқыметін баян етеді. Бала көтеруге қабілетсіз Айна мен әке атанудан үмітін үзе бастаған Өмірдің диалогінен екі түрлі танымды, қарама-қайшылыққа толы характерді байқаймыз. Өмірдің салқын пайымдауларына Айнаның эмоцияға берілуі жүйкесінің әбден тозғанын аңғартса керек. Жасанды ұрықтандыру әрекетіне қарсылық – Өмірдің басты ұстанымы. Оны дәрігер Сана да көндіре алмайды. Мұнда басты құндылық – тектілік. Әйткенмен Санамен ойда-жоқта кезіккен Өмірдің байырғы таныстықтары ойдағыдай суреттелген. Режиссер бозбала Өмір мен бойжеткен Сананың студенттік кездегі таныстығына юморды да қоса білген. Әйткенмен қақ жарылған алма екеудің тағдырын екі соқпаққа салып жібергендей…
Қойылымның негізгі тақырыбы – қолдан ұрықтандыруға қарсылық. Өмір үшін құндылықтар өзгеріске ұшыраған заманда да қазақы тектілік маңызды. Оған ақшаның көптігі, материалдық жағдайдың мығымдығы сөз емес. Өзегіндегі өкініш – тағдыр тауқыметі. Тұқымы тұздай құрып кетуден қауіптенеді. Кеуде толы мұң мен шер. Мұндай жағдайда кез келген әйел күйеуінің әлдекімнен табиғи жолмен балалы болуына келісім берер ме еді? Басқа-басқа, бұл қазақ қоғамы үшін утопия. Бірақ бұл қойылым сол қалыптасып қалған қасаң қағиданы бұзу жолдарын қарастырады.
Анасының емі үшін жанын құрбандыққа шалуға дайын Арда бұл қадамға саналы түрде барған кезде, көрерменнің жаны түршіккен де болар. Сахнаға қойылған төсек, баяу қойылған музыка әуені сан түрлі танымдағы көрерменнің ойымен ойнағаны сөзсіз. Алайда бейкүнә қыздың: «Мен бұл қадамға амалсыз барып отырмын. Бұрын ер адаммен жақындаспағанмын. Бір күн болса да, ерлі-зайыптының күйін кешейікші», деп жалына үн қатуы көңілге түрлі ой салғаны ақиқат. Өмір бас тартты. Алайда қыз ағынан жарылғанда екеуінің тағдырлас екені анықталады. Сәйкестік пе? Бұл енді драматург пен режиссердің еркіндегі шаруа. Өмір де науқас шешесі үшін тәуекелге барушы еді. Бұл да солай. Енді Өмір шұғыл шешім қабылдады. Ардамен некеге тұруы керек. Өз күйеуін өзгенің жетегіне өз қолымен қосып беру кімге оңай соқсын? Жүрек қарс айырылар… Шарасыздық… Ал сіз мұндай қадамға баруға дайынсыз ба? Әй қайдам… Әйткенмен бұл – Айнаның маңдайына жазылған тағдыр…
Қойылым осындай жаңашылдығымен көрерменін қызықтырды. Тараздық театрсүйер қауым үшін бұл тың жаңалық еді. Соңынан шығарма авторы Болат Бекжанов сахнаға көтеріліп, сөз сөйледі. Драманы бес жыл бұрын жазғанын айтып, Астана қаласы әкімдігі Жастар театрының ғимараты жөндеуден өтіп жатқанына байланысты, спектакль тұңғыш рет Таразда қойылып отырғанын тіліне тиек етіп, режиссер Нұрқанат Жақыпбайға алғысын жеткізді. Иығына зерлі шапан жапты. Өз кезегінде сөз алған Нұрқанат Жақыпбай Болат Бекжановтың «Өмір» драмасы жаңа тұрпаттағы шығарма екенін әңгімеледі. Автордың қалыптасып қалған жазу машықтарынан арылып, жаңаша жол, тың тақырып тапқанына ризашылығын білдірді.
Қоюшы-режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен қоюшы-суретші Ерлан Тұяқовтың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Декорация бай болмағанымен, қойылымдағы өрелі әрекеттер талғамға сай болды. Барлық элемент ойнатылды. Өмірдің образын сомдаған Бақыт Хаджыбаев, Айна Рахипова (Айна), Алтынай Нұрбек (Сана), Құндыз Қанғожина (Арда), Қаламқас Мелисова (Бойжеткен Сана), Шыңғы Жақыпбайдың (Бозбала Өмір) тұла бойынан жастықтың ұшқыны алаулап тұрды.
Спектакль көпшіліктің көңілінен шыққаны талас тудырмайды. Оны көрер­меннің ыстық ықыласынан да аңғардық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support