- Advertisement -

Жәрмеңке жалғасын тапты

91

- Advertisement -

Өткен сенбі күні орталық «Достық» алаңында кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Тараздықтар үшін күнделікті тұтынатын азық-түліктердің бағасын қолжетімді еткен жәрмеңкеге өңіріміздің 6 ауданы мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Аталған жәрмеңкеде жалпы құны 31,6 миллион теңгені құрайтын 158 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Бұл күні аудан кәсіпкерлері күздік жиын-терін өнімдерімен қатар, ет, сүт, бал, тіпті кептірілген жеміс-жидекке дейін саудалады. Атап айтқанда, 9,3 тонна ет, 3 тонна шұжық, 5,7 тонна сүт, 2 тонна макарон, 1 тонна кептірілген жеміс және 134,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері, 2 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік тағамдар, 0,5 тонна тұз, 2 тонна балық, 1,3 тонна бал, 2 тонна қарақұмық, 2 тонна күріш, 4 тонна қант, 1,5 тонна өсімдік майы сатылымға шығарылды.
Айта кету керек, бұл күні өңіріміздің тауар өндірушілері өз тауарларын тұтынушыларға делдалсыз, тікелей өткеру мүмкіндігіне ие болды.
– Мұндағы баға нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Қолжетімді әрі табиғи өнімдер бәрі де. Сондықтан болар жұртшылық кезекке тұрып, қолда бар қаражаттарына азық-түлік қорларын молайтып алуда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов.
Аталған жәрмеңке барысында ет өнімдерінің әр килосы 1300-1500, қант – 220, күріш 180 теңгеден сатылды. Мұндай қолжетімді бағалар шаһар тұрғындарының көңілдерінен шықты.
– Әрине, мұндай жәрмеңке жиі өтсе, қалалықтар бір жасап қалады ғой. Өйткені біз ауыл тұрғындары секілді бақша егіп, мал ұстамаймыз. Барлығын ақшаға сатып алуымызға тура келеді. Алайда көпшілігі бір жалақыға күнелтетін қалалықтарға бұл оңай емес. Ал мұндай жәрмеңке сол олқылықтың орнын толтыруда, – дейді қала тұрғыны Мәриям Қойшыбаева.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support