- Advertisement -

Қазақ кәсіпқой боксшыларының қарымы қандай?

135

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінде жүрген қазақ боксшылары шаршы алаңдағы кезекті жеңістерін тойлады. Жеңісті жорықты жеңіл салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Хұсайынов бастап берді. Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Хесус Лагунамен қолғап түйістірген Абылайхан өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді.
Жекпе-жек бастала салысымен отандасымыздың басымдылығы көзге айқын байқалып тұрды. Ә дегеннен шабуылға көшкен Абылайханның аяқ алысы көз сүйсінтті. Бірінші раундтың өзінде бірнеше соққысын дарыта білген қазақстандық боксшының кездесуді ұзаққа апармайтыны белгілі бола түсті. Сегіз раундтық форматта өтеді деп жоспарланған шайқас екінші раундта мәресіне жетті. Жойқын соққыларын дөп тигізген Абылайхан қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.
Шаршы алаңдағы тоғызыншы жекпе-жегінде жеңімпаз атанған Абылайхан Хұсайынов boxrec.com сайтының рейтингі бойынша өз салмағында бірнеше саты жоғарылап, тоқсан алтыншы орынға орнықты.
Абылайханның жеңісінен кейін қазақ жанкүйерлері Садриддин Ахмедовтің тамаша табысына куә болды. Садриддин де мексикалық былғары қолғап шеберіне қарсы шаршы алаңға көтерілді. Хесус Хавьер Мендозамен қолғап түйістірген жиырма жастағы жампоз жекпе-жегін өте жылдам аяқтады. Кездесу бастала салысымен сериялық шабуыл ұйымдастырған сайыпқыран Садриддин Мендозаны есеңгіретіп тастады. Осылайша шайқастың елу жетінші секундында төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Садриддин Ахмедов техникалық нокаутпен жеңіске жете білді. Шаршы алаңда төрт кездесу өткізген Садриддин барлық жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап келе жатыр. Бірінші орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген ол осы жеңісінен кейін екі жүз отыз бірінші орынға табан тіреді.
Бұдан кейін шаршы алаңға орта салмақ дәрежесіндегі үкілі үміттеріміздің бірі Мейірім Нұрсұлтанов көтерілді. АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде ол жергілікті боксшы Джамар Фриманмен жұдырықтасты. Кездесу басталған сәттен-ақ басымдылықты уысында ұстаған қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласына қарағанда техникалық шеберлігі мол екенін көрсете алды. Екінші раундта ол Фриманды нокдаунға түсірді. Әйткенмен тез бойын жиып үлгерген америкалық боксшы жекпе-жек соңына дейін шыдады. Дегенмен раунд өткен сайын қарсыласын қыспаққа алған Мейірім Нұрсұлтанов өзінің шын мықты екеніне күмән келтірген жоқ. Қарсыласының басына да, бауыр тұсына да сериялық соққыларын дәл тигізе білді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қазақстандық сайыпқыранды жеңімпаз деп таныды.
Мейірім бұл шайқаста NABF Junior белбеуін ұтып алды. Осы жекпе-жектен кейін Мейірім Нұрсұлтанов boxrec.com сайтының рейтінгісінде жетпісінші орынға көтеріліп отыр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support