- Advertisement -

Алатау аспаны тұнжырап, мыңбұлақ алқабы мұңайып тұрды

209

- Advertisement -

Қазақ елі халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды

Жуалының Мыңбұлағында дүние есігін ашып, Алатаудың баурайындағы Алматыда бақилыққа аттанғанша саналы ғұмырын қазақ халқының руханиятына арнаған көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазамен қоштасуға Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына кең-байтақ қазақ елінің әр түкпірінен келген жұртта есеп жоқ. Тәуелсіздіктің алтын бесігі атанған қасиетті шаһар да ұлт мақтанышына айналған айтулы тұлғамен қайғыра қоштасқандай тұнжырап, бұлттанып тұрды.
Театрдың кең фойесіне сыймаған жұрт иін тіреседі. Азалы музыка қаралы жиынға жиналған жұрттың жанын жабырқатып, жанарларына жас үйіруде.
Бір-біріне құшағын ашып, көңіл айтып жатқандар. Ұлт зиялылары, Шерағаның шекпенінен шыққан белгілі қаламгерлер, республикалық, облыстық басылымдардың редакторлары, журналистері, студенттер, жұмысшы жастар, қаламгердің оқырмандары, қарапайым халық…
Қаралы жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет намыстың найзағайы, шындықтың шыңы – Шерағаңның тәуелсіздіктің ғұмырлы болу жолында сіңірген еңбегіне тоқтала келе, қаламгерлік қасиетін, халық қалаулысы ретіндегі жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегін тебірене толғады. Республика қаламгерлерінің жетекшісі Шерағаның «Елбасымыз біреу, қалғанымыз тіреу болуымыз керек» деген қанатты сөзге айналған пікірін де еске салды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Шерағасына айналған аса көрнекті қоғам қайраткері, атақты жазушының қазасына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын оқыды. «Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды» делінген онда.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулет, сондай-ақ Сенат пен Мәжіліс төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Нығматулиннен және Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан келген көңіл айту жеделхаттарын жеткізді. Мұндай көңіл айту жеделхаттары республикалық және халықаралық ұйымдардан да үздіксіз келіп жатқанына қаралы жиынға қатысқан жұрттың назарын аударды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тау тұлғалы қаламгердің халқына еткен еңбегін еске алды. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов алаштың ардақты азаматы, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ұлтымыздың аяулы перзенті, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өмірден өтуіне байланысты балаларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Қаламгердің қаламынан шыққан көркем әдеби және тарихи мұралар қазақ ұлттық әдебиетінің алтын қорына енгендігі – дәуір ақиқаты екеніне тоқталып, өмірде артында өшпес із қалдырған Шерағаның қазасын Жамбыл жұртшылығы өте күйзеліспен қабылдағанын айтты.
Кең-байтақ қазақ елінің экономикасымен қатар, туып-өскен өңірі Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне де депутаттық мандатымен де, қаламымен де үлес қосқан қайраткер-қаламгер ағаны жамбылдықтар ешқашан ұмытпайды деді.
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын Нұрлан Оразалин және басқа да елге белгілі азаматтар жүрегі халқым деп соққан Шерхан Мұртазаның қаламгерлік әрі қайраткерлік қырларын жан-жақты сөз етті.
Алатаудың іргесіндегі қазақтың алыптары жатқан Кеңсай зиратындағы аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының қабірінің қасындағы торқалы топыраққа Шерағаның да жамбасы тиді. Қанқұйлы соғыс батыры Баукең мен мылтықсыз майданның марқасқасы Шерағаң, сөйтіп, Кеңсай биігінде табысты… Қонақасын Алматы қаласы берді. Келесі күні жетісін облысымыз көтерді. Енді қырқы Тараз қаласында қараша айында өткізілетін болады.
Бақұл бол, Шераға!
Жатқан жерің жәннатта болсын, Ер аға!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Ақылжан МАМЫТ,
Амангелді ӘБІЛ.

Тараз – Алматы – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support