- Advertisement -

Қош бол, Шераға!

260

- Advertisement -

Шераға – Шерхан Мұртазаның қазасы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Ел азаматтары жер-жерде қаламгердің жарқын бейнесін еске алып, сағынып үлгеруде. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоқтап, марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтуда. Қабырғалы қаламгердің, қажырлы қайраткердің орны ойсырап қалғандай. Онымен бірге намыстың да соңғы толқыны жер бетінен көшкендей, онымен бірге ақиқаттың да алдаспаны қынына сүңгігендей, онымен бірге шындық та көкке ұмтылып көз ұшынан ғайып болғандай… Бәріміздің басымыздан кешкеніміз – осындай әрі-сәрі күй…
Қаламгердің жарқын бейнесі есімізде қалады. Көзкөргендер, кейінгі ұрпақ сарғайған суреттерге қарап естеліктер айтады. Шерағаңның көзі тірісінде фотонысанаға ілінген бейнелері оның асқақ болмысы мен айбарын паш етеді. Мұқым қазақ қара жамылған күні Шерхан Мұртазаның редакция қоржынында сақталған суреттерін де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Адамдар «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады. Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ, Уақытты жылға, айға, сағатқа, минутқа, секундқа, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой. Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да. Бәрін бір Алла біледі. Бір кем дүние…

Шерхан Мұртаза.

 

Шерағаның айтқан нақыл сөздері

● Жерді сату – Анаңды сатумен тең!
● Айыр тіл жыланда ғана болады,
ал адамда тіл біреу.
● Орындалған арман – бақыт,
Орындалмаған арман – күйік.
● Баласыз адам – бақытсыз адам.
● Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел.
● Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса,
публицистика – жеңіл кавалерия.
● «Тәуелді» деген ұғымды тудырған
күштілер мен обырлар.
● Мәдениеттің мәйегі – кітап.
● Ауыл кетсе, ұлттың ұйытқысы кетеді.
● Пейілі жаманды Құдай табады.
● Шын жазушының көзі көкірегінде болады.
● Шындық – ащы һәм ажарсыз.
● Рухани азып-тозу – өліммен тең.
● Күйреген рухты қайта көтеру – міне,
қазіргі таңдағы басты мақсат осы!
● Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа
тілдердің жолын кесіп, бағын байлау
емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме»
деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған
қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да
ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің
көңіліне қарап өле беру керек пе?
● Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім.
Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып
бара жатады.
Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз.
Түстен кейін қыдырамыз.
● Бай баласы байға ұқсайды,
Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы.
● Жалқаумыз.
● Сақтасаң, қазаққа жау болған
қазақтан сақта!
● Шикі долбар шикі ойдан туады.
● Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар
ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы
сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.
● Театр көбейсе, түрме азаяды.
● Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау.
● Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей
тұруға болатын сәтте қолұшын бермеу
нағыз тасқұдайлық.
● Алтын бар жерде әзәзіл бар.
● Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып
алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ.
● Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.
● Жаңаның тамыры – көне.
● Жер-ананың өкпе-бауыры — орман.
Шыбық шаншы, тал тік!
● Өтірік мақтау – асқа у қосып
берумен бірдей.
● Жау жаманы – жарамсақ.
● Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.
● Рух пен намыс – егіз.
● Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы — қасірет!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support