- Advertisement -

Ел әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс

331

- Advertisement -

Тараз қаласындағы К.Әзірбаев атындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын іске асыруға арналған облыс активі жиынында жылдың басты құжатында айқындалған басымдықтарды жүзеге асырудың жолын тарқатып айтқан облыс әкімі Ұлт көшбасшысының әрбір сөзі халықтың болашаққа деген сенімін арттырғанын атап өтті. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл Жолдаудың маңызы ерекше екеніне, онда тұрмыс сапасын арттыру үшін алты басымдық белгіленгеніне тоқталды. «Халық табысының өсуі», «Тұрмыс сапасын арттыру», «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат», «Тиімді сыртқы саясат» және «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» деп нақтыланған басымдықтардың өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеруге қалай ықпал ететінін баяндады.

«Қолма-қол ақшасыз экономика» қалыптасып келеді

– Бірінші басымдыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 28284 теңгеден 42426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Бұл бюджеттен төленетін төлемдер бойынша. Өз кезегінде бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін, еңбек өнімділігін арттырулары қажет.
Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген. Сондықтан кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдері қабылданған шаралардың ауқымын кеңейтіп, бағытталған жұмысты күшейтетін болады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 миллиард теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажет. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30 пайызға арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз, – дей келе Асқар Исабекұлы өңіріміздегі «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшу бағытында жасалып жатқан қадамдарға тоқталды.
Автоматтандыру жүйесінің барлық салаға дендеп ене бастағаны осы емес пе? Бүгінде аймақта 2343 POS-терминал, 379 банкомат, 732 төлем терминалдары мен банктік киоскілер жұмыс істеп, 1085 сауда орнында кассалық операциялар электронды есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады. Ал осыдан 5 жыл бұрын ғана айналымда 415 мың пластикалық карточка және 387 мың сол карточкаларды ұстаушылар болған еді.
Өңір басшысы Жолдау жүктеген міндетті орындау үшін бұл жұмыстарды жандандырып, қатаң бақылауға алу қажет дейді. Себебі, төлем карталары арқылы сауда-саттық көлемін арттыру өңірлік даму бағдарламасына да енгізілген екен. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында алдағы уақытта сауда базарларының бірінде бұл жүйе пилоттық жоба ретінде енгізілмек. Осы мақсатта деректерді мемлекеттік кірістер органдарына беретін функциялары бар онлайн кассалық аппараттарын немесе WEBKASSA мобильді қосымшаларын орнату жоспарланып отыр.
Өңір басшысы бұл жұмыстарды бақылауға алып, жүзеге асыратын, Экономикалық тергеу қызметі қайта құрылып, талап күшейетінін ескертті. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы құрықтаудың шараларымен қатар, кәсібін адал жүргізетін шағын және орта бизнес өкілдерінің салықтық өсімі мен айыппұлын алып тастайтын, «салық амнистиясы» жүргізілмекші.

Үлгілі шаруа қожалықтарының
базасы жасақталады

Алдағы уақыттағы айқын міндеттердің бірі – облыстағы инвестиция тарту саясатын күшейту мақсатында биыл қайта құрылған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» жұмысын күшейту. Есепті кезеңде өңірімізде шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар (мемлекеттік бюджеттен инвестицияларды қоспағанда) 87 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артқан.
– Инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жеке меншік капиталының 30 пайызға (68,8 млрд. теңгеден 92,2 млрд. теңгеге өсуі) артуымен байланысты. Бұл, әрине, жақсы үрдіс. Қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда. Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті айқындалған. Өңірімізде жыл басынан бері 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз. Олардың санын көбейту үшін осы жылы жүзеге асырылатын 4 жобаны өңірдің арнайы картасына енгіздік. Бұдан бөлек, құны 8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты. Дегенмен бұл бағытты одан ары дамыту қажет. Бұл үшін өңірдің мүмкіндіктері бар, жер ресурстары да, ауа-райы да қолайлы. Тек тиімді жұмыс атқару қажет, – деген Асқар Мырзахметов үлгілі шаруа қожалықтарының базасын жасақтап, ауыл шаруашылығымен айналысатын немесе айналысам деушілерді қолдау үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат аясында қосымша нақты жоспар әзірленетінін айтып, өңірімізде құрылып жатқан заманауи тұрғыдағы облыстық агроколледж де бұған өз үлесін қосатынын жеткізді.

Ұрпақ біліктілігі ұстаз беделіне байланысты

Әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі білім және денсаулық сақтау салаларына қатысты. Сондықтан Елбасы өз Жолдауында бұған айрықша назар аударып, екінші басымдықты тұтастай тұрмыс сапасын арттыруға арнап отыр. Осы салаларға жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4-тен 10 пайызына дейін жеткізу туралы міндет қойды. Сондай-ақ балабақшадағы сапа мен тәрбиешілер еңбекақысын көтеру үшін Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, тәрбиешілердің бірыңғай біліктілік талаптарын енгізуді қамтитын Жол картасын әзірлеуді тапсырып, орта білім сатысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екендігін баса айтты.
Бұл жұмыстар негізінен біздің өңірде қолға алынған деуге болады. Мәселен, өткен жылы облыста 45 мектеп жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыса, биылғы оқу жылында 277 мектеп үш тілде білім беруге көшіп отыр. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің озық тәжірибесі 7 мектепке енгізілген. Дегенмен өңір басшысы бұл үдерісті барлық мектептерге қолдану үшін тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырып отыр.
– Жолдауда үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу тапсырылды. Осы орайда Президент үш ауысымды мектептер және мектеп жетіспеушілігін жоюға 50 миллиард теңге бөлінетінін, мектеп құрылысын ең қажетті деген елді мекендерде салу керектігін де қадап айтты. Облыста жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. 3 үш ауысымда жұмыс істейтін, 3 апатты жағдайдағы, 3 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілді. Енді 4 апатты жағдайдағы және 1 үш ауысымдағы мектеп қалды. Қазіргі кезде 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл 1 үш ауысымды, 4 орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешпек.
Әлеуметтік саладағы нысандарды қажеттілігіне қарай салу бойынша біз бұл жұмысты бастап кеттік. Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектеп құрылысының үш жылға арналған Жол картасы әзірленді. Оған алдағы уақытта басымдық беріліп отырған 48 білім беру нысанының құрылысы енгізілді. Жол картасы 43 мектептің, оның ішінде 3 апатты және 11 апатты болуы мүмкін, 11 орын тапшылығы бар мектептің, 18 мектепке қосымша ғимараттар мәселесін шешуге мүмкіндік береді, – деді Асқар Исабекұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданатынын, заңда педагогтің әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін және қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатынын айта келе, өңірде ұстаз беделін арттыру мақсатында қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті. Ұлттық біліктілік сынағынан өткен облыстың 2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 1 қыркүйектен бастап 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы төлене бастағанын, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейгенін айтты.

Ұлт денсаулығы –
басты парыз

Мемлекет басшысы Жолдауда медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті екендігін және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі туралы атап өтті. Ал мәліметке сүйенсек, облысқа 95 алғашқы-медициналық көмек нысанының құрылысын салу қажет екен. Бұл қажеттілік жыл соңында 39-ға қысқармақ. Өңір басшысының айтуынша, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 30 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал бюджет есебінен бой көтеретіні – 9.
– Президент Жолдауда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру және ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көбейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы міндетті емдеу ісін басқару бағдарламасын 20 емханаға енгізіп, 180 маманды оқыту арқылы шешу жоспарлануда. Жалпы, бағдарламаның жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтілетін болады, – деген Асқар Мырзахметов денсаулық сақтау ұйымдарында 121 бастапқы медициналық құжаттама нысанының 111-і электрондық нұсқаға көшкенін, бұл жұмыс жыл соңына дейін толығымен орындалатынын жеткізді. Сонымен қатар қатерлі ісік дертімен аурушаңдықты, өлім-жітімді төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыста онкологиялық диспансер салынып жатқанын айтып өтті. Оған республикалық бюджеттен 250,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 83,0 миллион теңге бөлінген.
Мемлекеттің бас құжатындағы тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту мәселесі де өңірімізде 2019-2021 жылдары оңтайлы шешілмек. Осы аралықта 30 спорт кешенін салу жоспарлануда. Оның ішінде, Тараз қаласында жеңіл атлетикалық және гимнастикаға арналған манеждер құрылысы бар.Сонымен қатар аулаларда, парктерде, саябақтарда 29 спорт алаңшасын салу жоспарлануда (14 әмбебап спорт алаңшасы, 6 кіші футбол алаңшасы және 8 стритворкаут алаңшасы). Бұл нысандардың барлығы халыққа қолжетімді болады.

Өңірімізде өмір сүруге
жайлы орта бар

Тұрғындар үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Елбасы Жолдауда осыны тапсырды. Үшінші басымдық «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» лайықты жалғасы іспетті. Бұл бағытта Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер телімі беріліп, жаңа екі мөлтек ауданның құрылысы басталған болатын. Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көп қабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, биыл 10 көппәтерлі үй, яғни 800 пәтер пайдалануға берілмек. Жалпы, Тараз қаласында 686 пәтер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген азаматтарға ұсыну үшін дайын.
Елбасы Жолдауында күрделі мәселенің қатарында ішкі өңірлік жолдардың жайы да бар. Облыста ішкі жолдардың жағдайын одан әрі жақсарту үшін 50/50 схемасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен көктемгі нақтылауда қосымша 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өңір басшысы жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 80 пайызға жеткізуді межелеп отыр.
– Бүгінгі күні қолданыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары тізбесіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарына сәйкестендірілуде. Басымдылығына қарай жолдар айқындалып, Жол картасында межелер бекітілді. 2019 жылға республикалық және облыстық бюджеттерден 50/50 схемасы бойынша қаржыландыру үшін 11 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілді (Өтінім алдын-ала қолдау тауып отыр). Осылайша 2022 жылға қарай жағдайы жақсы жергілікті жолдар үлесін 90 пайызға жеткізуіміз қажет, – деп тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруі үшін қолға алынуы тиіс шараларға тоқталған Асқар Мырзахметов мемлекеттік қызмет саласын дамыту бағытындағы атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Төртінші басымдықтың мемлекеттік қызмет саласына қандай серпін әкелетінін, мемлекеттік органдарға жалақы төлеудің жаңа моделін енгізу нәтижесінде келесі жылы 2380 мемлекеттік қызметшінің жалақысы өсетінін сөз етті. Алтыншы басымдыққа да тоқталып, оны іске асыру тетігін атап көрсетті.
Елбасы Жолдауы келер жылымыздың жағымды жаңалықтарға толы болатынын байқатты. Маңыздысы – қазақстандықтарда белсенді өмір салтын ұстанып, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс пайда болғаны. Осындай көңіл-күй осы жиынға жиналған жамбылдықтардан да айқын сезіліп тұрды. Жарыссөзге шыққан әр саланың мамандары экономиканың барлық саласын қамтыған 6 басымдықтың алға жетелейтінін тілге тиек етті. Шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов, «Жамбылгипс» АҚ-ның техникалық директоры Болат Таласбаев, №3 арнайы мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектептің мұғалімі Гүлшат Өтегенованың Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру туралы ойларын көпшілік қызу қолдады. Сондай-ақ облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қайрат Жетібаевтың, «Жамбылхимстройинженеринг» ЖШС-ның директоры Юрий Минаковтың, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаевтың, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық төрағасы Руслан Исмазовтың ой-пікірлері де орайлас шықты. Ал ТарМПУ студенті Үміт Ілияс Жамбыл жастарын белсенді болуға шақырды.
Арман Молдиярұлы, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі:
– Елбасы тапсырғандай полиция қатарында қызмет ететін тек үздіктерді іріктеу мақсатында алдағы уақытта барлық қызметкерлерді аттестациялаудан өткізу жоспарланып отыр. Аттестациялау барысында қызметкерлердің кәсіби даярлығы, дене шынықтыру деңгейі, заңнаманы білу және логикалық ойлау қабілетінің деңгейі компьютерлік тестілеуден өткізіледі. Бұдан бөлек полиция қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында облыстың ішкі істер органының 152 қызметкері қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына жіберіліп, біліктілігін шыңдап, 133-і арнайы бастапқы оқыту курстарында оқыды. Жалпы, ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығының деңгейін жоғарылату мақсатында ұдайы түрде барлық бөліністерде дене шынықтыру даярлығы және арнайы тактикалық даярлықтары өтуде. Атыс даярлығы «Ингул» интерактивті мультимедиялық тирді қолдану арқылы қызметкерлер нақты жауынгерлік жағдайларға жақын ахуалда дайындықтан өткізіледі.
Қайрат Жетібаев, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:
– Биылғы Жолдауда Президент халықтың тұрмыс сапасын арттыруға басымдық беріп, медицинаның әлеуметтің көңіл күйіне әсер ететін маңызды компонент екендігіне баса назар аударды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ауылдық жерде қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ал осы салада еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту туралы берген тапсырмасы денсаулық сақтау жүйесіне серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ көптен бері өз шешімін таппай келе жатқан медициналық мекемелердегі құжаттарды цифрлы нұсқаға көшіру ісі де – алдағы жылдан басталатындығы маңызды жаңалықтардың бірі болып отыр. Өйткені бұл кешенді шара дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыра түседі.

Ардақ Үсейінова

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support