- Advertisement -

«Астана» еуропа лигасында тұңғыш рет топ бастады

120

- Advertisement -

Жамбылдық футболшы Бахтиер Зайнутдинов
француз командасының қақпасына гол соқты

Футболдан Еуропа лигасының екінші туры мәресіне жетті. Бірінші ойынын түзде өткізіп, Украинада Киевтің «Динамосымен» тең түскен «Астана» футболшылары талайларға таңдай қақтырған болатын. Қазақстандық команда екінші кездесуде Францияның «Ренн» футбол клубын қабылдап, тарихи оқиға тіркеді.
Бұған дейін еурокубоктік ойындардың жекелеген турынан кейін қазақстандық ешқандай команда топ бастап көрмеген болатын. Ондай атты күн қашан туады деп армандаушы едік. Сол қасаң қағиданы елордалықтар бұза білді. Тартысқа толы ойын барысында отандастарымыздың басымдылығы көзге көрініп тұрды. Елорда төрінде өткен кездесуде жанкүйерлердің қиқуынан қанаттанған ел чемпиондарының қадамына жұрт сүйсінді. «Астана» футболшылары ойын барысында басымдыққа ие болғанымен бірінші кезеңде гол соға алған жоқ.
Қазақстан чемпиондары екінші кезеңде де толассыз шабуылдарға иек артты. Нәтижесінде кездесудің 65-минутында Бахтиер Зайнутдинов мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Бахтиер – Жамбыл футбол мектебінің түлегі. Қазақстан құрамасының және «Астана» футбол клубының сапында жасындай жарқырап жүрген жерлесіміздің маңызды ойында белсенділік танытқанына қатты қуандық. Еуропа лигасының топтық кезеңінде алғаш рет бақ сынаған жиырма жастағы жампоздың бірден нәтижелі ойынмен көзге түскені – зор мақтаныш. Жалпы, Бахтиердің болашағы зор екенін мамандар сан мәрте айтқан болатын.
Бұдан кейін қонақтар есепті теңестіруге тырысып бақты. Әйткенмен олардың ойы жүзеге асқан жоқ. Кездесу аяқталар тұста Марин Томасов «Ренн» қақпасына екінші голды тоғытып, ақтық нәтижені тіркеді. Қорытынды есеп – 2:0. «К» тобындағы қатар өткен ойында чехиялық «Яблонец» футбол клубы Украинаның «Динамосымен» 2:2 есебімен тең түсті. Ойын барысында чехиялық команда 0:2 есебімен есе жіберіп жатқан еді. Алайда кездесу аяқталғанға дейін қайсар мінез танытқан олар екі гол соғып үлгерді. Нәтижесінде «Астана» футбол клубы қазақ футболы тарихында тұңғыш рет белгілі бір турдан кейін өз тобында көш тізгінін қолға алды. Бұл да – зор жетістік, толайым табыс. «Астананың» осы жеңісінің арқасында Қазақстан УЕФА рейтингінде бір саты жоғарылап, жиырма алтыншы орынға орналасты.
Ағымдағы маусымды Еуропа чемпиондар лигасынан бастап, Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алған «Астана» футбол клубы қазірге дейін қанша қаржыға ие болды? Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі әрбір жеңіске 570 мың еуро, тең ойынға 190 мың еуро үлестіріледі. Жалпы, чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын қоса есептегенде осы маусымда қазірге дейін елордалық клуб 4 миллион 780 мың еуроның чегіне ие болып тұр. Бұл сома әлі де өзгеруі мүмкін. Ол үшін Қазақстан чемпиондары жеңісті жорығын жалғастыруы тиіс-ақ.
Кезекті тур аяқталған соң Еуропа лигасындағы аптаның символикалық құрамы белгілі болды. Олардың қатарында «Ренн» командасына қарсы ойында голдық пастың және голдың авторы атанған «Астана» футболшысы Марин Томасов та бар. Жалпы, Марин Томасов соңғы ойындарда барын салып жүргені рас.
Еуропа лигасының үшінші туры 25 қазанға жоспарланған. Бұл күні «Астана» футболшылары Чехияда жергілікті «Яблонецке» қарсы жасыл алаңға шықса, Францияның «Ренн» командасы Украинаның «Динамосын» қабылдайды. Екі кезеңнен кейін төрт ұпай иеленген қазақстандық команданың топтық кезеңнен сүрінбей өтуіне мүмкіндік мол. Ол үшін қалған төрт кездесуде ұпай қорын мейлінше молайта түскені жөн.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support