- Advertisement -

Қиюын тапса, қозықұйрық та табыс көзі

474

- Advertisement -

Қозықұйрықтың пайдалылығына ешкім шүбә келтірмесе керек-ті. Бұл дақыл түрі құнарлылығы мен ақуызы молдығы тұрғысынан еттен кем емес. Қозықұйрық өсірушілер оны күнделікті ас құрамына қосар болса, қатерлі ісік ауруының да алдын алуға болатынын айтады.

Биыл мамыр айында Бәйтерек ауылдық округі аумағынан ашылған жылыжайда, міне, осы көкөніс түрі өсірілуде. Жылыжай иесі Дмитрий Иваненко күндердің күнінде осы кәсіппен айналысамын деп тіпті де ойламаған екен. Негізінен ол жоғары оқу орнын құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат аталмыш дақылдың денсаулыққа зор пайдасы барын біліп, оны өзінің үйі ауласында өсіріп те көріпті. Таңсық өнімге тапсырыстың мол түсуіне байланысты кәсібінің керегесін кеңейтуге тәуекел еткен.
Сәтін салғанда, бұл ретте оған ауылдасы, кәсіпкер Азамат Болатбеков жуықта ғана өзі сатып алған бұрынғы автобаза аумағынан жер беріп, көмек қолын созыпты. Ал Дмитрий болса аумағы 800 шаршы метрлік автобаза кеңсесін жылыжайға лайықтап қайта жаңғыртуды қолға алады. Мұндағы іс электр желісін тартып, сөрелер орнатудан басталған. Кәсіпкер қозықұйрық өсіруге қажетті мақта түйірлерін Шымкент қаласынан, дақыл тұқымын Алматыдан, ал дәрумендер мен қоспаларды Тараз қаласынан сатып әкеліпті.
Ол осы жылдың маусым айында өз «алқабының» алғашқы өнімін жинап алған. Бүгінде жылыжайда 6 мың түп қозықұйрық өсірілуде. Бұл дақылды жылыжай жағдайында өсіру оңай емес. Жабық жай температурасы 20-25 градус, ал ылғалдылық 85 пайыз деңгейінде сақталуға тиіс. Тұрақты түрде желдетілуі және жарықтандырылуы шарт. Қозықұйрықтың әр түбі 40 күнде алғашқы өнімін береді. Содан кейін жиырма күнде бір өнім жинап алуға мүмкіндік бар. Мұнда қазір үш адам тұрақты жұмыс істейді. Жиын-терін кезінде қосымша тағы да 10 адам жұмысқа тартылады.
Біз Дмитрийдің өзімен де тілдесіп, жылыжайының жай-күйін сұрап білген едік. Оның айтуынша, бір түп қозықұйрық 15 килоға дейін өнім береді. «Алқаптың» алғашқы жиналып алған өнімдері қажетті сапа стандартына сай болып шыққан. Қозықұйрық қалдықтарын мал азығы ретінде де пайдалануға болады. Кәсіпкер азамат әлі күнге дейін мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмағанын, барлық жұмыстар жеке өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның кәсібінен нәсібін теретініне сенімі мол. Қазірдің өзінде қайтарым бар. Қиюын тапса, қозықұйрық өсіруден де күреп табыс табуға болады екен.
– Ең бастысы – өнімнің сапалылығында. Қазірдің өзінде бізден бұл өнім түрін тұрақты түрде қотара сатып алушылар да бар. Мақсатымыз – еңбек өнімділігін төмендетпей, нарыққа шығарылар өнім көлемін одан әрі де ұлғайта беру, – дейді кәсіпкер азамат.

 

Баймаханбет АХМЕТ
Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support