- Advertisement -

Мәскеудегі «балалық»

202

- Advertisement -

2009 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетіне оқуға түстім. Қазақстаннан барған 13 талапкердің әскери сала бойынша оқып жатқан мамандығы әртүрлі болғанымен, көбіне жұбымыз жазылмайтын. Жатақхана деген аты болмаса, тұрағымыз кәдімгі казарма. Темірдей тәртіпке негізделген ол жерден тек сенбі, жексенбі күндері ғана арнайы рұқсат алып, кешке дейін серуенге шығуға болады.
Арада екі-үш ай өткеннен кейін сол мүмкіндікті пайдаланып, төрт жігіт қыдыруға шықтық. Таразда автобустан басқа қоғамдық көлікке мініп көрмеген біз Мәскеудегі метроға мінуге құмарттық. Соған мінуге жақындасақ, кіреберістегі темір тордан жасалған сырғытпалы екі есік бір-біріне қарама-қарсы жылжып отырып, жабылып қала береді. Елден сұрап, оның ақылы түрде сатылатын пластик картасы болатынын, соны арнайы құрылғының экранына тигізу арқылы ғана өту керектігін білдік.
Алайда оны сатып алуға қалтамыз көтермейтін болғандықтан, тез жүгіріп өтуге шешім қабылдадық. Бірақ қаншалықты екпінмен жүгіріп өтпек болсақ та, ол соншалықты жылдамдықпен сырғып барып тарс етіп жабылып қалады. Жергілікті бір жігіттің көрсеткен әдісіне сүйеніп, есікті алақанмен екі жаққа ұрып, сәл кідіріс пайда болғанда арасынан өтіп кетуге талпынамыз. Достарымның бірі сәтті өтсе, бірін серпілген есік кейін қарай ұшырып түсіреді. Содан не керек, әбден әуреленіп, менен басқасының бәрі әупірімдеп болса да өтті. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, әлгі әдісті қолданып, зып беріп арғы бетке өтіп бара жатқаным сол еді, әлдене тасыр-тұсыр етіп, көзімнің алды қарауытып кетті. Бетімнің бір жағы удай ашып, өкпем қысылып барады. Сөйтсем, мені есік қысып қалыпты. Елдер улап-шулап, мамандарды шақыртып, қысылып тұрған жерімнен шығарып алды. Студенттік шақ десе, осы оқиға ойыма оралады.

Исламбек Қалдыбеков,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support