Кәсібилікті арттыруға тиімді мүмкіндік

Таразда Мемлекеттік басқару Академиясының облыстық филиалы ашылды

Кәсіби мемлекеттік аппарат – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның алғашқысы күшті мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыруға бағытталуы да сондықтан. Ал оны жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі – білікті кадрдың кәсіби білімін жетілдіру. Осы талапты орындауға жамбылдық мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндігі зор. Себебі Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ашылды. Бұл шараға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты.
Ашылу салтанатында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен өңір басшысы Асқар Мырзахметов арнайы әзірленген ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Бұдан кейін оқыту кабинеттерін, кітапхана мен басқа да жұмыс бөлмелерін аралап, сонымен қатар бір ғимаратта қоныстанған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық филиалы қызметкерлерінің жай-күйімен танысты.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 9-қадамында мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқытуға заңдық тұрғыда талап қойылып, 3 жылда бір рет мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру міндеттелгені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекеттік басқару академиясының өңірдегі филиалдарының ашылуы кадрлардың кәсіби тұрғыда шеберлігін жетілдіруіне жол ашатыны анық. Мұндай қадам өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласының дамуына оң әсер етеді.
Себебі облыс орталығында ашылған филиал базасында жылына 2 мыңға жуық қызметкерді қайта даярлауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жаңа жүйе – жобалық басқаруды қолдану бойынша кеңес алуға болады. Ол үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырылған. Педагогикалық әлеует те жеткілікті.
Қалай десек те, қызметкердің кәсіби біліктілігін арттыру мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды факторы екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Агенттік төрағасының Жамбыл жеріне келген сапарының жұмыс кестесінде осы тақырыпты арқау еткен аймақтық семинар-кеңестің енгізілуі де соның көрінісі. Семинарға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан облыстары бойынша аумақтық департаменттердің басшылары қатысты.

– Мемлекет басшысы кәсіби мемлекеттік аппарат құру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруды заңдық тұрғыда міндеттеуді тапсырғаны белгілі. Мемлекеттік қызмет саласының сапасын арттыру үшін кадр саясатындағы атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі бізге жақсы мәлім. Бүгінгі Тараз қаласында ашылып отырған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы – соның іс жүзіндегі көрінісі. Осы филиалды ашу туралы бастама көтерілгенде оның өз дәрежесінде жұмыс жасауы үшін материалдық-техникалық базасын шешу мәселесі туындаған болатын. Оның оң шешілгені бізді қуантады, – деген Асқар Исабекұлы өңірде осы жарты жылдың көлемінде 285 адам жергілікті жерден қайта даярлау курсынан өткенін, 421 адам бүгінгі таңда филиалда дәріс алып, біліктілігін арттырып жатқанын айтты.
Сонымен қатар өңір басшысы филиалдың мұғалімдері және басқа да дәріс берушілердің көмегімен аудандарда көшпелі оқыту семинарларын өткізу туралы ұсыныс айтты. Облыс орталығына ауданнан келіп оқитын қызметшілер саны шектеулі екенін әрі бұл мәселе қаржыға тірелетінін айтып, мұндай шараны аудандарға да шығып ұйымдастыруға болатынын жеткізді.
Мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби дәрежесін көтеру – өзекті мәселенің бірі. Осы салаға қатысты жүргізіліп жатқан реформадан күтілетін түпкі нәтиже – халыққа адал қызмет ету идеясын ұстанатын қызметшілер қалыптастыру екені белгілі. Ол үшін бүгінде тиісті жағдайлар жасалуда. Мемлекеттік орган қызметшілерінің еңбегін бағалау жүйесі қайта қарастырылуда. Осы мәселелерге кеңірек тоқталған Алик Шпекбаев өз баяндамасында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолға алған жоспарлы жұмыстарын, мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. «E-kyzmet» жүйесі және халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет сапасын жақсарту жолдарын ұсынды.
Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кадрлардың кәсіби шеберлігін көтеру бағытында жасалған жаңа жобаларды таныстырды. Семинар қатысушылары да сөз сөйлеп, ауыл әкімдері өзін-өзі басқару жүйесі бойынша пікір алмасты.
Семинардың қорытындысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту үшін ауылдық жерлерде электронды қызмет көрсету жолдарын қарастырып, жаңа жоба әзірленіп жатқанын айтып, бірқатар жоспарларымен бөлісті.
* * *
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен де кездесті. Оған облыс әкімдігінің басқарма, жергілікті атқарушы органдарының басшылары, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуды ашқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов Алик Шпекбаев пен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Фатима Жақыпованың ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы облыстық филиалы ғимаратының ашылу салтанатына және аймақтық семинар-кеңеске қатысқанын айтты. Агенттік төрағасына сөз берді.
– Таразға осыдан екі жыл бұрын келгенмін, – деді ол. – Осы мерзімде шаһарда көптеген оң өзгерістерге куә болдым. Қалада бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, зәулім жеке үйлер салынуда. Мұның өзі халықтың әл-ауқатының артып, тұрмысының түзеліп келе жатқанының айқын дәлелі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ел игілігі үшін қолға алып жатқан жобаларымен де таныстым. Олардың сәтті жүзеге асатынына сенімдімін. Мен біраз уақыт бұрын Армения мен Өзбекстанда болдым. Олар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жаңадан қабылдап жатыр.
Президенттің сарабдал саясаты нәтижесінде бұл іс бізде 20 жыл бұрын қолға алынды. Осы мерзімде агенттікте көп жұмыс атқарылды. Қалыптасу кезеңінде елеулі тәжірибе жинақталды. Мемлекеттік қызмет істері осы мерзімде үш кезеңнен өтті. Кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған Стратегия қабылданды. Соның нәтижесінде елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейі біраз төмендеді.
Баяндамашы бүгінде елімізде мемлекеттік қызметте 1,5 миллионға жуық адам қызмет істейтінін тілге тиек етті. Агенттікте олардың айлық-жалақысын өсірудің барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы мақсатта оңтайландыру қолға алынуда. Келешекте бірқатар артық құрылымдарды қысқарту көзделуде. Цифрлық жүйеге көшу кезінде 2,5 мың адам қысқартылады. А.Шпекбаев, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыста жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Келесі сөз кезегін алған агенттіктің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлмира Қабиева кейінгі кезде жұмысты жетілдіру мақсатында өздерінде енгізіліп жатқан жаңалықтар туралы кеңінен әңгімеледі.
Облыс басшысы Асқар Мырзахметов басқосуды қорытындылап, мәртебелі мейманға мазмұнды да маңызды әңгімесі үшін зор алғыс айтты.
* * *
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев түстен кейін «Достық» үйіне барып, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқарма басшыларымен кездесіп, әңгімелесті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, бірқатар басқарма басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан шаралар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы баяндады. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» өңірлік жобасы офисінің жұмысымен танысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңіріміздегі көптеген жаңа идеялар мен жобалардың туындауына түрткі болған еді. Осы мақсатта офистің интерактивті алаңдары ашылған. Алаңдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, онда электронды форматта интерактивті табло және интерактивті киоскілер жұмыс істеуде.
Бұдан кейін агенттік төрағасы облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Онда «Protecting Business and Investments» жобалық офисінің жұмысы таныстырылды. Жұмыс сапары барысында Алик Шпекбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени және Ақыртас сарай кешенін аралады. Сонымен қатар облыс орталығындағы биыл толық жаңғырту жұмыстары жүргізілген Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағына барып, игі істің нәтижесін көрді.

Ақылжан МАМЫТ,
Ардақ ҮСЕЙІНОВА.

Comments are closed.

микро займ на карту