- Advertisement -

32 НЫСАН «ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТАН» ӨТІП КЕТКЕН

262

- Advertisement -

сондай-ақ Тараздағы толып жатқан май құю стансалары қала көркін кетіріп,
экологияға кері әсерін тигізуде

Жыл басынан бері облыс орталығы мен шағын қалаларды, елді мекендерді заман талабына, өркениетке сай сәулеттендіру қызу қарқынмен қолға алынуда. Бұл мәселеде шағын қалалар да, ауыл-аймақ та облыс орталығына қарап бой түзейтіні анық. Өйткені Тараз – облыстың айнасы. «Aq jol» газеті облыс және аудан орталығының кескін-келбеті, архитектуралық сәулеті туралы жазып келеді. Қаланың болсын, ауылдың болсын сәулеті туралы сөз болғанда бірінші жөн-жосықсыз салынған құрылыс нысандары келеді көз алдымызға.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов туған ауыл мен тұрған қаланы көркейтіп, сәулеттендіруге пәрмен беріп, облыс орталығындағы құрылыс нысандары мен демалыс орындарын жаңғыртуға тікелей өзі басшылық жасауға кіріскенде, бұрындары «мызғып» кеткен облыстық, қалалық мекемелердің осы салаға жауапты басшылары «ұйқыларынан» оянды. Әлбетте жұмысты тоқыратқандары қызметтерінен кетті де. Дегенмен сең қозғалып, жұмыс қарқын алды.
Тараз қаласындағы «қызыл сызықтан» аттап кеткен құрылыс нысандары көзге қораш көрініп, ежелгі шаһардың кескін-келбетін бұзып, ажарын тайдыратын. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасынан алған мәліметке қарағанда осындай 20 нысан анықталған. Атап айтқанда, Сыпатай батыр көшесі №69 мекен-жайындағы, Жамбыл даңғылы 156 «а» мекен-жайындағы сауда және дүкен құрылыстарын бұзуға қатысты іс-материалдары Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан Тараз қалалық сотына талап-арызы жолданған.
Аудандарда да «қызыл сызық» ережесін бұзған 12 нысан құрылысы анықталған. Мәселен, Қордайда – 5, Т.Рысқұловта – 4, Жамбылда – 2 және Меркіде 1 құрылыс нысаны бойынша аудандық әкімдіктерге «қызыл сызық» ережелерін бұзып жүргізілген құрылыс нысандарының иелеріне шара қолдану үшін ықпал ету хаты жолданғанымен, әзірге ешқандай шара қолданылмай отырған көрінеді.
– Объектілерге құрылысының сапасына бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында жер учаскесіне тиісті құқықтың бар-жоғы тексеріледі. Бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында жерге тиісті құқық расталмаған жағдайда, ол заңсыз өз бетімен салынған құрылыс болып табылады. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 17-бабына сәйкес құрылысты өз бетінше салу сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарды бұзушылық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Өз кезегінде басқарма тарапынан тексеру нәтижесі бойынша заңсыз құрылыс анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 319-бабына сәйкес, айыппұл және құрылысты бұзу түріндегі жаза көзделген. Биыл басқарма тарапынан заңсыз құрылыс бойынша 7 әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды, – дейді облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов.
«Қызыл сызықтан» өтіп кеткендерге қарсы қызу «майдан» ашылды. Енді заң талаптарына мойынсұнбайтын ондай кәсіпкерлер заңсыз салынған құрылысын қайта бұзып, айдың-күннің аманында миллиондаған теңгесін желге ұшырады.
Біз осы бір мәселені жыл басынан қаузап келеміз, қала мен ауылды аралаймыз. Осы «қызыл сызықтың» ережесін пысқырмайтындар арасында жанар-жағармай құю стансаларының қожайындары да бар. Тараз қаласының даңғылдары мен көшелерінде қолқаны қабатын, көлікке кептеліс жасатып, адам өміріне қауіп тудыратын ондай орындар жетіп, артылады. Қаланы басқарған әр әкімнің тұсында көлік көп жүретін көше бойларынан тиісті жерді жекешелендіріп, май құю стансаларын ашып алғандардың май құю стансаларын қайта жаптырып тастау енді мүмкін емес шығар.
– Облыс аумағында 272 жанар-жағармай құю стансасы есепке алынған. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатер деңгейін бағалау критерийлеріне сәйкес, жанар-жағармай құю стансалары аумағына қарамастан жоғары қатер тобына жатады, сондықтан аталған объектілерге тексеру жыл сайын жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетімен қалыптастырылған жоғары қатер тобындағы объектілерге бақылау жүргізудегі екі кезеңді модель (1-кезең – жоспарлы тексерулер, 2-кезең – бақылаулық тексерулер) объектілерді өртке қауіпсіз жағдайға келтіру бағытталған. Яғни жоспарлы тексеру кезінде анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуды жою бойынша объекті басшысына ұйғарымдама беріледі. Ұйғарымдама бақылаудағы субъектіден талап етілетін заңды құжат, нақты талаптарды белгіленген мерзімде орындауды міндеттейді. Оларды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады және объектінің жұмысын тоқтатуға негіз болады.
Облыс аумағындағы жанар-жағармай құю стансаларының өртке қарсы жағдайына тексеру жүргізу 2018 жылғы екінші жарты жылдыққа жоспарланған, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев. Жанар-жағармай құю стансалары тұрғын үйлерге және қоғамдық ғимараттарға дейінгі арақашықтығы 50 метрден кем болмауы тиіс екенін де еске салды департамент бастығының орынбасары.
Жоғарыда атап көрсеткен облыстағы 272 май құю стансасының 53-і Тараз қаласында екен. «Заправка» қожайындары экологияға келтірген залалдары үшін тиісті төлемін төлейтінін де естідік. Ақша билеген заман-ай, әйтпесе адам денсаулығы мен өмірінен артық не бар?
Мынаған қараңыз, қаланың қақ ортасындағы Төле би даңғылы бойындағы «Арай плаза» бизнес орталығының қарсы алдындағы жолдың іргесінде май құю стансасы бар. Бұл жерден ары-бері өткен жүргіншілер «заправканың» түбінен бет-аузын тұмшалап, май құюға келген құжынаған көліктің астында қалып қоям ба деп, жанын шүберекке түйіп өтеді. Өйткені жаяу жүргіншілер жолы жабылып қалған. Шымкент бағыты мен әуежайдан келетін жолаушылар жүретін облыс орталығындағы ең үлкен даңғылдың дәл іргесінен май құю стансасын ашуға жер берген қаланың қай әкімі екен? «Мен заң талаптары бойынша бердім» дейтін шығар ол жерді. Алайда ол маңнан ары-бері ағылған жүргіншілердің жайын ойламағанына қынжыласың.Сәл әрірек, жолдың қарсы бетінде тағы бір «заправка» бар. Ол енді «қызыл сызық» ережесін аттап кетпеген сияқты әйтеуір. Бұдан былай қала ішінен май құю стансаларын салуға қатаң тыйым керек. Мұны Тараз қаласы әкімдігінің тиісті мекеме басшылары ескерсе. «Қаладағы сатылатын жердің бәрі сатылып кетті» деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Түрлі кәсіпкерлік нысандарын сатып алатын бизнесмендер «пайданың көзі» деп «заправка» ашып алуына жол бермеу керек. Егер облыс орталығынан май құю стансасын ашуға тиісті құжатпен тыйым салынбаған болса қалалық әкімдік арнайы қаулы, мәслихат шешім шығаруы қажет болар.
Баяғыда кеңес заманында май құю стансасы дегеніңіз қаланың сыртында болатын. Ол заманда дүниенің барлығы мемлекеттікі еді. Еркін еңбекке жарқын жол ашылған тұста жұрттың көбі кәсіпкерлікке бет бұрды. Дүниенің жартысы жекенің қолына өтті. Дұрыс, заман талабы солай. Бірақ заман талабымен қатар, адам тағдыры бар емес пе? Май құю стансасы тұрғын үйден, маңызды нысандардан қашық болғаны жөн. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, қаладағы «заправкалардың» бірін от-жалын шарпып, жарылып жатса оның зардабы ауыр болады. Апаттан адам шығыны болуы да мүмкін. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «заправкаларда» өрт қауіпсіздігінің алдын алуда кешенді шаралар жүргізіп жатқанымен бір ғана өшірілмеген темекі тұқылы немесе бір тал шырпы дүниенің астан-кестенін шығарып кетеді.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support