- Advertisement -

«Jambуl» телеарнасы ЖАҢА МАУСЫМЫН БАСТАДЫ

148

- Advertisement -

Биыл 29-маусымын қарсы алған облыстық «Jambуl» телеарнасы өзіндік айтары бар, облыста орны қалыптасқан шығармашылық ұжымға айналды. Қазір тәулігіне 17 сағат эфирге шықса, оның 60 пайызы – облыстық телеарнаның төл өнімі. Мұнда аптасына отыздан астам телебағдарлама көрерменге жол тартса, «Жаңалықтар қызметі» тәулігіне үш мәрте тікелей эфирге шығып отыр. Ал облыстық радио күн сайын екі сағат хабар таратады. Көрерменге жаңа бағдарламаларды ұсынуды мақсат еткен «Jambуl» телеарнасының басшылығы Тараздағы «Достық» үйінің мәжіліс залында жаңа маусымның тұсаукесерін өткізді.

Жиында алғашқы сөз «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы өндірістік орталығының директоры Меруерт Құмароваға берілді. Ол өз сөзін «Qazaqstan» телеарнасының соңғы кездегі жаңалықтарынан, бірнеше жаңа бағдарламалардың көрермендерге жол тартқанынан бастады. «Men QAZAQPYN» мегажобасы биыл екінші жыл жалғасса, «Қарекет», «Шаңырақ», «Қайырлы кеш, Қазақстан!», «Шипагер» бағдарламалары да көпшіліктің көзайымына айналып үлгеріпті. Сондай-ақ 16 отандық көп сериялы телехикая дайындалып, эфирге кезегімен шығару көзделуде екен. Әлемнен спорт хабарларын таратуда да бұл телеарнаның белсенділігі жоғары болмақ. «Қазақстан» корпорациясының құрамындағы «Qazsport», «balapan», «Tamasha tv» арналарының да көпшілікке жағымды жаңалығы жетерлік. М.Құмарова өзінің 29-маусымын бастағалы отырған «Jambуl» телеарнасының белсенді жұмысына тоқталып, жаңадан 6 бағдарлама ашуды жоспарлағанын айтып, филиалдың жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп, өңірге кеңінен хабар таратып отырған «Jambуl» телеарнасының жаңа бағдарламаларына сәттілік тілеп, өзінің де 61 жыл тасқа басылған тарихы бар «Қазақстан» ұлттық арнасында екі жыл еңбек етіп, бағдарлама жүргізгенін айтып, «Jambуl» телеарнасымен де тығыз байланыс орната беретінін жеткізді.
«Jambуl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық өзі басқаратын филиалда жаңадан ашылған «Alaman», «Damu kz», «Men QAZAQPYN», «Ғасыр керуені», «Достық дастарханы» бағдарламаларының маңызы мен салмағына, тағылымына тоқталды. Әр филиалдың тұсаукесерін өткізіп, жаңа жоспарлар құруға мүмкіндік беріп отырған «Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясының басшысы Ерлан Кариннің қолдауына алғысын білдірді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің де ақпарат саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын айта келіп, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Телеарнада бұрыннан көрсетіліп келе жатқан «Жеті қазына», «Салмақты сөз», «Алтын бесік», «1-студия» бағдарламалары жаңа мазмұнмен көрермен назарына ұсынылатынын, «Президент пәрмені», «Алаш айтқан асыл сөз» роликтері көпшілікке тағылым сыйлайтынына, телеарнада 100 адам еңбек ететініне, журналистермен қатар инженер, оператор, жарық беруші, монтажер секілді мамандардың да еңбегі зор екеніне тоқталды. Келесі жылы қараша айында «Jambуl» телеарнасының 30 жылдығы аталып өтілетініне тоқталды.
Мұнан соң сөз алған ардагер тележурналист Қалыбек Атжан осы салада 40 жыл еңбек еткенін, бозбала кезінен бастаған жұмысына ерекше құрметпен қарайтынын айтып, 61 жылдық тарихы бар Ұлттық арнаның, 30 жылдың белесіне қадам басқан «Jambуl» телеарнасының жұмысына толағай табыс тіледі.
Жиын соңында облыстық филармонияның әншілері Ғани Мәтебаев, Қайсар Көкішев, Әлішер Болтаев, Мәлік Ақүрпековтің «Елімді сүйемін» атты патриоттық әнін шарықтата шырқады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support