- Advertisement -

Немқұрайды қарауға болмайды

160

- Advertisement -

Жуалы ауданында теріс діни ағымның үш өкілі ұсталып, сотты болған еді. Облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысында аудандағы діни ахуал мәселесі майшаммен қаралып, облыс әкімдігі дін істері басқармасы жүргізген зерделеудің нәтижелері жария етілді.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков төрағалық етсе, оған кеңес мүшелерімен қатар, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ішкі саясат, білім, спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармалары мен аудандық бөлімдердің басшылары, мектептердің зайырлылық және дінтану пәні мұғалімдері, өңірдегі діни бірлестіктердің басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда әуелі аталған ауданның әкімі Бақтияр Көпбосынов баяндама жасап, аудан аумағындағы діни ахуал туралы мәлімет берді. Бақтияр Бейсембайұлының айтуынша, ҚМДБ филиалдары ретінде бүгінгі таңда 26 мешіт пен 1 намазхана, 2 православ шіркеуі және «Йегова куәгерлері» қауымы жергілікті бөлімшесі тіркелген. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров ауданда заңсыз миссионерлік қызметін бірнеше жылдан бері ашықтан-ашық жүргізіп келе жатқан Ресей азаматы Клипенштейннің ісі сотқа дейін жеткізілетінін, алайда соттан кері қайтарылатынын түсінбейтіндігін атап айтты. Өз кезегінде Бақтияр Көпбосынов Клипенштейннің жуырда Қазақстан азаматтығын алатынын, содан кейін қызметін заң аясында жүргізетінін айтса, аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Ерлан Қайыпов аталған шетел азаматына тек айыппұл салумен шектелгенін тілге тиек етті. Жалпы, бүгінгі күнге дейін ауданда теріс діни ағымды уағыздаған 3 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылса, жат ағымның жетегінде кеткен бірнеше азамат райынан бас тартып, дәстүрлі діни жолға түсіпті.
Бұдан әрі Бекболат Серікбекұлы ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевтан мешіттердің заманауи бейнеқондырғылармен жабдықталуы қай деңгейде екенін сұрады. Жиын төрағасының сауалына жауап берген бас имам дін қызметкерлерінің заң аясында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Барлық мешіттерге бейнебақылау қондырғысы орнатылып, төңіректің таза әрі келуші жамағатқа жайлы болуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының өкілі Сәуле Байбатшаева мамыр айында жүргізген зерделеу нәтижесінде ауданда бірқатар кемшіліктер орын алғандығына тоқталды. Мәселен, аудандағы жауапты бөлімдер мен ауыл әкімдері дін саясаты саласындағы жұмысқа немқұрайдылық танытқан. Сол себепті тиісті сала басшыларының жауапкершілігін күшейту қажеттігі туындап отыр. Жиын соңында Бекболат Орынбеков қозғалған мәселелерді хаттамаға түсіріп, жауаптыларға жүктелген тапсырмаларды орындауды міндеттеді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support