- Advertisement -

Әрқашан абырой биігінде

544

- Advertisement -

Нағыз адамға тән асыл қасиет – турашылдық пен уәдеге беріктік, жауапкершілік пен адалдық. Бұл мінез әр азаматтың ел алдындағы беделін өсіріп, қадірін арттырады, арман биігіне жетелейді.

Мұны айтып отырған себебім, менің кейіпкерімнің бойында дәл осындай қасиеттер тұнып тұр. Оңласын Есіркепов қай салада қызмет істесе де, үнемі абырой биігінен көрінді.
Екеуміз түйдей құрдаспыз. Батыста қандықасап соғыс жүріп жатқан 1943 жылы туған біздің ұрпақ кенедей кездерінен-ақ ел басына түскен түрлі қиындықтарды көріп өсті, ерте есейді. Көкірегінде оты барлары білім, ғылымға ұмтылды. Сол замандағы ең жоғары сұраныстардағы мамандықтарды игеріп, халық шаруашылығының өркендеуіне өз үлестерін қосты. Істе танылғандары басшылық қызметтерге жоғарылатылды, партия жұмысына ауысып, ірі кәсіпорындар мен мекемелердің тізгінін ұстады. Осындай буынға жататын Оңласын екеуміздің жақын танысуымыз менің Жамбыл ет комбинатын басқарып жүрген кезімде болған еді.
Бүгінгі жастар біле бермейтіндіктен айта кетейін, кешегі кеңестік дәуірде Жамбыл ет комбинаты республикадағы ең ірі ұқсату кәсіпорындарының бірі болатын. Комбинатқа мал облыстың барлық аудандарынан ғана емес, Қырғыз Республикасының көршілес Талас облысынан да жеткізілетін. Ал шығарған өнімдерінің басты тұтынушылары сол кездегі астанамыз Алматы мен Орта Азияның ірі өнеркәсіп орталықтары, әсіресе Ташкент қаласы еді. Шетелдерге де өнім жөнелтетінбіз. Осыдан да болар, кәсіпорын қалалық партия комитетінің назарында болды. Оның екінші хатшысы Оңласын Есіркепов біздегі партия жиналыстарына тікелей өзі келіп қатысатын. Киім киісі ғана емес, сабырлы да салмақты екені, байыпты сөйлейтіні, комбинатты аралаған кезінде қатардағы еңбек адамдарымен көбірек тілдесіп, олардың осындағы партия, кәсіподақ ұйымдарының жұмысына деген бағаларын сұрастыратыны, өнімді еңбек етулеріне, тынығуларына қандай жағдайлар жасалғандығын білуге ынта танытатыны бәрі-бәрі іскерлігінен, іс мүддесін ойлайтынынан хабар берген еді. Ал кәсіпорынды он бір жыл басқарғанда жоғарыдан шіреніп келіп, жөні дұрыс сөз айта алмай кеткендердің талайын көрдік қой. Сондықтан да Оңласынның олардан ерекше болмысы, үлкенмен үлкен, кішімен кіші бола білетіні маған ғана емес, комбинат қызметкерлеріне жақсы әсер қалдырды. Әр жолыққан сайын әңгімелесе қалсақ, облыста орын алған оқиғаларға деген пікіріміз көбіне бір жерден шығатын. Ал бұл достық негізі ғой.
Өмір бір орнында тұрмайды. Біріміз партия қызметкері, екіншіміз кәсіпорын директоры болып істеген кезден бері де қаншама жыл алмасты. Түрлі лауазымдарда қызмет атқардық. Осы жылдар ішінде Оңласын екеуміз бір-біріне сенім артқан адал достарға айналдық. Сенім күшейген сайын достық та нығая береді деген рас екен. Бір-бірімізден сыр жасырған кезіміз болған емес. Сыйластығымыз ерекше.
Уақыт сынынан өткен достығымызды, Оңласынның елден ерек бітім-болмысын, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмысты жылдар бойы қатар алып келе жатқан жастарға өнеге боларлық керемет еңбекқорлығын, қандай шаруаны қолға алмасын тыңғылықты атқаратын ұйымдастырушылық қабілетін, халыққа жақындығын, жаны мен қолының тазалығын, өзіне де, қарамағындағыларға да талапшылдығын үнемі үлгі етіп айта жүремін.
Қарапайым ауыл баласының елге танымал қайраткер дәрежесіне жетуі қайсарлығы мен табандылығының, тура жолдан ауытқымауының арқасы екені даусыз. Ал осынау қасиеттер оның бойына қайдан дарыған дегенде қазекемнің «Тәлім-тәрбие әкенің өнегесімен, ананың ақ сүтімен беріледі» деген даналық пайымдары еске оралады. Өзі шерткен сырлардан және қариялардан естіген әңгімелерден жақсы білемін, Қобыланды батырдың тұлпары Тайбурылдың тұяғының тасқа түскен ізі қалған Бурыл тауының етегіндегі Көктал аталатын шағын ауылда өмір сүрген әкесі Есіркеп, анасы Мейізгүл бірі малда, екіншісі қызылша даласында еңбек еткен, төңірегіне ізгілік нұрын шашып өткен, сонысымен де елге сыйлы жандар болған. Осы жөнінде соғыс және еңбек ардагері, әдебиет және өнер сыншысы Яхия Шынәсілұлының естелік әңгімесін тыңдағанымыз бар. Көп жасап, бертінде қайтыс болған қадірлі ақсақал өзіне туған нағашы болып келетін Есіркептің барлық саналы өмірін ұжымшар дәулетін арттыруға жұмсағанын, бірде-бір адамды ренжітіп көрмегенін, ал Мейізгүлдің жолдасынан қалыспай еңбек үлгісін көрсеткенін, жүзінен мейірімділік шапағаты төгіліп тұратынын, екеуінің ұл-қыздарын адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелегенін айтып сыр шерткен. Меккеге қажылыққа алты рет барған, имандылық жолын ұстанған қаржыгер, бірнеше кітабы шыққан ақын, марқұм Әмірбек Есенбаевтың да жерлесі, замандасы Есіркепке арнап жыр-толғау жазғанын да білеміз.
Ата-анасының жақсы қасиеттері жұғысты болған Оңласын Есіркеповтің тағдыры біздің еліміздің тарихының бір бөлшегі іспетті дер едім. Ол соғыс кезінде туған қазақстандық балалардың жай-күйін сезініп, қиындықтар мен ауыртпалықтарды, жоқшылық пен жетіспеушіліктерді өз көзімен көрді. Осындай ауыр күндер оның мінезін қалыптастырып, шынықтырды. Сондықтан ол әрқашан өз алдына айқын мақсат қойып, соған жеткенше тыным таппайтын, еңбекқор, өз-өзіне талап қоятын адам болып қалыптасты. Бойындағы жақсы қасиеттері кейін басшы болған кезінде өзі басқарған ұжымдардың қызметкерлерін шабыттандырып, жалындатып қоятын.
Балалық шағы қиындықтарға толы болған Оңласынның оқу-білімге құштарлығы ғой, бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қысы-жазы 3-4 шақырым қашықтағы Құмжота ауылына жаяу-жалпылап қатынап жүріп, жетіжылдықты да ойдағыдай тәмамдап, Жамбыл қаласындағы Жамбыл орта мектебінің интернатына қабылданды. Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков сынды талай танымал тұлғаларды баулыған байырғы білім ордасында бағына орай жақсы ұстаздарға тап келді. Интернат директоры қатал да әділ Әкім Садықбеков еді. Осында оқып жүргенде тағдырдың қатал сынағына тап болды. Асқар таудай әкесі өмірден өтті. Ізіне ерген үш қарындасы бар, бір үйдегі жалғыз еркек кіндікті ол анасына сүйеніш болуды ойлап, каникул сайын колхоздың сүт фермасында еңбек етті, қалаға сүт тасыды. Осылайша азын-аулақ қаржы жинап алатын. Еңбектің қадірін, адал жолмен нәпақа табудың қасиеттілігін өте ерте ұқты.
Ауыл-аймақ жұрты Есіркептің артында қалған тұяғының еті тірілігінен жақсы хабардар еді. Болашағынан да зор үміт күтетін. Орта мектепті бітірген жылы пионервожатыйлық жұмыс сұрап барған оны аудандық оқу бөліміндегілер бірден бастауыш мектепке мұғалім етіп жіберді. Бір жыл ұстаздық еткен білімге құштар жас Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына емтихан тапсырып, барлық сыннан сүрінбей өтті. Бірақ күзде институт аудиториясында дәріс тыңдауға емес, әскери борышын өтеуге шақырылды. Солтүстік әскери флотында қызмет етті. Үш жылда үлкен шынығу мектебінен өтті. Ол заманда кеңес армиясы қатарында қызмет еткендердің арасынан тәртібімен, білімімен, белсенділігімен көзге түскендерді партия қатарына қабылдайтын. Оңласын осындай талаптан шыға білді. Елге партия билетін алып оралды.
Бұл кезде өзі оқуға түскен Жамбыл технологиялық институтында жаңадан экономикалық факультет ашылып жатқан. Келе сала осы факультетке ауысты. Оқу үлгерімі жақсы әрі партия мүшесі екені ескеріліп, факультет комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Қоғамдық жұмыс деген жоқ, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарады.Өзін жастар жетекшісі ретінде таныта білді. Жыл өтпей институт ректоры Хамза Сейітовтің ұсынысымен комсомол комитеті хатшысының орынбасары болып сайланды. Студенттік құрылыс қосынының комиссары етіп бекітіліп, Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында құрылыс жұмыстарын атқаруға басшылық жасады. Болашақ мамандар мен олардың жігерлі жетекшісінің малды өңірлердегі екпінді еңбектері, әрине, еленбей қалған жоқ. Оңласынның есімі үлкенді-кішілі жиындарда үлгі етіліп айтылып жүрді. Соңғы курста оқып жүргенінде институт партия комитетінің хатшысы әрі ұстазы Қуандық Тұрдалин Жамбыл педагогикалық институтына ректор болып ауысып, Оңласынды аттай қалап, өзімен бірге ала кетті. Бұл жоғары оқу орны комсомол комитетінің аудандық комсомол комитеті мәртебесі бар еді. Оңласын бірінші хатшы болып сайланысымен қызу іске кірісті. Үш жылда өзін ұйымдастырушылық қырынан жақсы танытты. Институт жастары одақтық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарды. Төртінші жылы облыс басшылығы мен Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті зор сенім артып, Жамбыл қалалық комсомол ұйымының бірінші хатшысы болып сайланды. Әрі қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болды.
Оңласын қала жастарының жетекшісі болған жылдары өңірімізде химия өндірісі ерекше екпін алған-ды. Химия алыптары атанған зауыттар комсомол жастардың қолымен салынды, өнім өндірді. Қалалық комсомол комитеті жастарды екпінді еңбекке жұмылдыруда өлшеусіз қызмет атқарды. Мұндай шұғылалы сәттерді басынан аз кешірген жоқ. Әдебиет пен өнер майталмандары Шерхан Мұртаза, Шәмші Қалдаяқов, Асанәлі Әшімовпен танысты. Қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаев пен кемеңгер басшы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев «Бір жапырағым» деп еркелеткен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және басқалармен күні бүгінге дейін байланысын үзген жоқ.
Компартия билеген заманда Алматы жоғары партия мектебіне оқуға өзін таныта білген, сыннан өткендер ғана жіберілетін. Оңласынды ұсынған Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановтың өзі еді. Іскер кадрларының білімін көтерулеріне үнемі қамқорлық жасап отыратын өңір басшысы оқуын бітіріп келгенінде де зор сенім артты. Жамбыл қант зауыты партия бюросының хатшысы етіп жіберді.
Аға ұрпақ өкілдері жақсы білетіні сөзсіз, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары республикада өндірілетін қант шикізатының 60 пайызы Жамбыл облысының үлесіне тиетін. Осыдан да бағалы техникалық дақылдан мол өнім өсіру ғана емес, оны өңдеу, ұқсату ісінің де талапқа сай атқарылуы аса маңызды жұмыс учаскесі саналды. Оңласын зауыт партия ұйымының жұмысын қысқа мерзімде жолға қойды, коммунистердің еңбек белсенділігін арттыра білді. Көп ұзамай облыстық партия комитетінің аппаратына, жауапты ұйымдастырушы қызметіне шақырылды.
Жалпы, Оңласын қызмет таңдаған адам емес, қандай қызметке барса да жоғарыдағы басшылардың ұйғарымымен болып жататын.
Нарықтық экономикаға көшумен айналысатын жаңа мемлекеттік органдар құрылған кезде облыстың бірінші басшысы Өмірбек Байгелді еді. Өзі туып-өскен өңірді, адамдарын бес саусақтай білетін ол облыста жаңадан ашылатын Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағалығына Оңласын Есіркеповті лайық көрді. Мұндай таңдау жасағанда Өмекең Оңласынның басшылық жұмыстағы мол тәжірибесін, ұзақ жылдар халықпен қоян-қолтық қызмет атқарғанын, еңбекқорлығын ғана емес, бойындағы көп жақсы қасиеттерін де ескергені айқын. Өйткені жекешелендіру сияқты жаңа істі, мемлекеттік маңызы бар шараны атқаратын мекемеге лайықты басшы таңдауға келгенде қателесуге қақы жоқ еді.
Рас, алдымен аз уақыт төраға орынбасары етіп сынақтан өткізіп алды. Сонан соң 1993 жылдың 1 қыркүйегінде №107 шешімімен Оңласын Есіркеповті облыс әкімінің орынбасары – Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағасы етіп тағайындады. Ал 1 қыркүйек Оңласынның туған күні ғой. Бұл құжатты біздей достарының ұмытпайтыны осыдан…
Тарихтан белгілі, 1992-1993 жылдарғы ұжымшарлар мен кеңшарларды жаппай және тезден жекешелендіру науқаны ауыл шаруашылығында басталған дағдарыс жағдайында өтті. Дағдарыстың басты себебі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдері бағаларының арасындағы үлкен алшақтық еді.
Сол жылдары облыс әкімінің орынбасары болып, Оңласынмен қанаттас қызмет атқарғандықтан жақсы білемін, қиындықтар мен кедергілерді жеңе отырып, облыс агроөнеркәсіптік кешенінің ұқсатушы, өңдеуші және қызмет көрсетуші саласында 80-нен астам акционерлік қоғам құрылды. Солардың сапында мен басқарған ет комбинаты «Жігер» АҚ-ына айналды. Үш кеңшар, мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыттары мен осы тектес шаруашылықтар акцияландырылды.
Жамбыл облысында жекешелендіру үрдісі өзге аймақтарға қарағанда, біршама әділ, ашық жүргізілді. Облыста 1997 жылдың 1 ақпанына дейін реформаланбаған бірде-бір ұжымшар қалған жоқ. Бұл Оңласын досымыздың жекешелендіру ісінде де іскерлігін танытып, абырой биігінен көріне білгендігінің арқасы еді. Бүгінде облыс орталығында табысты жұмыс істеп жатқан жекеменшік кәсіпорындар мен фирмалар негізі сол жылдары қаланғанын да айта кеткен жөн.
Халқымызда «Жақсыға талас көп» деген нақыл сөз бар. Іскер кадрлар туралы айтылған болар. Өзін істе танытқан, қайда қиын болса, сонда жұмсалып, сенімді ақтап отырған Оңласын досымызға облыс әкімі болып келгенінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сарыбай Қалмырзаев аппарат жетекшілігін ұсынды. Өмірден ерте кеткен, жайсаң азаматтың өзі мемлекеттік мүлік жөніндегі республикалық комитетті басқарған кезінен білетін адамға сенім артуы дұрыс шешім болатын. Оңласын да жаңа қызметті жақсы алып кетті. Аймақ басшысының оң қолы бола білді, жоба-жоспарларын іске асыруына көмектесті. Туған облысын аз уақыт қана басқарса да, көп іс тындырған Сарыбай Сұлтанұлының кезінде жергілікті жас кадрлар ел басқару ісіне, жауапты қызметтерге батыл жоғарылатылды.Олардың арасында «біз Оңкеңнің кадрларымыз» деушілер аз емес. Президент аппаратында, Парламентте, Астана мен Алматыда лауазымды қызметтерде жүргендерін, облысымызға білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде танылғандарын санап шығар болсақ ұзақ тізімге ұласар еді.
Облысқа әкім болып келгенінде Серік Үмбетов те бір кездегі Өмірбек Байгелді сияқты Оңласын досымыздың қолына тың істің тізгінін ұстатты. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне директор етті. Нарықтық экономика заманының атқаратын міндетін жұрт жөнді біле де бермейтін мекеме жұмысы Оңкеңнің басшы болып келуімен жаңаша сипат алды. Жариялылыққа көп көңіл бөлуінің арқасы тұрғындар монополистердің коммуналдық қызмет бағаларын жөнсіз көтергендерін байқаған жағдайда кімге бару керектігін ұғынды. Олардың мүддесін табандылықпен қорғаған, тексерулер жүргізіп, баға тәртібі мен монополияға қарсы заңдылық бұзылғаны анықталса шара қолданатын департамент беделі де артты. Әсіресе департамент жүйелі ұйымдастыратын коммуналдық қызмет бағалары мен тарифтердің жобаларын алдын ала қарауға арналған жұртшылық тыңдауларына тұрғындар белсене қатысатын.
Тараздың Жамбыл атамыздың атымен аталған кезінде қалалық екі аудан болды.Соның бірі – зауыт ауданына қарасты Жамбыл суперфосфат зауытында үлкен апат орын алды. Сол тұста зауыт аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Оңласын Есіркепов комиссия құрып, апаттың себеп-салдарларын тексертті. Арасында зауыт директоры Г.Маймур да бар. Кінәлілерді жазаға тартып, шыңғыртып айып салды. Олардың шағынуымен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Банников Маймурдың СОКП ХХVI съезіне делегат болып сайланғанын алға тартып, Оңласыннан шешімін өзгертуді талап етті. Бірақ Оңласын: «Съезд делегаты болу Маймурға қауіпсіздік техникасын сақтауға жүрдім-бардым қарауға, адамдардың өміріне қауіп төндіруге, мемлекетті қыруар шығынға ұшыратуға құқық бермейді. Уәжіме келіспесеңіз, қолыңыздан келгенді істеп, мәселемді бюроға салыңыз» деп, шешімін өзгерткен жоқ. Банников әрине, бұлай етуге бара алмады. Бюро шақырса өзінің заңсыз талап қойып отырғаны әшкере болатынынан қорықты. Іштен тынды. Көп уақыт өтпей өзі де қызметінен кетті.
Кезінде Н.Ә.Назарбаевтың облыстағы сайлауалды штабын басқарғандардың бірі болған Оңласын сол кездегі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болған жылдары да елдің жоғары бағасын алған тірліктер тындырды. Осы үшін оған билік партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі берілді.
Зейнетке шыққаннан кейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қызметкерлері облыстық комитетінің төрағасы болып істеді. Осы ұйымды басқарып жүргенінде Оңласын жасаған мемлекеттік мекемелер кәсіподағы облыстық комитетінің келісімі үздік құжат ретінде ТМД елдері кәсіподақтары кеңестері одағының мүшелеріне таратылды. Облысымыздан Халықаралық кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған бірінші әрі бірден-бір азамат ол – біздің Оңласын.
Қандай қызмет атқарса да ол адамгершілік жолынан еш тайған жоқ. Қазірде де төрағаның кеңесшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Құдайға шүкір, алты мүшелден алқынбай асқан, әлі де аттан түспей келе жатқан Оңласын досымыздың ұзақ жылғы мінсіз де жемісті еңбегі ескерусіз қалған емес. Елбасының Жарлығымен мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған. Тараз қаласының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Белсенді қоғамдық қызметі үшін Н.Назарбаевтың Алғыс хатын алған.
Біздің досымыз үшін мағыналы өткен әр күні жылдан қымбат. Осыдан да болар, сан алуан шаралардың қалың ортасында жүретіні. Өзін «Шымыр ата» және «Байзақ датқа» қорларының төрағасы етіп сайлап алған елдің сенімін ақтап, атқарған жақсы істерімен де кеңінен танымал. Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі. Облыс басшылығының қалауымен өз еліміз бен бұрынғы одақтас республикалардың талай өңірлеріне жолы түскен кездері қаншама?! Мәскеу төрінде Алаш арысы Тұрар Рысқұловқа 1931-34 жылдары осында қызмет істеген кезінде Покров бульварындағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылғанда жаны жәннатта болғыр асыл азамат, қадірлі ағасы Арғынбай Бекбосынмен бірге облыс атынан барып қайтты. Енді бірде Ақ Жайық өңіріне сапарлап, кезінде облыстың бірінші басшысы болған Мұстахим Ықсановты еске алу жиынына қатысып оралды.Мұндай жол-сапарларын келтіре берсек көп…
Батыр бабасы – Байзақ датқа Мәмбетұлын ұлықтауда Оңласын досымыз қосқан үлес зор. Арысын айтпай-ақ, беріден толғасақ, Байзақ датқаның туғанына 225 жыл толуы есімі берілген ауданда кең көлемде аталып өтуін жақсы ұйымдастырды. Астананың жаңа көшелерінің біріне Байзақ датқа есімі берілуі де Оңласынның табандылығымен іске асқан игілікті де сауапты шаруа еді. Осы оқиғаға орай Елордада елдегі батыр ұрпақтарының келіп қатысуымен тағылымды шара өтуін ұйымдастырған да Оңласын досымыз.
Арамызда аман-сау жүрген жалғыз Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованың сегіз мүшелге – 98 жасқа толған мерейтойы дүркіреп өткені облыс тарихында қалар жақсы оқиғалардың бірі болды. Тағдырдың небір қиындықтарын көрген еңбек адамын құрметтеудің, жастарға үлгі етудің осынау тағылымды шарасын бастан-аяқ ұйымдастырған Оңласын болатын.
Жыл сайын мамыр айы туа Ташкенттегі Шымыр баба күмбез-кешенінде оның әруағына арнап ас беріліп тұрады. Осынау сауапты да тағылымды шараның дәстүрге айналғаны да Оңласын досымыздың еңбегі.
Ел-жұрттың алғысына бөленген осындай жақсы істері көп, бір адамға бұйырар бақыт иесі Оңласын Құдай қосқан қосағы Бибісара екеуі ұлдары мен қыздары Ербол мен Алтынайды жеткізіп, бес немересінің қызығын көріп отыр. Өз алдарына жеке отау тіккен Ербол – мемлекеттік лауазымды қызметте, ал Алтынай бизнеспен айналысады.
Жеті асудың бел ортасына келгенше елге пайдалы, жастарға ұқтырар өнегесі мол игі істердің басы-қасында жүрген адамның қартаюға да, уақытын пайдасыз нәрсеге ысырап етуге де еш қақысы жоқ. Оңласынның достары біз, осылай ойлаймыз. Жетпіс бесін тойлап отырған қайраткер азаматтың ғұмыр жасы ұзақ, денсаулығы мықты, отбасы аман, қызық-қуаныштары әрдайым мол болуын Алла нәсіп еткей деп тілейміз!
Алда да абырой биігінен көріне бер, достың досы, аса қадірлі Оңке!

Амангелді Момышев,
қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төралқа мүшесі, төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Астана.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support