- Advertisement -

«Үшбұлақ» пен «Зербұлақтың» арасы

351

- Advertisement -

Қайықпен серуендейтін көл түрінде
қайта жаңғыртылады

Саябақтар сілкінген жыл. Биылғы жылға осындай сипаттама берсек, әбден жарасатын секілді. Мұның облыс орталығының жалпы абаттандырылуы ісіне де қатысы бар. Орталық алаңдағы, облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы, «Желтоқсан» аллеясындағы, Атшабардағы, темір жол вокзалы аумағындағы гүлзар алаңдарының өрнектасты оюлармен, алуан гүлмен көмкерілуі бұған нақты айғақ боларлықтай. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей өзінің қолға алып, қадағалауымен көктем туа басталған бұл тірліктер алты ай жаз бойы бір толастаған емес. Әлі де жалғасуда.

Ал күллі өңіріміз үшін айрықша елеулі оқиға ретінде тіркелген «Жеңіс» саябағын жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінде аталған демалыс орнының бір бөлігі «Ерлік» мемориалдық кешені атауымен қайта түлеп, айрықша келбет-айшыққа ие болып шыға келгені, Ұлы Жеңіс мерекесі тұсында пайдалануға да берілгені жұрт жадынан шыға қойған жоқ. Бұл да құрылысшылардың үш ауысыммен еңбек етіп, ортақ игілікті үстеудің ерен үлгісін танытуының нәтижесінде мүмкін болды.
Қазір мұнда жаңғыртудың екінші кезеңінің жұмыстары қызу жүзеге асырылу үстінде. Атап айтқанда, ашық алаңқайлар көгалдандырылып, аяқжолдарға өрнектастар төселіп, шын мәніндегі демалыс аймағына айнала да бастады. Келушілердің бел жазып, аяқ суытуы үшін қойылған сәнді орындықтар да көп-ақ. Әсіресе ортадағы аллея бойына ұзыннан-ұзақ тастақталар орнатылып, оларға ердің ері Б.Момышұлының өсиет сөздері қашап жазылуы әбден оңды іс болғандай. Тараздықтардың бұл жерде енді демалып қана қоймай, батыр ұлағатына ұйып, тағылым, тәрбие алуына да мүмкіндіктері бар. Чернобыль атом электр стансасында орын алған апатты ауыздықтауға, ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіштер алаңдары да гүлмен көмкеріліп, субұрқақтар, орындықтар орнатылып, еңсесін тіктей түскен.

«Жасыл ел Тараз» ЖШС директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Мұхаметжан Арзымбетовтің айтуынша, саябақтың жалпы аумағы 6 гектарға дейін ұлғайтылып отыр екен. Суару жүйесі құрылғыларын орнату, көгалдарды күту, суару жұмыстары «Жасыл ел Тараздың» өз күшімен жүзеге асырылу үстінде. Бүгінгі күні жалпы саябақ аумағындағы қапталтастардың көлемі – 3 мың, құмшағыл мен өрнектас төселген жол табаны 4,5 мың шаршы метрді, олардың жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайды.
«Тайқазан» мейрамханасы маңына бұрын-соңды жоспарлы есепке кірмеген күмбезге ұқсас цилиндрлі құрылғылар (ротондалар) орнатылып, келушілер отырып демалатын орындықтар, жүгіру жолдары көбейтілмек. Осы маңнан балалардың ойын алаңы салынатын болады.
Ал саябақтың шығыс бетінен ағып өтетін «Үшбұлақ» каналының Қазыбек би көшесіндегі көпірінен Қонаев көшесіне дейінгі аралығындағы жағалауының жұмыстары бұдан да ауқымды. Көлтабанда алып техника күшімен қазу, тегістеу, габиондарды шегендеп, бекіту жұмыстары қауырт жүргізілу үстінде. Бұл жұмыстарға бүгінде жүзден астам адам, 10-ға жуық техника күші жұмылдырылып отыр. Арасында қоғамдық ақылы жұмысқа тартылғандар да бар. Бұрын арнаның сол жақ жағалауында жеке үйлер аулаларынан шығарылған тұрмыстық һәм құрылыс материалдары қалдықтары тау төбе болып үйіліп жататын. Шылдырлап қана ағып жататын өзен суы бетін шылау тұтып, одан қалды қамыс, құрақ өскіндері де бей-берекет өсумен тұратын. Ендігі жерде мұның бәрі де тәртіпке келтірілмек. Қамыстар орылып алынып, арна бойы қоқыстан арылтылған. Мұндай іс «Үшбұлақ» пен «Зербұлақтың» арасын толайым қамти жүргізіледі деп те күтілуде. Ал саябаққа ұласар жағалау беткейі тегістеліп, көгалдандырылады. Өзен суы көпір тұсынан байланып, көтерілген су көлтабанға қой тастар толтырылған темір торлар көмегімен тұрғызылған кісі бойындай дамбы (габион) үстін шылп-шылп шайып жататын болады. Бұл жабайы өскіндер қаптай өсіп кетуіне де жол бермейді. Мұндай габиондар каналдың сол жақ қапталына да төселіп, бір тегіс көгалдандырылмақ. Ол тұстан сондай-ақ, жалпы, қауіпсіздік үшін берік темір қоршаулар бой көтермек. «Үшбұлақтың» ішкі беті осылай қайта жаңғыртылып, түнде де күндізгідей жарықтандырылуы ойластырылуда. Ең бастысы, каналдың бұл мүйісі «Мелиоратор» ЖШС ұсынған жобаға сәйкес жасанды көлге айналдырылатын болады. Демалушылар «Үшбұлақтан» «Зербұлаққа» дейін қайықпен жүзіп барып қайтып, екі араны әлі талай жол етпек.
Саябақтың жалпы аумағындағы жасыл желек, көгал атаулы автоматты суару жүйесі арқылы суарылатын болады. Инфрақұрылымдық жүйелер толықтай жүргізіліп те қойылыпты. Жағалау бойымен де қыдыруға, жүгіруге арналған жолдар төселуде.
Айтпақшы, осындағы кеңестік кезеңде салынып, пайдаланылып келген екі бірдей аспалы көпірдің жөнделетіні тараздықтарды ерекше қуанышқа кенелтіп отыр. Көп жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмеген көпірдің арса-арсасы шыққан баспалдақтары тұрғындарға едәуір қауіп төндіріп те келген еді. «Арнайы мамандандырылған мекемелер тексеруінен де өтті. Аспалы көпірлердің сүйегі мықты болып шықты. Әлі де біраз уақыт шыдас беретін түрі бар. Оның баспалдақтары мен жақтаулары ағаштан берік етіп, қайта жасалып, жөнделуде», дейді М.Арзымбетов.
Саябақтағы құрылыс жұмыстарын «Әл Арқаржан и компания» және «Жаңа-Кемер Құрылыс» мердігерлік ұйымдары арнайы кестеге сәйкес жүзеге асыруда. Ал бұл ретте жалпы жұмыс көлемі 20 қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support