- Advertisement -

Анкарада әуелеген «әсем әуен»

212

- Advertisement -

Өткен аптада Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі Түркия мемлекетіндегі халықаралық «Анадолы» фестиваліне қатысып қайтты. Жерлестеріміз осымен 15-ші мәрте ұйымдастырылып отырған шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің арнайы шақыртуымен барды.
Еліміздің атынан өнер көрсеткен шығармашылық топты Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әуесхан Келгенбаев бастап барған-ды. Өнер мерекесі басталмас бұрын жамбылдық делегация Этимесгут ауданының мэрі Энвер Демирельдің қабылдауында болып, оған қазақ елінің ризашылығы ретінде Жамбыл Жабаевтың қорынан төсбелгіні табыс етті. Сонымен қатар жерлестеріміз өңіріміздегі шеберлердің қолынан туған, Жамбыл Жабаевтың бейнесі өрнектелген кілемшені де сыйға тартқан.
Он күнге жалғасқан дәстүрлі фестивальге бірқатар түркі тілдес мемлекет­тер мен Түркияның жергілікті өнер жұлдыздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Шараның екінші күнінде өнер көрсеткен шулықтар 50 мың көрерменге Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін, Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым» әнін, Арман Бексұлтанның «Елге тілек» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құрбым-ай», «Дей салдым-ай», «Ауылың сенің іргелі» сынды халық әндерін ұсынды. Еліміздің ұлттық өнерін Анкарада лайықты таныстыра білген «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің өнерін түріктің «Бенгү» арнасы тікелей эфирден көрсетіпті.
– 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль жоғары деңгейде өтті. Өткен жылы Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпаздары барса, биыл Шу ауданы қатысып отыр. Жергілікті халық бізді жылы қабылдады. Түркияның Нигде қаласындағы Алтай деген ауылда тұтастай қазақ ұлты тұрады екен. Ондағы қандастарымыз біздің өнерімізді көру үшін арнайы келгендерін айтып қуантты.
Сонымен қатар Этимесгут мэрі Энвер Демирель келесі жылы Түркияда Әбдімомын Желдібаевтың жеке шығармашылығына арналған кеш өткізу туралы ұсынысын білдірді. Сәтін салса, алдағы жылы шулық өнерпаздар тағы да Түркия төрінде өнер көрсетпек. Жалпы, біздің әншілер үшін 50 мың көрерменнің алдында өнер көрсету үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын. Әуелгіде толқу болды, әрине. Десе де, жерлестеріміз өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Тіпті фестиваль соңында көрермендер біздің әншілерді бір сағат бойы сахнадан жібермей қойды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Клара Исаққызы.
Дәстүрлі фестивальдың соңында еліміздің Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, шулық өнерпаздарға алғысын білдірсе, аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ризашылығын жеткізіп, мэр Энвер Демирель мен елші Абзал Сапарбекұлының иығына қазақы дәстүр бойынша шапан жапты. Бұдан кейін біздің өнерпаздар Нигде қаласында да өнер көрсетіп, кеше ғана елге оралды. Қазақ елінің мәдениетін Түркия сахнасында танытқан әншілерді шулықтар үлкен қошеметпен күтіп алды.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support