- Advertisement -

«Айша бибі» шипажайының жай-күйі алаңдатады

385

- Advertisement -

Қазір балтыры сыздап, аяқ-қолы сырқыраған жандардың талайы дерлік Жамбыл ауданындағы кіші Ақкөл көлі қара батпағының емдік қасиетін, шипасын сезінуде. Осындағы балшықпен емдеудің олар үшін орны бөлек-ақ. Өйткені емделушілердің аталған шипажай дәрігерлерінің ұдайы бақылауында болып, көл батпағын тиімділікпен пайдалануының арқасында ауруларынан құлан-таза айыққандары да аз емес. Батпақпен емделгеннен кейін екі аяғын тең баса алмайтын науқастар аттай шауып кетсе, ұзақ жылдар бойы сәбиге зар болып келген талай әйел құрсақ көтеріп, ана атану бақытына ие болған. Алайда бүгінде батпағының өзі жанға дауа, дертке шипа кіші Ақкөлдің жағасында орналасқан облыстық балшықпен емдеу шипажайының басына қайтадан «қара бұлт» үйірілген жайы бар.

Армяндық Асепян есімді дәрігердің бастамасымен 1958 жылы алғашқыда 50 адамға арналған облыстық балшықпен емдеу емханасы болып ашылған, бертінде мүгедектер үйіне айналдырылған бұл нысан биылғы жылғы жекешелендіру бағдарламасына енгізіліп кеткен. Міне, осы жайт «Даудың басы – Дайрабайдың көк Сиырына» айналып тұр. Мұнда 2016 жылдан 2017 жылдың қыркүйек айына дейін бірқатар жөндеу жұмыстары да жүргізілген.
Жалпы, жыл басында бұл мекеме үшін бас-аяғы 248 миллион теңге қаражат қарастырылған екен. Оның республикалық бюджеттен 62 миллион теңгесі бөлінбей қалып отыр. Бөлінгенді айтасыз, қарастырылуы көзделген бұл қаражаттың да заңсыздықтар орын алған деп 48 миллион теңгесі қысқартылып тыныпты. Осыдан кейін кадр мәселесінде қысқартулар орын алған. Мәселен, 2015 жылы ең алғаш ашылған уақытта мұнда штатта 151 қызметкер болған екен. Алайда дәл осы толық құрамымен мекеме ұжымы бір күн де жұмыс істемеген.

Ал былтырғы жылы мұнда 117 адам қызметкер ретінде тіркелген. Ағымдағы жылдың мамыр айына дейін дәл осы құраммен жұмыс істегенімен, қаржылық қиындықтар орын алуы нәтижесінде бертінде 15 адам жұмыстан және босатылған.
Қазіргі таңда емделушілердің 80 пайызын сүйек-буын ауруларына шалдыққандар құрап отыр. Бұдан бөлек, ерлер арасындағы бедеулік пен белсіздікке душар болғандар, жол-көлік апатынан жарақат алғандар, қимыл-қозғалысы шектеулі жандар емделуде. Сондай-ақ ортопедиялық және жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарға емшаралар көрсетілуде.
Әрине, бұдан әрі қарайғы жұмыстарды жүргізу облыстық балшықпен емдеу емханасын он жыл мерзімге сенімді басқаруға алатын тұлғаға жүктелетіні белгілі. Сенімгерлік басқару жекешелендіру жосығының алғашқы кезеңі екені белгілі. Осы уақыт аралығында мекемені сауықтырудың түрлі жолдары қарастырылуы керек-ақ, негізгі қорды инвестиция салу арқылы молықтырудың да мүмкіндігі бар. Бұл жұмыстарды кімнің, қалай үйлестіретіні былайғы жұртқа әзірше беймәлімдеу. Нысан сенімді басқаруда болған кезде қомақты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алса, жақсы. Ал бұлай болмаған күнде емделушілер мұнда тек өз қаражаттарымен келіп, емделуге мәжбүр. Айталық, үстіміздегі жылдың маусым айында осында ем-дом қабылдаған 121 емделуші негізінен мемлекет көмегіне арқа сүйеген. Олардың күндік емделу құны 9984 теңгеге түскен, емханада бір мезгілде 15 адамның 10 күн бойы емшара қабылдауына мүмкіндік бар.
– Жалпы, бұл ел өңірлері бойынша бірегей көл, бұрынғы кезде аумағында жылан көп болған деседі жұрт. Содан болар, балшығының, қала берді балдырларының өзінің емдік қасиеті өте зор. Әсіресе буын ауруларына бірден-бір ем. Дерті меңдеген қаншама жан осында емделген соң ауру-сырқауларын ұмытты.
Қазіргі заң бойынша көл орман шаруашылығы министрлігіне қарайды. Олар бұл көлді кезінде жалға беріп жіберген. Ал жалға алушылар балық шаруашылығымен айналысады. Мұндағы судың тереңдігі кісі бойынан аспайды. Жаяу кешіп өтуге де болады. Көлдің 50-60 сантиметрдей үстіңгі қабаты су болса, қалғаны балшық. Былайша айтқанда, қара алтын! Енді сол балшықтың өзі мүлде өзге саладағы министрліктің құзырына қарайды. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, балық шаруашылығымен айналысу үшін көлді жалға алғандар балшықтың жай-күйіне көңіл аударар ма екен?! Біз балшықтың емдік қасиетін жоғалтпас үшін тиісінше шаралар қолдануымыз қажет қой. Қазіргі таңда мұнда жылан да қалған жоқ-ау. Мұнда ең алдымен санитарлық аумақ қалыптастырылуы қажет. Көл маңына мал атаулы мүлде жолатылмауға тиіс. Ал қазір айнала-төңірегімізде жылқы, сиыр дегенің еркін жайылып жүр. Емхананың бұрынғы нысанын көрген шығарсыздар. Оның да бұл күнде сау-тамтығы жоқ, қирап қалған. Бүгінгі күні ол нысан да әлдебіреулерге жалға беріліп кетті. Асқар Мырзахметов өңірімізге басшы болып келгенде ең алдымен осында келіп, бұл ғимаратты сатуға мүлде болмайтынын, қолдан келсе мемлекет меншігіне қайтарып алып қалу керектігін айтқан болатын. Осы орайда облыста тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан болар деп үміттенеміз, – дейді «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері міндетін атқарушы Хамиди Сұлтанқұлұлы.
Емделушілер шипажайдың ерте ме, кеш пе жекеменшікке өтетіндігін ести сала, өздерінің наразылықтарын да білдірді.
– Буындарым ауыратын болғандықтан, портал арқылы құжаттарымды тапсырып, осында емделуге келдім. Мұнда балшықпен емдеу әдісі өте жақсы. Оң нәтижесін көріп жатырмын. Дәрігерлер қызметі, ас мәзірі, балшық емі, аумақтың таза ауасы барлығы да көңілімнен шығады. Шипажай нысанының жекешелендірілуі мәселесіне мүлде қарсымын. Жекеге өту арқылы емхана ертеңгі күні кімдердің қолына түсетіндігін білмейміз. Қазіргі таңда мұнда өз қаражатыңмен емделу үшін күн сайын 10 мың теңге кетеді. Бұл біз секілді бір айлыққа қарап отырған қарапайым адамдардың қалтасына едәуір ауырлық та етеді. Сондықтан мемлекет меншігінде болғанын қалаймын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлфарида Назарова.
Айта кетейік, бұл жер бұған дейін де үздіксіз қысқартулар мен жүйесіз жекешелендірулер басталған тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясаты тұсында дәл осындай жағдайды бастан өткергенін ел біледі. Көптеген келеңсіздіктердің кесірінен 1997 жылдары біржолата жабылып, құрал-жабдықтары талан-таражға түскені естен шыға қойған жоқ. Сөйтіп, тоналған емхананың бұрынғы ғимараттары да, оның қызметкерлеріне арнап соғылған екі қабатты үй де адам айтса сенбестей сұрықсыз күйге түскен еді.
Деректерге сүйенсек, 1961 жылдың қараша айында аталған емхана өзінің алғашқы науқастарына ем-дом көрсете бастаған. Мұнда негізінен құяң, сал, бедеулік, ерлердің және әйелдердің сал ауруларына, буын, жүйке ауруларына шалдыққан адамдар келіп емделген. Олар бір күн батпақпен емделсе, бір күн көл суынан дайындалған ванна қабылдайтын болған. Сондай-ақ науқастарға қажетті құралдармен жабдықталған 3 физиокабинет, массаж, ЭКГ кабинеттері, клиникалық зертхана қызмет көрсеткен. Емдеу жұмыстарының нәтижесі өте жоғары болғандықтан, мұнда келіп емделген науқастардың 1982 жылы – 93,2, 1983 жылы – 94, ал 1984 жылы 89,4 пайызы ауруынан құлан-таза айыққаны тіркеліпті. Ал осында бедеулік науқасы бойынша емделген әйелдер арасында жүргізілген арнайы сауалнама нәтижесі олардың 70 пайызының көп өтпей-ақ бала сүю бақытына ие болғанын көрсеткен. Міне, осындай нәтижелі көрсеткіштер әу баста 50 адамға арнап салынған емхананың сыйымдылығын 1967 жылы – 75, 1968 жылы 100 адамға дейін кеңейтуге негіз болған. Тараз қаласынан 25 километр қашықтықта жатса да, онда су және орталықтандырылған жылу жүйелері тартылып, қызмет көрсетулер заманауи талаптар деңгейінде жүзеге асырылып отыр.
Кіші Ақкөлдің суы мен батпағының құрамын зерттеуге Мәскеу тарапынан 1987 жылы-ақ алғашқы қадам жасалған. Куәгерлердің айтуынша, арнайы мамандар мұнда демалыс аймағын салуды көздеп келген екен. Алайда белгісіз себептермен бұл іс толықтай іске асырылмай қалыпты. Жалпы сол кездегі есеп бойынша одақ көлемінде емдік қасиеті бар батпақтар саны 470 болса, кіші Ақкөлдің батпағы солардың ең сапалысы шоғырына кірген, яғни химиялық құрамы мен емдік қасиеті жағынан одақ бойынша екінші орынды иеленген сыңайлы. Ал көлдің асты-үстін зерттеген ғалымдар бұл жердің батпағының әлемде сирек кездесетін «сақ батпағынан» еш кем еместігі жөнінде байлам жасайды.
Міне, осылай бір кездері батпағымен ғана емес, ордалы жыланымен де аты шыққан балшықпен емдеу мекемесінің бүгінгі жай-күйін әлгінде айтып өттік. Әрине, алдағы уақытта өңір басшысының тікелей өзі бастама көтеріп, «Айша бибі» шипажайын мемлекет меншігіне қайтару мәселесінде жанашырлық танытады деп те сенеміз. Әйтпесе бүгінгі күнге дейін халықтың кәдесіне жарап, денсаулықтарын оңалтуына септесіп келген, әлі де талай жылдар бойы ел-жұртқа емдік шипасын дарыта беретін «қара алтынымыздың» қадірі кетіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі бек мүмкін.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support