- Advertisement -

Екпе дертке дауа ма

319

- Advertisement -

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ»

Бәрі қолда бардың қадірін білмейтінімізден ғой. Деніміз сау кезде денсаулығымызды сақтауды ойламаймыз. Әркімнен естіп, интернеттен көзіміз шалып қалған дәйексіз ақпаратқа малданып, дәрігер айтқан кеңесті де «ой, ол не біледі» десіп, құлағымызға ілмейміз. «Екпе салғызу зиян» деген алып-қашпа пікірді де таратушылар – осындай шаласауаттылар. Ондайдың бетін аулақ қылсын, әрине. Бірақ әлдебір белгісіз ауру жабысып, жан алқымға келгендей болса, қисық-қыңыр ойдың өзі адыра қалатыны анық.
Осы көктемде ғой, Алматыда менингококк инфекциясы тіркеліп, бұл дерт бірнеше адамның өмірін қиғанда жұрттың вакцинация іздеп, сабылып кеткені. «Екпенің бағасы неге әртүрлі?» деп даурығып, жаппай вакцинациялау туралы ұсыныс та айтылды сол кезде. Сонда елдің екпе салғызудан қашып, әлеуметтік желіде түрлі «жел» сөзге ерік беріп отыратыны жайшылықта екен-ау дестік.

Баудай түсіретін қызылшадан қалай құтылдық?

Біздің өзі қиындықты тез ұмытып кететін қасиетіміз бар. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін. Дегенмен өткеннен сабақ алған да жөн шығар. Сонау Қазан төңкерісі, азамат соғысы жылдарын былай қойғанда, бертінде, 70-жылдардың өзінде қызылша деген ауру көзге көрініп, адам қатарына қосылып қалған балаларды баудай түсіріп жататынын жиі айтып отыратын ата-апаларымыз. Қолдан келер қайран жоқ, ал өкініші өмір бойы кетпейді.
Менің немере ағам жасөспірім шағында осы дерттен көз жұмыпты. Апамыз «Қызылшадан шыққан бөртпелер қарақотырланып, жазылып-ақ қалып еді» деумен өтті. Осындай жедел жұқпалы індеттер қаншама жеткіншектің өмірін ұрлады десеңізші. Тіпті осыдан 40-50 жыл бұрын бүлдіршіндердің өліміне іш сүзегі мен қызылша себепкер болып жататын. Қазір мұндай жағдайлар туралы сирек еститін болдық, бұған да шүкір. Ал сондай кеселдерден құтқарған не екенін ойлап, байыбына бойлай бермейміз.
Тарихқа көз жүгіртсек, ғалымдар жұқпалы аурулардың туындау ықтималдығын бәсеңдететін екпені ойлап тапқанша ұзақ жыл ізденген. Алдымен шешекке қарсы екпенің қажет екенін айтып, дабыл қаққан қытайлар болса керек. Араға жүздеген жылдар салып, оған қарсы дәріні Ұлыбритания ғалымы ойлап тапқан. Нақтырақ айтсақ, 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер ғылыми айналымға «вакцинация» сөзін енгізіп, сиыр шешегіне қарсы екпе жасаған. Кейін желшешек, қызамық, қызылша, туберкулез сынды бас-аяғы 40-тан астам жұқпалы ауруға қарсы 100-ден аса екпе шығарылды. Ал 1978 жылы дүниежүзінде табиғи шешек ауруының көзі жойылды.

Ұлттың саулығы ұлттық егу тізбесінен басталады

Бүгінде бір нәрсені анық айта аламыз, ол ұлттың саулығын ойлау – Ұлттық егу тізбесін түзуден басталады. Себебі елімізде жұқпалы ауруларға қарсы екпе егу қолға алынғалы бері жылдан-жылға адам өмірінің орташа ұзақтығы көрсеткіші ұлғайып келеді. Әлеуметтік мәні бар дерттердің жаппай таралуын тежеген соң, халықтың еңбек белсенділігі артты. Ал экономика дамуының бірден-бір қозғаушы күші – осы еңбекші күші екені бесенеден белгілі.
Жалпы елімізде вакцинация жүргізіле бастағалы да жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған, Үкімет қаулысымен бекітілген Ұлттық егу тізбесі бар. Оған әлеуметтік мәні бар аурулар – туберкулез, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитпен қатар, А және В гепатиттері секілді асқынулары ауыр өтетін, мүгедектікке апаратын, өлімге жеткізуі де ықтимал дерттерге қарсы екпелер енгізілген. Осындай түрлі сынақтан өтіп, тиімділігі дәлелденген дәстүрлі екпелердің арқасында қауіпті жұқпалар өршімей тұр.
Мәселен, туберкулез ең көп таралатын жұқпалы індет екені мәлім. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шығарған статистикаға сүйенсек, жер шарындағы халықтың үштен бір бөлігі құрт ауруын жұқтырған. Бұл дертпен жыл сайын әлемде 4 миллион адам ауырса, соның 3 миллионы қайтыс болады екен. Ауа арқылы жылдам таралатын дерт иммунитеті әлсіз сәбилер үшін өте қауіпті. Сондықтан елімізде жаңа туған нәрестеге үш күннің ішінде туберкулезге қарсы вакцина салынады. Екпе егу төңірегіндегі қоғамдағы екіұдай көзқарас та осыдан туындауда. Кейбір ата-аналар өмірге келгеніне апта толмаған перзентіне екпе салғызуға үзілді-кесілді қарсы. Базбіреуі екпеден кейінгі баланың мазасыздануынан қашса, тағы бір тобы мұны діни сенімге қайшы деген уәжді алға тартады.

Наным мен сенім:
кімдікі дұрыс?

Вакцина жас ағзаны ауру жұқтырудан қорғайтынын бәріміз білеміз. Сөйте тұра кейбір әсіредіншілдер «Ислам екпе жасатуға тыйым салады», «Денеге ине шаншу – тағдырға қарсы тұрғанмен бірдей» деп, екпе жасатуға қарсы. Ал имамдар «Ислам діні екпе жасатып, ем алуға қарсы емес» дейді.
– Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынады. Оның ішінде ерікті түрде егілетіні де бар. Бірқатары міндетті вакциналар. Жасыратыны жоқ, қазір екпеге қарсы отбасылар да көбейген. Олардың пайымы қате. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұқпалы аурулардан сақтану үшін екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған. Бұл пәтуаны діннің екі негізінің бірі – хадистерге жүгініп қабылдаған. Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады» дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек, ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Сол сияқты, екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егуге болады, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев.
Данияр Әлимұхамедұлы Құранда және пайғамбарымыздың хадистерінде вакцинацияға тыйым салынбағанын алға тартады. Керісінше, аурудың алдын алуға, денсаулықты күтуге үндеген. Имам Муслимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, Жаратушының әмірімен ол кісі айығады». Ал имам әл-Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина – аурудан айығуға көмектесер құрал». Сондықтан вакцина салуға шариғат қарсы дейтіндердің пікірі қате.
Батыс өңірлерде екпе ектірмеген балалардың туберкулезге шалдыққаны туралы ақпарат кезінде әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бірақ нақты дәлелдің өзі екпеден бас тартушылардың пікірін өзгерте алмай тұр. Оған еліміздегі 2008 жылдан бері егулерге қарсы таралған бейнематериалдарға сеніп, аурудың алдын алу шараларына қарсы шыққандарды қосыңыз. Осылайша олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұған бірер жыл бұрын «қызылшаға қарсы екпе салдырған бір топ оқушы өздерін жайсыз сезініп, ауруханадан бір-ақ шықты», тағы бір өңірде «вакцинадан кейін жасөспірім баланың жағдайы күрт нашарлады» деген хабарлардың тарағаны да түрткі болып отыр.
– Соңғы жылдарда қоғамда әлдекімдердің әдейі екпе егу төңірегінде таратып жүрген алыпқашпа әңгімесі өрши түсті. Соның әсерінен баласына вакцина салғызудан қашатын ата-аналар көбейді. Бұл дұрыс емес. Ондай мәліметтерді таратушылардың ешқандай медициналық білімі жоқ. Ендеше, ол сол ақпаратты қандай негізге сүйеніп айтып отырғанын ойланайық. Бүгін екпеден бас тартып, ертең баламыздың болашағына балта шауып жүрмейік, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков.

Гендік инженерия

Екпе салғызудан бас тартатындардың бір тобы вакциналарды жасау кезінде өзге ағзалардың ДНҚ-сы қолданылатынын алға тартып, соған қарсылық білдіреді. «Екпеде антиденелер бар екені рас. Бірақ оның негізгі қасиеті жойылады, яғни модификациялық өзгергіштікке ұшырайды, содан кейін ауруға қарсы белсендіріледі» дейді мамандар.
– Гендік-инженерлік вакциналар рекомбинантты ДНҚ технология негізінде дайындалынады. Модификацияланған микроорганизмдердің биомассасы ферментациялық технологиямен жинақталады. Мысалы, вирустарды әлсіретудің дәстүрлі әдістерінің бірі – «in vitro», жануар жасушасында дақылдандыру. Алдымен патогенді вирусты адам ағзасының жұқтырған жасушасынан бөліп алады. Әрі қарай жануар текті жасушада аттенуация жасап, вирустың «жұқпалылығын» әлсіретеді. Биотехнологияның ғылыми-технологияның қозғаушы күшіне айналуы да осыдан, – дейді биотехнолог, биология магистрі Гүлбану Үсенқұлова.
Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін екпе егу қажет. Кезінде вакцинаның адам денсаулығына еш қауіп әкелмейтінін дәлелдеу үшін әлемге белгілі ғалымдар түрлі зерттеулер жүргізген. Мысалы, Луйер Пастер, Ойлер Маршл, Эдуард Францист тәжірибе объектісі ретінде өзін пайдаланған. Өзі жұқпалы ауруларды жұқтырып, соған қарсы екпе салғызып, оның ауруға төтеп бере алатындығын дәлелдеген.
Мамандар егу жұмыстары аурудың алдын алуға көмектесетінін айтады. Оның әлеуметтік маңызы зор. «Кез келген дәрі-дәрмектің немесе тағамның аллергиялық реакциясы болуы мүмкін. Бірақ соған қарай ем жүргізу үшін дәріден бас тартпайсыз ғой, ем-шара барысында кері реакциясы жоқ, баламалы түріне ауыстырамыз. Вакцина бір ғана адамның денсаулығын сақтап қалмайды, қоршаған ортаға жұқпалы дерттің таралуына жол бермейді. Денім сау болсын деген жан отбасын да ойлауы керек. Ертең ол өз жақындары үшін вирус тасымалдаушыға айналуы да мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, екпе жасату – қоғам алдындағы жеке тұлғаның жауапкершілігі», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов.

Тілші түйіні: Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, облыста иммундау жұмысы жыл бойы жалғасатын көрінеді. Алғашқы үш айда мақсатты топтың 25 пайызға жуығы екпе жасатқан екен. Бұл дегеніміз 390101 адамның 95 мыңдайы түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина салғызған. Сондай-ақ бір қуанатыны, былтыр тиісті екпеден бас тартқан отбасыларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында биыл 35 балаға екпелер егіліпті.

 

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support