- Advertisement -

Азиада жүлдегерлері Таразға оралды

168

- Advertisement -

Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында жамбылдық боксшылар жасындай жарқырағаны белгілі. Аталмыш додада 69 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Асланбек Шымбергенов пен 75 килограмм салмақтағы Әбілхан Аманқұл күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.
Сары құрлық додасында ел намысын абыроймен қорғаған Асланбек пен Әбілхан Таразға оралды. Туған жер топырағына табаны тиген қос саңлақты жамбылдық жас спортшылар, спорт саласының мамандары, жанкүйерлер әуежайдан зор құрметпен күтіп алды.
Азиада батырларына құрмет көрсетілген шара барысында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергеновтің жеке бапкерлері Нұрлан Ақүрпеков, Ермек Ертаев сөз сөйлеп, сайыпқырандарымыздың айтулы аламанда бар мүмкіндікті пайдаланып, жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтып өтті. Кейіннен Асланбек пен Әбілхан сөз алып, жарыс кезінде қолдау білдірген барлық жанкүйерлерге, спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта өтетін байрақты бәсекелерде де жоғары нәтиже көрсетуге тырысатындықтарын тілге тиек етті.
Бапкерлер Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаев шәкірттерінің Азиадаға тастүйін дайындалғанын, бірінші орынды алуды мақсат тұтқанын, алайда жекпе-жек кезінде қарсыластарынан басым түскен оғландарды төрешілер аяқтан шалғанын жеткізді. «Асланбек талай додаға шығып, ысылған жігіт қой. Өзбек боксшысынан айласын асырған еді. Алайда төрешілер жеңісті қарсыластың еншісіне жазды. Ескерту беріп, ұпай шегергендерін де түсіне алмадық. Алдағы уақытта нәтижені одан әрмен жақсартуға күш салатын боламыз», – дейді Асланбек Шымбергеновтің бапкері Ермек Ертаев.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support