- Advertisement -

Базардағы нарық баланың қалауындай болмайды

175

- Advertisement -

Бала біткеннің әдеті – жаңа нәрсені алып, ұстап көруге құштар. Олардың өзі құралпы жасөспірімдерге көп қарайтыны, өзіндегіні солардікімен салыстыратыны да содан. Балғындардың бойындағы осы бір қызығушылығы, әсіресе жаңа оқу жылы басталғанда арта түсетіні белгілі. Сабаққа барғанда өзінің киімі де, оқу құралдары да сыныптастарынікінен асып тұрса дейді. «Ананы да алам, мынаны да әпер» деп, ата-анасына қылқылдай бастайды. Алайда «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демекші, бағаның тұрлаусыздығы жеткіншектердің қалауын орындауға мүмкіндік бере бермейді. Оның үстіне жылда қас қылғандай осы кезде доллар бағамы да өсіп, бәрі аяқ астынан қымбаттап кететіні тағы бар.

Сонымен биылғы базардағы нарық қалай болды? Осыны білу үшін отбасындағы 4-5 баласын қатарынан қалдырғысы келмей, іліп алар жаңа киім мен оқу жабдықтарын әперген ата-аналарды сөзге тартқан едік.

Гүлнұр Рүстембекова,
6 баланың анасы:

– Отбасымыздың 4 мүшесі – мектеп жасындағы балалар. Күзде мектепке киіп барғанына, алғашқы бір-екі айға жеткенше деп бірсыпыра алған киім-кешек пен оқу құралдарының өзіне жұмсаған қаржы 100 мың теңгеден асты. Бұл әзірше ғана. Әлі жылы киімдерін алу керек. Басқа да керек-жарағын түгендеу қажет. Негізі біреуіне 50-60 мың теңге жұмсаймыз.

Кәмшат Маратқызы,
5 баланың анасы:

– Үш қызым – оқушы. Оларды мектепке дайындауға әжептәуір қаражат кетеді. Тауарлардың ішінде бастысы да, қымбаты да – мектеп формасы. Ең арзаны 10 мың теңгеден басталады. Дене өлшемі мен сапасына қарай қымбаттай түседі. Желеті мен галстуктері үшін тағы қосымша ақша төлеуіңізге тура келеді. Бір ғана 2-сыныпқа көшкен қызымның кітаптары мен жұмыс дәптерлерін, басқа құрал-саймандарды қоспағанда, көтерме бағамен 8 мың теңгеге алдым. Портфель-рюкзактары – 7 мыңнан, ақ жейдесі үшін 4,5 мың теңгеден жараттық. Тағы да сатып алуға тиісті тауарлар бар.

Динара Садықова,
4 баланың анасы:

– Менің 2 қызым мен 1 ұлым мектепке барады. Олардың мектеп формаларын «Нұршуақ» сауда нүктесінен алдым. Қыздардікі 11-12 мың теңге болды. Жейделерін базардан 7 мың теңгеден сатып алдық. Ұлымның пиджагы мен шалбарына 12 мың теңге кетті. Жейдесі 3 мың теңге болды. Үшеуінің дене шынықтыру сабағына киетін киіміне – 15 мың, аяқ киімдеріне 14,5 мың, құрал-жабдықтарына 25 мың теңге жұмсадық. Маусымдық киімдерін есептемегенде, жалпы 107 мың теңге кетті. Алайда әлі де алатын ұсақ-түйектері болады.

Банура Төлепбергенова,
3 баланың анасы:

– Біздің үйде 2 оқушы бар. Оларға жалпы 100 мың теңгедей кетті. Мектеп формалары үшін 10-11 мың, күнделікті және спорттық аяқ киімдері – 7-8 мың, сөмкелері –6-7 мың, кедаларының өзіне 8 мың теңге жұмсалды. Кеңсе тауарлары негізінен асай-мүсей болса да, қалтаға салмақ түсірмей қоймайды. Ал киімдердің бағасы алдыңғы айларға қарағанда әжептәуір шарықтаған. Мысалы, мен 2 балама ақ жейделерінің әрқайсысын 2,5-3,5 теңгеден, сөмкелерін 5 мыңнан алдым. Дене шынықтыру сабағына киетін формалары 7-8 мың теңгеден айналды.
Ұлыма 45 мың теңгеден астам ақша жараттық. Ал қызға керек кәкір-шүкір көптеу, сондықтан оған көбірек ақша кететіні белгілі. Арзандауын сатып ала алмайсыз, ол көпке шыдас бермейді. Бір-екі айдан кейін екінші қайтара алуыңа тура келеді. Қарап тұрсаң, бәрібір сол қаражат шығады.

Тілші түйіні:

Тамыз айында базардағы баға тым шарықтап тұрды. Қос бантик – 300, Қырғыз елінде тігілген ақ жейденің өзі – 1800-2000, ал сатушылар таза «пекиндікі» деп мақтауын асыратын сапалырағы 4500-ден, Түркиядан әкелінгені – 5500-ден, белдемше – 2500, шалбар – 2500, сарафан 2800 және ең арзан спорт киімінің асты мен үсті 5000 теңгеден саудаланды. Бұл күнделікті және спортқа арналған аяқ киімдер ғана. Бір қызығы алғашқы қоңырау соғылып, сабақ басталып қойғаннан кейін бұл киімдердің бағасы күрт арзандап кетеді. Егер қыркүйектің 2-сі күні базарға бара қалсаңыз, сатушылар мақтауы келіскен «пекиндік», Кореядан, Түркиядан әкелген ақ жейделерді 2000-2500 теңгеге беруге әзір тұрады. Бірақ бұл кезде оқу жабдықтарының бағасы төмендемейді. Түрлі түсті қарындаштың бояуы қанығы – 600, күнделіктер – 300, сөмкелер 2000 теңгеден басталады. Жай және жұмыс дәптерлері, сурет салу альбомы, негізгі кітаптарына көмекші құралдар, папка, пенал, қаламсап, қара қарындаш пен фломастерлері, сызғыш, желім, өшіргіш, пластилин сияқты керек-жарақтары тағы бар.
Сұраныс артқан сайын, баға да өсе бермек.

 

Альмира ОМАРОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support