- Advertisement -

Қазақстанда балалардағы ауыр эпилепсияны емдеудің жаңа тәсілі енгізілді

122

- Advertisement -

Қазақстанда балалардағы ауыр эпилепсияны емдеудің жаңа тәсілі енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат — «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басшысы Серік Ақшолақов балалардағы ауыр эпилепсияны емдеудің жаңа тәсілі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гемисферотомия — бас миының жарты шарын алмай-ақ, ми қабығының ең аз бөлігін алу арқылы өткізгіш жолдарды қиылыстыру. Симптомдық эпилепсияның алуан түрлерінің арасында ми жарты шарының тұтас немесе аздаған бөлігінің зақымдануынан сіңір тартылып, құрысатын жағдайлар бар. Мұндай науқастар салыстырмалы түрде аз және олардың басым бөлігі — балалар. Эпилепсияны хирургтық жолмен емдеудің бұл түрі көбінесе күрделі формаларда қолданылады», — деді Серік Ақшолақов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Оның айтуынша, бұл емдеу сырқатты ауыр түрде өткеретін, жиі ұстамаға тап болатын науқастарға пайдалы болмақ.

«Мұндай жиі ұстамалар науқастардың өміріне қауіп төндіреді, ал құрысуға қарсы ұзақ емдеу мен эпилепсиялардың жиі болуы психомоторлы дамудың өрескел бұзылуына әкеп соғады. Мұндай науқастарда жиі эпилепсиядан бөлек, терең гемипарез (дененің оң немесе сол жағы бұлшықеттерінің қозғалмауы), мидың сау бөліктеріне зақым келу бар. Зақымдалған жарты шар ешқандай рөл атқармайды», — деп атап өтті дәрігер.

Сондықтан, зақымдалған жартышардың бөлігін алып тастау (гемисферотомия) емдеудің ең тиімді және сенімді әдісі болып саналады. Мұнда зақымдалған ми қабығы алынбайды, тек қалған мидан оқшауланады. Осы арқылы гемисферотомия ми бөлігін алудағы өзге хирургиялық тәсілдерден ерекшеленеді. Бұл отаның мақсаты — мидың бір жартысындағы патологиялық электрлік импульстарды өзге бөлігіне таратпау.

«Осылайша, бұл технологияны енгізу еліміздегі халық денсаулығын жақсартуға, мүгедектікті азайтуға, ҚР халқына медициналық көмек көрсету деңгейі мен халықаралық мәртебесін көтеруге бағытталып отыр», — деп санайды маман.

Айта кетейік, Ұлттық нейрохирургия орталығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2008 жылы ашылды. Мұнда жыл сайын жүйке жүйесінің аса күрделі патологиясы бар науқасқа ота жасалады.

Он жылда орталық мамандары 37 мыңнан астам науқасты емдеп шығарған және 25 мыңға жуық ота жасап, 66 жаңа нейрохирургиялық технологиялар енгізген.

2012 жылы қазақстандық орталық Швейцария өндіріс пен жаңа технологияларға қолдау көрсету агенттігінің бастамасымен бекітілген медицина саласындағы «Сапа үшін еуропалық Гран-при» марапатын алған.

Автор:Дамир Байманов

kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support