- Advertisement -

Келешек кілті – кемел білімде

517

- Advertisement -

жаңа оқу жылында тоғыз нысан ашылды

«Бәйтеректегі»
білім ошағы

Жамбылдықтар үшін жаңа оқу жылы жағымды жаңалықтарымен басталды. Өңірімізде 1 қыркүйек – Білім күнінде 9 жаңа білім мекемесі пайдалануға берілді. Солардың бірі – Тараз қаласындағы №3 «Бәйтерек» шағын ауданында 1200 балаға арналған мектеп-лицейі. Білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асқар Мырзахметов, ардагерлер, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

– Өткен оқу жылы өңіріміз үшін жетістіктерімен есте қалды. Дегенмен біз толайым табыстарды ғана қозғамай, білім саласындағы қандай да бір түйткілді мәселелерді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Бұл саланың маңыздылығын ескеріп, мемлекетіміз жылдан-жылға білім беру үдерісін дамытуға көрсетілер көмекті ұлғайтып келеді. Оны біз өз облысымыздан да көріп отырмыз. Биыл жаңа оқу жылында 9 білім мекемесінің пайдалануға берілуі, бүгінгі сіз бен біз ашылу салтанатына куә болған №3 мектеп-лицейдің оқушыларымызға есігін айқара ашуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет үшін, қоғам үшін білімнің рөлі қандай екенін осыдан аңғаруға болады. Сондықтан жас жеткіншектер әр күндеріңізді бос өткізбей, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Әсіресе бүгін бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге осыны тілейміз. Ұлағатты ұстаз, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, мектептегі тәлім-тәрбие мен білімді ықыласпен көңілдеріңізге тоқып, еліміздің үлкен азаматтары болуларыңызға біз тілектеспіз, – деді Асқар Исабекұлы өзінің құттықтау сөзінде.
Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен ардагер-ұстаз Нүркен Қасымова жаңа мектептің алқызыл лентасын қиды. Тараздықтар мектеп-лицейдің ішін аралап, танысты.
Бұл – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген нысан. Жобалық құны 1,8 миллион теңгені құрайды, жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асатын мектеп құрылысын қаладағы «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясы жүргізген. Жаңа білім ордасында 48 оқу бөлмесі, 351 орынға арналған мәжіліс залы, 402 орынға арналған асханасы бар. Жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиалық, компьютерлік кабинеттері мен кітапхана және 46 орынды оқу залы оқушылардың терең білім алуына қызмет етпек.
– Біз жас отбасымыз. Жуырда ғана мемлекеттік бағдарламамен «Арай-2» шағын ауданынан пәтерлі болып, бақытқа кенелгенбіз. Міне, енді, үйіміздің іргесінен жаңа мектеп-лицей ашылып, қуанышымыз еселенуде. Бұл оқу ордасында біздің екі қызымыз білім алатын болады. Үлкеніміз Кәусар 1-сыныпқа, ал кіші қызымыз Жәния даярлық сыныбына барды. Бұйыртса, қыздарымыз білімді де білікті оқушы атанып, биіктерге жетеді деп сенеміз, – дейді Гүлнұр Ыбырайымова.
Салтанатты шарадан соң тілшілердің бірқатар сауалдарына жауап берген облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова биыл облыс бойынша 26 мың бала мектеп табылдырығын аттағанын, өткен жылы бұл көрсеткіш 25 мың шегінде болғанын жеткізді.
– Биыл өңірімізде 14 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 9-ы пайдалануға берілді. Жаңа мектептер есебінен 2700 оқушы орны енгізіледі. Үш ауысымда жұмыс істейтін – 3, апатты жағдайдағы – 3, сондай-ақ орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіледі. Одан бөлек, биыл 15 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 13-і – мектеп, 1-еуі – балабақша, 1-еуі – колледж. Бұған дейін орта білім саласында 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған бағдарламамен оқып келсе, енді жаңа оқу жылынан бастап, 3, 6, 8-сыныптар жаңа жүйеге көшеді. Жаңартылған мазмұнмен қатар 5 күндік оқу аптасына мектептердің 85-і көшті. Бес күндік оқу аптасын енгізу туралы шешімді қамқоршылық кеңестердің және ата-аналар комитетінің келісімімен қабылдайды, – деді Рахия Сейітбекқызы.

Екі ауысымға көшті

Тараз қаласындағы 80 жылдан аса тарихы бар №24 мектеп-гимназиясының негізгі оқу кешені осыған дейін бір-ақ рет, анығын айтқанда 2016 жылы ғана күрделі жөндеу көрген екен. Соңғы жылдары елдегі демографиялық дүмпудің әсерінен білім ошағының ғимараттары тарлық ете бастаған. Осы мәселе биылғы жаңа оқу жылында шешімін тауып отыр. Мектеп жанынан бой көтерген қосалқы оқу бөлігі 1 қыркүйек – Білім күнінде пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, оқушылар мен ұстаздардың қуанышымен бөлісіп, жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен бірқатар білім нысандары 1 қыркүйекте қолданысқа берілгенін айтты. Солардың бірі «Astana Up» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызған осындағы 300 орындық қосымша ғимарат.
Салтанатты жиында аталмыш мердігер компанияның бас инженері Владимир Панченко гимназияның директоры Марина Гладченкоға жаңа оқу ғимаратының символикалық кілтін табыс етті. Бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жұматай Лайықов бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге сәт-сапар тіледі.
– 2017 жылдың 29 шілдесінде мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іргесі қаланған 300 оқушыға лайықталған 2 кешеннің бірі 2, екіншісі 3 қабатты. Бір жылға созылған құрылыс жұмыстары биылғы 17 тамызда аяқталды. Ғимаратта заманауи 14 сынып бар. Атап айтсақ, зертхана бөлмелерімен қамтылған физика, химия, қару-жарақтармен жабдықталған алғашқы әскери дайындық және әрқайсысы 2 бөлмеден тұратын информатика пәні мен лингафон, мұғалімдер бөлмесі, кітапхана, 80 орындық мәжіліс залы, ені 18, ұзындығы 30 метрлік үлкен спорт зал бар. Мектеп ауласында баскетбол және футбол алаңдары ашылды. Ең басты жаңалығымыз – өзекті мәселелердің бірі саналатын 3 ауысымдыдан 2 ауысымды оқуға көштік. Атап өтетін тағы маңызды жайт – тамақтану орны еш уақытта болмаған, енді асханамыз бар, – дейді Марина Гладченко.
Бұған дейін небәрі 18 оқу сыныбы бар мектепте 1258 бала 3 ауысымда оқып келсе, енді оқушы орны 850-ге артты. Қазір гимназияда жалпы 1403 жас жеткіншек білім алуда.

Шөлдаладағы шаттық

Берекелі күз айының алғашқы күні Шөлдала тұрғындары үшін Білім күні ғана емес, үлкен мерекеге ұласты. Дәл осы күні шағын аудандағы №59 орта мектептің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысып, ұстаздар мен ата-аналардың қуанышына ортақтасты.
Бұл – ата-аналардың көптен күткен қуанышы. Себебі осыған дейін ұл-қыздары 3 ауысымда оқып келген еді. Алғашқы кезеңдегілер сабаққа ерте баруға мәжбүр болса, түстен кейін оқитындары соңғы сабақтардан өте кеш қайтатын. Енді, міне, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған қосалқы ғимарат 2 ауысымға көшуге мүмкіндік туғызып отыр.
Ұлттық қор есебінен қаржыландырылған, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мектептің жобалық қуаты — 900 орын. Мәжіліс залының өзі 294 адамға лайықталған. 56 орындық асханасы бар. «Жаңа модификациялы физика, xимия, биология, екі лингафондық-мультимедиалық, екі компьютерлік кабинеттердің тиісті жабдықтармен толық жабдықталғаны білім сапасын арттыруға көп септігін тигізеді», дейді ұстаздар.

Тараз қаласы.
Қос қуаныш

Қордайлықтар үшін жаңа оқу жылының жаңалығы екі бірдей білім ошағы пайдалануға берілгені болды. Оның алғашқысы Сұлутөр ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында, ал екіншісі Бетқайнар ауылдық округіндегі Соғанды ауылында ашылып отыр. Қордайлықтардың қос бірдей қуанышына ортақтаса келген облыс әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы Серік Әлібеков Көктөбедегі №40 негізгі мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, облыс әкімінің атынан мектеп ұжымына теледидар тарту етті.
Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын іргесі қаланған Көктөбедегі білім ошағының әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда деп танылған еді. Сондықтан бұл ауылға жаңа мектеп салу қажеттілігі өткір мәселенің бірі болатын. Өткен жылы осы істің орайы келіп, облыстық бюджеттен 339,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, 50 орындық мектептің іргесі қаланған болатын. Құрылыс жұмыстарын «ЦентрСнабСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген уақытта аяқтады.
Жаңа мектептің барлық оқу кабинеттері қажетті құралдармен жабдықталған. Спорт залы, 30 орындық асханасы, медициналық блогы, 12 орындық кітапханасы және зертханасы мен екі шеберханасы бар. Оқушыларға білім беру тек мемлекеттік тілде жүргізілетін болғандықтан, аталмыш мектепте 16 мұғалім қызмет етеді екен.
Соғанды ауылындағы мектептің құрылысын «Темір Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Ескі ғимараттың орнына бой көтерген №33 негізгі мектептің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен бірге мектеп түлектері де қатысты.
Құрылысы өткен жылдың ақпан айында басталған нысанға облыстық бюджеттен 395 миллион 898 мың теңге қаржы қарастырылыпты. Жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарын дер кезінде әрі тиянақты аяқтаған мердігер компанияға соғандылықтардың алғыстан басқа айтары жоқ. Әсіресе жаңа үлгімен салынған, жан-жақты жарақтандырылған сыныптарда жаңа жүйемен білім алатын оқушылардың қуанышында шек жоқ.

Қордай ауданы.

Ұлт тық қор –
ұлт игілігі үшін

Білімді ел-жұрт қана ХХІ ғасырдың бәсекесіне төтеп бере алады. Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ, өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбие дейтін болсақ, осының барлығының бастауы – мектептен қаланады. Жалпы жаңа мектеп салу үшін Ұлттық қордан бөлінген қаржының ұлт игілігі үшін жұмсалып жатқаны қуантады.
Байзақтықтар үшін 2018 жыл жақсы жаңалықтармен басталған еді. Жыл басынан бері Бурыл, Мырзатай, Сарыкемер ауылдық округтерінде бірнеше балабақша ашылса, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Байзақ ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 300 орындық мектеп-лицей ел игілігіне пайдалануға берілді. Өткен жылдың наурыз айында іргетасы қаланған бұл ғимараттың құрылысына Ұлттық қордан 749 миллион 394 мың теңге бөлінген болатын. Алмас Үмербаев басшылық ететін мердігер «Азия құрылыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зәулім мектептің құрылысын жоспарлы бір жарым жыл ішінде аяқтады.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды Білім күнімен құттықтады.
– Президент Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін болатынын атап көрсетті. Елбасы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында да отандық білім саласына ерекше көңіл бөліп, бұл істе озық жүйені қалыптастыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта облыс көлемінде ауқымды істер атқарылуда. Соның бірі – білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған шаралар. Ал білім мекемелерінің материалдық базасын нығайту – соның негізгі алғышарты саналады, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Салтанатты шарада Байзақ ауылының еңбек ардагері Әмірбек Бозғұлов сөз сөйлеп, облыс басшылығына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты. Бұдан кейін мердігер компанияның басшысы Алмас Әлімжанұлы мектеп директоры Айгүл Есжановаға білім ордасының символикалық кілтін салтанатты түрде табыс етіп, жаңа нысанның лентасын қиды.
№4 мектеп-лицейдің төрт қабатты ғимаратының жалпы алаңы 7031,7 шаршы метрді құрайды. Акт және спорт залы, медициналық кабинет, асхана, кітапханасы бар, бірқатар кабинеттер интерактивтік тақтамен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Мектеп ауласы қоршалып, асфальтталған, ғимарат қазандығы газ жүйесіне қосылып жылытылады.

Байзақ ауданы.
Жаңа мектепте соғылған алғашқы қоңырау

Тараздық «Даража» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауының арқасында 90 жылдық тарихы бар ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастады. Жалпы, Қызыларық ауылында жаңадан ашылған 150 орындық мектептің құрылысы екі жылға жоспарланған болатын. Оған республика бюджетінен 482 миллион теңге қаржы бөлінген.
1 қыркүйек – Білім күнін асыға күткен ауыл балалары мен олардың ата-аналары жаңа мектептің ауласына жиналды. Бәрінің жүздерінде қуаныш. Балалар өздері оқитын сыныптарын көруге асық. Жас жеткіншектердің қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Ы.Алтынсарин атындағы осы орта мектептің өткен ҰБТ-да жоғары білім сапасын көрсетіп, аудандағы мектептер арасында бірінші орынды иеленгенін атап өтті.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп ғимараты ескі болғанымен, жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген білім мекемелерінің қатарында. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектер 119 балл орташа көрсеткіш көрсетіп, аудан көлемінде бірінші орынға шыққан болатын. ҰБТ-ға қатысқан 10 оқушының бүгінде 9-ы грантқа түсіп, мектептің мерейін асырып отыр.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген ауданның Құрметті азаматы, ұстаз Әбілқасым Ергебеков өзінің осы мектептің шәкірті екенін айтып өтіп, мектептің табалдырығын 1948 жылы аттағанын, білімді мұғалімдерден дәріс алғанын, соның арқасында өзі де кейін ұстаздық жолды таңдағанын тілге тиек етті.
Ғимараттың символикалық кілтін мердігер компания – «Даража» ЖШС-ның директоры Досымжан Құдасбек мектеп директоры Серік Кенжебаевқа салтанатты жағдайда тапсырды. Жаңа білім ошағының лентасын аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен Қызыларық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сәдіров қиды.

Жуалы ауданы.

Қажет тінің бәрі бар

Қасқабұлақ ауылында пайдалануға берілген 120 орындық білім ошағының құрылыс жұмыстарын «Керуен Сервис» ЖШС (төрағасы – Ғ.Нұрланов) белгіленген 2 жылға жуық уақыт ішінде толықтай аяқтады. Жаңа мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 430 миллион теңге жұмсалып отыр.
1 қыркүйек – Білім күніне тұспа-тұс келген мектептің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, аудан әкімі Досмаханбет Алиев қатысты. Қасқабұлақтықтардың қуанышымен құттықтап, балғындар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында зор табыс тіледі.
Заманауи үлгіде бой көтерген мектепте балалардың алаңсыз білім алуы үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. 120 орындық акт залы, 42 оқушыға арналған асхана, көгалды спорт алаңы, кітапхана және мультимедиалық кабинеті бар.
Мектеп бес күндік оқуға көшкен. Бүгінде онда 142 бала білім алуда. Оларға түрлі санаттағы 22 мұғалім білім береді. Мекеме қажетті компьютер, интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген.

Талас ауданы.

Еңселі мектеп – елді мекеннің ажары

Елді мекенге кіргенде сонадайдан көзге шалынатыны – жаңадан ашылған 2 қабатты еңселі мектеп. Тескентоған ауылының бүлдіршіндері ала жаздай ойын қуып, армансыз демалғанымен, жаңа мектепке баратын шақты күн санап күтіп жүрген еді. Алыстан қарағанда ең алдымен көзге түсетін қызыл шатырына қарап, іштей «іші қандай болды екен?» деп, зымыраған уақыт тамызды орталағанда тіпті тағаттары таусылуға айналған. Енді, міне, көптен күткен күн де келіп жетіп, олар армандаған жаңа ғимаратта білім алмақшы.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы құрылысы басталған 150 орындық мектепті салуға Ұлттық қордан 538 миллион 668 мың теңге қаржы бөлінген болатын. А.Еділбаев басқаратын «ТаразСтрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жоспарлы кестеге сай мерзімінде бітірді. Барлық сыныптар қажетті жиһаз-жабдықтармен қамтылған. Пән кабинеттерінде сабаққа қажетті көрнекіліктермен қатар, зертханалық жұмыстар жасауға керекті құрылғылардың бәрі бар.
№23 аралас тілде білім беретін орта мектепте 43 мұғалім жұмыс істейді. Мектепалды даярлықтан бастап 11-сыныпқа дейін қосқанда 24 сынып ашылған. Ұстаздар 4 зертхана, жаңа компьютерлер қойылған 2 сынып, 2 арнайы шеберхананың барын көріп қуануда. Ал оқушылар спорт және акт залдарының заманауи талаптарға сай әрі кең болғаны дұрыс болды дейді.

Меркі ауданы.

«Ақ жолдың» тілшілер тобы:
Жанғазы Ахмет,
Альмира Омарова,
Есен Өтеулиев,
Ерғали Қартайған,
Ардақ ҮСЕЙІНОВА.
Журналистер: Мұхтар Манекеев, Марат Құлибаев,
Нарбол Қашаған.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан,
Петр НОРКИН,
Юрий ЕФИМОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support