- Advertisement -

Кер заманның қалыбына сыймаған

531

- Advertisement -

қайран Баукең!

«Маған партия билетін адамдар берді,
ал махаббатты Құдай берді».

Бауыржан Момышұлы.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.

Алашта Абайдан асырып сөз айтқан ақын бар ма екен, сірә?!. Сол сөз сүлейінің «Сегіз аяқ» деп аталатын өлеңін қазақ біткен түгел жаттап алып, алқалы жиындарда айтып жүрсе ғой, шіркін!
«Неге?» дейсіз бе? Себебі оның әр жолы өнеге, әр жолы ақыл мен нақылға толы. Әй, бірақ мұны құнттайтын адам қайда?!.
Ақын өлең-толғауын неге «Сегіз аяқ» деп атаған? Өйткені оның сегіз жолдан тұратын әр шумағынан білім мен білікке деген іңкәрлікті, тәлім мен тәрбиеге деген құлшынысты аңғарып, өсек пен өтірікке, сөзуар, білгіштікке жаны қастығын түсінесіз.

Сөзуар, білгіш,
Законшік, көргіш
Атанбақ – мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің баптанбақ,
Қарғағанын жер қылмақ,
Алдағанын зор қылмақ.

«Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көретін жері жоқ» ақын бола тұрып ел ішіндегі аузымен «жүретін» ағайындарынан түңіліп, «сөзімді ұғар елім жоқ, моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деп, таусылады.

Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшыл қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?

Ағайынының аузын аштырмай, «үстіңнен арыз жазамын» деп, өзінше «доқ» көрсетіп, «қорқытып» алмақ болатын адамдардан Абай сол кезде-ақ түңіліпті.
Арызқойлар да ақымақ емес, момын жұрттың өздерінен өлердей қорқатынын жақсы біліп алған. «Бәледен машайық қашыпты», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген мақалға жүгінетін басшылар кеңсесіне келген бәлеқорлардың сұрағанын беріп, «басына ақ құйып» шығарып салатыны да белгілі. Сөйтіп, білімі мен білігі өзінен әлдеқайда төмен «қызыл көз» бәлелерге жік-жаппар боп жатқандары. Ондайда дос, бауыр, аға, әпке, іні, қарындас санап жүрген жақындары да арызқойлардың жағына шығып, сатып кететінін де білмейді емес, біледі.

Көмексіз көзің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол қаны бұзық ұры-қар,
Қапысын тауып сені алар.

Мінекей, қоғамның дауасыз дертіне айналған арызқой, заңқой, сөзуарлар туралы Абайдан асырып та, тауып та айту мүмкін емес. Ақынның есті елге ұран боп кеткен «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлы сөзі де осы «Сегіз аяғында» айтылады.
Бірақ сол қазақ бірін-бірі дос тұтып жүр ме? «Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын» ағайын, ебі келсе қолына қалам-қағазын алып бір-бірінің үстінен арыз жазуға оқталып тұрған жоқ па? Кезінде батыр Бауыржан Момышұлының үстінен де арыз жазған жалақорлардың ұрдажық ұрпақтарының жаны сірі, жүрегі мұздан жаралғандары әлі де бар ғой, кімді аясын?!.
Осыдан тура 57 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде Баукең жайлы «Советтік моральға жат қылық» деп аталатын мақаласымақ жарияланды. Базбір жатыпатарлар бір елдің атын бүкіл жаһанға бір өзі танытқан, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Бауыржан Момышұлының да «жүнін жығып» алғысы келіп, маңғаз болмысқа қарата мораль «оқымақ» болды-ау сонда.
Сол «данышпандар» осыдан жарты ғасыр бұрын не депті, оқиықшы.

«СОВЕТТІК
МОРАЛЬҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Жақында біз пединституттың екінші курсы студентінің анасына жазған хатын оқыдық. «Маматай!.. әкем білгенін істеп кетті ғой. Енді өз бетінен жарылғасын… Біз де бірдеме қылып күн көрерміз. Өзімізге-өзіміз берік болайық». Бұл – тірі жетім болған баланың өкінішті жүрегінен өксіп шыққан ыза мен күйініш сөзі. Ол көрген қорлық, шеккен жападан жастайынан дертті болған байғұс анасына басу айтпақ болады. Ана мен баланы осынша қайғы уына малып, өзегін өртеген кім?
Ол – жазушы Бауыржан Момышұлы.
Ж. Б. 1941 жылдың бас кезінде Момышұлына тұрмысқа шықты. Бірақ неке кітабына тіркелген жоқ. Момышұлына керегі де сол еді. «Соғыс кезінде Бауыржанның «жаным, күнім» деп жазған хаттарын неге сақтамадым екен» деп, Ж. әлі күнге дейін өкінеді. Ол кезде өз жүрегінің барлық махаббат, мейірімін ешбір қалтқысыз, іркіліссіз, алаңсыз арнаған жас ана өзі сүйген адамының ішкі бір қалтарысында қара тастай қатқан арамдық, мұздай суық ызғар жатқанын сезбеп еді. Жақсы атағы ел аузына ілініп жүрген жақын адамының жер соқтырып кетерін, соған дәті жетерін сүйген жары да, жалғыз ұлы да білмеген-ді, ойламаған-ды.
Момышұлы 1953 жылы әйелі мен баласын осылай тастап кетті. Бір жағынан әке күйігі, бір жағынан тұрмыс тапшылығы ананың да, баланың да арқасына аяздай батты. Бірақ оған жаны ашыған, қайырылып қараған әке жоқ.
Үй ішінен айырылған соң, Момышұлы өнер қуып, оқып жүрген өрімдей жас Ж. Қ-ға үйленді. Бірақ оның да көргені бақыт емес, қорлық болды. Ақыры оны да тастады. Арын аяққа басты. Өмірін өксітіп, өшпес өкініш дағын қалдырды.
Жақында Момышұлы үйлі-баранды болып отырған филармония артисткасы Баубекова Кәмеш дегенді «алып қашты». Кәмештің артында 14 жасар Шапиғасы, 12 жасар Кемелі мен кішкентай қызы Мақпал – үшеуі бірдей шырылдап қалды. Бірақ опасыз ана кетсе де, балалардың қасында қамқор әке бар еді. Жазықсыз жас сәбилерін ол мәпелеп бағып-қағар. Тек кішкентай Мақпалдың түн ортасында ұшып түрегеліп: «Мама, мама!» деп жылағаны-ақ батады. Бірақ сәби жүрегінің қан жылағанын қарабет әйел мен оны арбаған алдамшы Бауыржан қайтсін, пысқырып та қарамайды. Біздің идеалымызға жат, осы заманның Дон-Жуаны өз баласын аямағанда, біреудің баласын қайтсін! Жаңа қосылған «жас иіс» «ерлі-зайыпты» екеу баяғы ақсүйектерше «неке қияр» бал айын ұзақ саяхатқа арнап, Қырымның оңтүстік жағасында рахаттанып демалып жатты.
Фактілер осындай. Бұл оқиға күллі Алматы жұртшылығының ызасын келтіріп отыр. Бауыржанның басқа әйелдері де болған деседі. Бірақ осынау жұртқа мәлім фактілердің өзі де оның көріксіз сиқын айқын ашып көрсетпей ме?!
Момышұлы – феодалдық әдет-ғұрыптың шырмауындағы адам. Ол советтік талай семьяның тыныштығы мен бақытына қол сұқты. Ол талай ана мен баланың көз жасына қалды, олардың адамшылық арын аяққа басты. Жасы елуден асса да бір орынға тұрақтамай, қайта-қайта «төсек жаңғыртып», білгенін істеп жүр.
«Адамдардың мінез-құлқына жұртшылық тарапынан көңіл бөлуді және талап қоюды күшейту қажет, – деп атап көрсетті Н. С. Хрущев жолдас жаңа Программа туралы баяндамасында. – Неге десеңіздер, жаман қылықтарды істеушілердің көпшілігі қайсыбір коллективтің, қайсыбір ұйымның мүшелері, кәсіподақтардың, комсомолдың, колхоздардың, мәдени-ағарту одақтары мен қоғамдарының мүшелері, ал кейде тіпті партиямыздың мүшелері болып табылады. Социалистік қоғам құрылысының нормалары мен ережелерін бұзушыларға қарсы күресу үшін жұртшылықтың моральдық ықпалы мен беделін неғұрлым белсене пайдалану керек».
Ал Бауыржан Момышұлы – коммунистік ұлы партиямыздың мүшесі. Соған қарамастан, ол өзінің советтік моральға жат қылықтарымен коммунист деген жоғары атаққа кір келтірді.
Біз буржуазиялық-феодалдық идеологияның мұндай көріністеріне қарсы мейлінше батыл, мейлінше қатал күрес жүргізуге міндеттіміз. Мұндай ескіліктің сарқыншақтарынан арылмай, қайта соның етегінен айырылмауға тырысып жүрген адамдарды, бет-жүзіне, атақ-даңқына қарамастан, қоғамдық тезге салуға тиіспіз. Ескі қанаушылық құрылыстың қалдықтарын түгел жойып болдық деу қате. Ескілік сарқыншақтары әлі де жойылып біткен жоқ, ондай сарқыншақтар, әсіресе сын мен өзара сын, принципті, батыл күрес болмаған жерде өріс ала береді. Советтік семья мемлекет өмірінде үлкен роль атқарады. Ол – коммунизм құрылысшысының моральдық кодексінің жоғары принциптерін жүзеге асырып жатқан тамаша қоғамымыздың мықты бір буыны. Советтік семьяның іргесін шайқалтып, берекесін бұзғандарға кешірім жасамай, қатаң шара қолдануымыз қажет.

Шақпақ АРТЫҚБАЕВ,
1926 жылдан КПСС мүшесі,
Шәріп ӨТЕПОВ,
1928 жылдан КПСС мүшесі.

(«Қазақ әдебиеті»,
1 желтоқсан 1961 жыл).

Баукең өзі туралы жазылған бұл мақаланы газет жарыққа шыққан соң бір-ақ біледі. Ол туралы былай деп жазып кетіпті. Баукең қолтаңбасының мәнерін бұзып, мәнін кетірмес үшін мысалды өзі жазып қалдырған орыс тілінде беріп отырмын.
«1 декабря 1961 года. Я спал. Меня разбудила она.
– Міне, алғын, С. иттік істепті, – этими словами она показала мне свежий номер газеты «Қазақ әдебиеті».
Она была возмущена до предела. Я ей сказал, что ничего неожиданного не случилось. Все это проделки М., а на остальных не стоит обижаться.
Пошел в Союз Писателей, все смотрели в окна. Когда я поднялся в вестюбиль, там стояли пять-шесть писателей, кольцом окружая коптированного секретаря С. Ш. Со всеми поздаровался за руку и, задержав руку С. Ш. сказал:
– Из всех твоих произведений самое талантливое – это твоя сегодняшняя статья.
Все рассмеялись…
Как прилетел в Москву, Г.М. позвонил Г. К. и другим членам редколлегии и добился снятия моей статьи (рассказ) из «Литературной газеты».
Начались всякие хулиганские звонки к нам домой».
Міне, қаһарман қолбасшы ретінде қазақ халқының атын шығыс пен батыс елдеріне танытқан мақтанышымызға еліміздегі «сөзуар, білгіштер мен законшік, көргіштер» иттік (Баукеңнің үйіндегі апамыздың сөзі – К.С.) жасады. Сонда дейміз-ау, Абайды боқтап, жұдырық ала жүгірген, Бауыржанды жамандап мақала жазғандардың ұрпақтары бірін-бірі аяйды дейсіз бе? Жоқ, аямайды. Бастары қосыла қалса «Үстінен арыз жазайық!» дейді. Оларға аға болып ақыл айтатындар «Қойыңдар, ұят болады» деудің орнына «Дұрыс, жазыңдар! Қайтер екен…» деп, айтақтап тұрады. Міне, Абайдың «Сегіз аяғында» бастан-аяқ ашына айтылатын шер мен шеменнің бір сыры осы!
«Тарихыңа топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген сөзді авар ақын Расұл Ғамзатов дұрыс айтып кеткен. Сол тұстағы Бауыржандай көзі тірі тарихына топырақ шашқандарға болашақ тас атты. Топырақ шашқандардың аты-жөндерін ешкім де еске алмайды, ал батыр Бауыржанның әрбір мерейтойын халық мемлекеттік деңгейде атап өтіп жатыр. Кітаптары том-том болып басылып жатыр. Архивтері аршылып, бұрын жарияланбаған тың мақалалары, ойлары, күнделіктері жарыққа шығып жатыр. «Қазақ әдебиетіне» жарияланған өзі туралы бәлелі мақаланы да сақтап қойған екен, Баукеңнің архивінен, міне, ол да сопаң етіп шыға келді.
Бадамша сақаудың «монологі» сияқты Баукең туралы күлді-көмеш бірдеңеге «Шақпақ Артықбаев, 1926 жылдан КПСС мүшесі, Шәріп Өтепов, 1928 жылдан КПСС мүшесі» деп қол қойған мораль оқығыштар кімдер? Олар неге біреулердің айтқанымен жүріп, айтағына ерді? Өз ой-пікірі жоқ, мәңгүрт адамдай «жаз» дегендердің «айтағына» еріп жаза салатын, «қол қой» дегендерге еріп қол қоя салатындай соншама қор болып жаратылғандары несі? Ал жазды. Ал қол қойды. Ал «мораль» оқыды. Бірақ одан не шықты? Қазақтың батыр Бауыржанын мұқата алды ма? Қайта халықтың өз батырына деген махаббаты одан бетер үдей түскен жоқ па?!. Сол тұстағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы «Дұрыс жазыпсыңдар, әп, бәрекелді» деді ме? Қазақстан коммунистерінің съезінде Баукеңнің «моральға жат қылығын» сынап-мінеп, мәселесін қарады ма? Жоқ, ондай әңгімені абыз-тарихтың аузынан ести қойған жоқпыз. Ал осындайды өзінің арам мақсат-мүддесіне орай пайдаланып, «қанды басың бері тарт» деп шыға келетін біреулер болса, ондай жағдай Баукеңнің махаббатына партиялық тұрғыдан жаза беру туралы сын жазуға нұсқау беріп отырған Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымының деңгейінде ғана болған шығар. Басқадай бас жарып, көз шығаратын дерек пен дәйек жоқ. Дерек пен дәйек тұрмақ, коммунистік партияңыздың өзі шаңырағы ортасына түскен кеңес өкіметімен бірге жоқ болып кетті емес пе?!.
Сонда қалған не? Қалған Баукеңнің батыр бейнесі, аңыз болып кітаптан-кітапқа, ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бірбеткей мінезі.
Коммунистер қазақтан мінезсіз халық жасағысы келген. Сондықтан қазақтың мінезді ұлдарын өсірудің орнына, есебін тауып өшіріп отырған. Баукеңнің ешкімге де, ешнәрсеге де бас имейтін көкжал мінезі үшін отаршыл империя оған өшіге қараған. Соның салдарынан Баукеңе Алматы қалалық әскери комиссариатының басшысы деген қызметті де көп көрген.
Содан кейін қалған Баукеңнің асыл сөздері. Сөздерінің артында арыстанша ақырып өзі тұрды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев КСРО-дағы «жылымықты» тиімді пайдаланып, ер Баукеңе Кеңес Одағының Батыры деген атақты дер кезінде алып берді. Сөйтіп іштен шыққан шұбар жыландар бар, империялық иықтылар бар, бәрі жабылып жүріп жүндегісі келген халық батырының абыройын аспанға бір-ақ шығарды. Ал анау 1926 жылдан КПСС мүшесі Шақпақ Артықбаев пен 1928 жылдан КПСС мүшесі Шәріп Өтеповті бүгінде ешкім білмейді. Тарих та, ұрпақ та ондайларды керексініп жатқан жоқ.
Ал біреулердің айтақтауымен батыр Баукеңді қаралаған коммунистер жазған арызды Баукеңнің өзі былай деп баяндап береді. «Менің шығарған өлеңім бар. Ол: «Өзім батыр, жазушы атағым бар, Көп қатын алды деген шатағым бар…» деп келеді» дейтін батыр Баукеңнің жазбасында моралист-коммунистер жазған оқиғаны мүлде басқа қырынан танып, білуге болады.
Баукең өміріне көрік, жанына серік болған жарларын жек көре тұрып жақсы көрді, жақсы көре тұрып жек көрді. Бұл, әсіресе коммунистер жазған сын мақалаға арқау болған Ғайникамал туралы жазбаларында көп кездеседі. Бірде «Біраздан соң Ғайникамал «Қазақ вальсін», «Черные глаза, черные ресницаларды» айтып берді» немесе «Ғайникамал тарелканы алып, балық етін сүйегінен тазартып, менің алдыма қойғанда, отырғандар таңғалды. «Әйел теңдігін өзіміз осылай таптасақ, еркектерден не күтуге болады» деген көзқарасты сезген Ғайникамал «Бауыржан балық жей білмейді» деп жылы лебіз білдірсе, енді бірде «порядочный әйелде үш қасиет болуы керек. 1-ші қасиет – байын күте білу; 2-ші қасиет – үйін ұстай білу, 3-ші қасиет – бала-шағасын тәрбиелей білу. Осы үшеуі жоқ әйел – әйел емес. Жеңгеңде осы үшеуінің біреуі де жоқ. Чем это объясняется? Это объясняется вполне естественно. Она эстрадная актриса по профессий. Сол школа бұл кісіні қатты бүлдірген. Эстрада дейтіннің өзі глупая вещь. … Содан кейін бұл кісі 3-4 ай командировкада жүреді ғой. Сөйтіп жүргенде үйден хабар, байдан хабар, баладан хабар болмайды» деп қатты кетеді. Бірақ «ат айналып қазығын табады» демекші, батыр жүрегі бәрібір сол кісінің жанына жалау болып жүргенін қалайды.
Міне, осы Ғайникамалмен қалай танысқанын Баукең жіпке тізгендей былай баяндапты. Жазбаны оқи отырып, кезіндегі «Ойбай, аттан! Баукең біреудің қатынын курортқа алып қашып кетіпті» деген сөздің – өсек, мақаланың – жалған байбалам екеніне көзіңіз жете түседі.
«Я ее впервые встретил осенью 1936 года. Ей было 16 лет. Училась она в хореографическом училище. Она жила в соседней квартире, где я останавливался, приезжая в отпуск с Дальнего Востока.
Через два года я ее увидел в трамвае. Она была накрашена, размалевана, на голове у нее была одета шапка из куницы не то в форме казахской шапки, не то в форме боярки.
– Она недавно вышла замуж за сороколетнего с расчетом, – шепнула мне соседка.
Зима 1943 года. Мы стояли под холмом. Она приехала в составе казахстанской бригады. Впервые мы познокомились там. Самостоятельно она приезжала дважды ко мне с ночевками.
В свой приезд в Алма-Ату зимой 1944 г. мы продолжили свое знакомство и встречи, почти каждый вечер не то у нее, не то у Жусупбека.
Раннею осенью 1954 года она неожиданно приехала ко мне в Калинин, прожила три дня.
После демобилизаций прибыл в Алма-Ату. 1956 год. Две-три случайные встречи на улицах.
Она позвонила ко мне из больницы.
Через три дня неожиданно вечером пришла сама. Мы не могли поговорит, так как дома была Музей апа с детьми. Через день поехали в Талгар и обратно. Через два дня вечером пришла. Осталась ночевать. У нее было очень тяжелое состояние – 240 ударов. Частое-частое сердцебиение было слышно на довольно большом расстоянии.
Она была беспомощна и беззащитна. Я предложил ей поехать к своим детям, отдохнуть, успокоиться, подумать насчет интересов остальных четырех, найти общий язык с мужем. При возможности съездить на курорт. Время и отдых, возможно, улучшать ее здоровье и сгладят их взаимоотношения. А уход из дома – это поступок весьма крайний и вынужденный, когда нет другого выхода. … Она сказала, что муж оскорбляет ее, бьет. Она отказалась поехать домой. Я ее положил спать. «Я хочу умереть здесь, на твоих руках», сказала она почти в полузабытьи. Сердце ее сильно колотило. Я ночью не спал».
Баукеңнің Ғайникамал туралы сырларының бұл бір пұшпағы ғана. Нағыз шындыққа көз жеткізе түсу үшін Баукеңнен қалған мұраға үңілу қажет. Тағдыры тұйыққа тірелген Ғайникамалды хал үстінде жатқанда қанатының астына алып, соңындағы үйелмелі-сүйелмелі қыздарын туған қыздарындай бауырына басуы тек қана Баукең сияқты үлкен жүректі адамдарға тән қасиет екенін ойлап тәнті боласың. Бірақ әлсіз әйелге қамқорлық жасаймын деген ақ-адал ниетін басқалай түсінгендер арыз бен өсекті қарша боратып, «Артымызда Мәскеу» атты кітабын жоспардан сыздыртып тастайды. Белгілі әртіс Ш.Мусинмен оның ауру әйелі мен балалары туралы әңгімелеспек болған ниетіне де біреулер кедергі жасайды. Мына жолдарды оқыған кезде басқалардың қандай көңіл-күйде болатынын қайдам, өзімнің көңілім босап кетті.
«Пришли дети. Она их встретила холодно. Не обнимала их, не целовала их. Казалось, была к ним равнодушна. (Видимо отцовские черты на их лицах оттолкнули ее). Маленькая Макпал раздеваясь, сказала:
– Мама, пойдемте домой. Он больше не будеть ругать и бить вас.
Дети были очень плохо одеты. У Макпал ботинки кашу просили, у нее были мокрые ноги. Кемель был обут в резиновые тапочки. У Шапиги старенькие брезентовые туфли… Сразу же тут же одели и обули в привезенные для них из Москвы одежду и обувь. Они повеселели.
– Вот все это для вас купил Ата, – сказала она, подавая им чай.
Дети с самого начало не отчуждались от меня. Они жили у нас два дня. Искупались, переоделись, резвились… Я заметил, что они трое все были зашибленными, но я не брезговал ими. Потом Мусин потребовал их к себе. Тон требования был угрожающим. Старшие после уроков забегали к нам под разными предлогами, а Макпал Мусин не пускал.
– Макпал так вчера плакала. Хотела пойти сюда. К маме хочу, и все, – как-то сказала Шапига. Это я услышал случайно. Я всегда уходил в кабинет и никогда не мешал их свиданям.
Мусин попросил, чтоб Макпал жила у нас. Мы ее приняли. Аккуратно отводили в детсад и приводили обратно. Приходилось часто ездить за нею на такси так как она (мать) не могла ходить пешком в зимние вечера».
Ұлы тұлғалардың талайлы тағдыры, отбасы және нақсүйерлері туралы ізденудің, жазудың кез келген қаламгер тәуекел ете бермейтін өз қиындығы бар. Өйткені нақты деректен бейхабар ағайындар әрқалай айтады. Адастырады. Бірақ жаудан да, даудан да беті қайтпаған қайран да қайран қайсар Баукең бүгінгі ұрпақтары шындықты айта алмай бүгежектемесін дегендей бізге көмек қолын өзі созып кетіпті. «Анау айтты, мынау айтты» деген өсекке малданып, босқа арамтер болмасын дегені шығар. Ақиқатты ғана айтып, шындықты ғана жазғанды пір тұтып өткен Баукең туралы бүгін де тек қана ақиқат айтылып, шындық жазылуы тиіс.
Осы ретте мына мысалды да біле жүрудің артығы болмас деп ойлаймын. Өйткені сол кездегі жағдайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1961 жылғы 1 желтоқсандағы санында жазылған сын мақалада айтылғандай болмағанын Баукеңнің өз қызындай боп кеткен Шапиға:
– Менің анам атамен 17 жасында Алматыда танысыпты. Бұл соғысқа дейін болған, Бауыржан ол кезде ұзын бойлы, сымдай тартылған, көзі оттай жарқылдаған, әскери киінген, қыз-қырқындардың ортасында танымал болған офицер екен. Мамам ол кезде әртістік қызметін енді бастапты, ал Бауыржанды Қиыр Шығысқа жібергенде мамам онымен бірге кете алмаған. Өйткені үйде жұмысы, қызметі бар, сосын анасы мен бауырын баққан. Бірақ бір-бірін сүйіп қалғандықтан, кездесуге, тіпті, соғыс кезінде де мүмкіндік тапқан. Соғыстан кейін Бауыржан бірнеше рет үйленді, бірақ оның ең алғашқы нағыз махаббаты менің анам болды. Кейін Бауыржан Момышұлына біржола кетті. Менің ата-анамның ажырасуы үлкен жанжал тудырды. Момышұлына партия жүйесі бойынша жеке ісіне жазылған сөгіс берді. Жазушылар одағындағы партия жиналысына шақырып, мәселенің мәнісін түсіндір дегенде Бауыржан: «Маған партия билетін адамдар берді, ал махаббатты Құдай берді» депті. Сөйтіп атам мен анам көз жұмғанша 12 жыл бірге өмір сүрді, – деп жазады кейін.
«Қатыгез», «қатал» деп жазғандардың сөзін жоққа шығарғандай Баукең Шапиғаны оқуға түсіріп, шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп отырған. Екеуі әкелі-балалы сырлас жандарға айналған.
Әртүрлі жаман әдеттерді «індет», «жегі» ауруларына теңеп жатамыз. Сол сияқты арызқойлық та ел арасындағы қауіпті «дерттің» бірі. Әркім өзіне ұнамаған адамның үстінен арыз жаза берсе қоғам не болады, халық қандай күйге түседі? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір жолы бір лауазымды қызметкер туралы «Ол сендерге ұнамайды екен деп қызметінен алып тастай алмаймын ғой» деген болатын. Осы сөздің астарында үлкен біліктілік жатыр. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді. Жұмыс істеген соң азды-көпті қателіктер болады. Сол үшін «Үстінен арыз жазайық» деушілер мен «Дұрыс, жазыңдар» деп оларды қолдап, «үрит, соқ» деп отыратындардан сақ болған абзал-ау. Ал арызқойлар әр ауылда, әр қалада бар. Бір емес, бірнешеу боп ұйымдасып алуы да мүмкін. Бірақ салқынқанды ақылға салып, салмақтап қараса, арыз жазғандар мен солардың арыз-шағымдарына арқау болған азаматтардың болмыстары мен бейнелері, білімдері мен біліктері, өз ісіне деген ынталары мен шеберліктері жер мен көктей алшақ. Біреуі иілмейтін емен сықылды тек қана биіктерге ұмтылса, екіншілері күнбағысша еңкейіп күнкөргендер ме деп қаласың.
Ең бастысы, ер Баукең өле-өлгенше өз биігінде қала білді. Бір қызығы, кейін арада біраз жыл өткен соң, Баукеңнің үстінен сын мақала ұйымдастырғандардың бірі оны өз мемуарында мақтап жазды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support