«Меркі полициялары баламның мүрдесін әкесі маған хабарламай, көмдіріп тастады…»

81

Меркі ауданында жыл сайын неше түрлі қылмыстар болып жатады, үй тонайтындар да бар. Бірақ осы қылмыс жасағандар, яғни үй тонап, ақша ұрлағандар ұсталып, жауапқа тартылып жатқан жоқ. Ұсталса, жартысы ғана ұсталып, сотталады. Сөздерім дәлелді болу үшін өз басымнан өткен жағдайды айтуды жөн көрдім.
2016 жылы балам Дүйсенбекті (1968 жылы қазан айында туған) Бауыржан деген біреу (Жамбыл ауылының тұрғыны) машинасына отырғызып, Тәтия ауылының шетіндегі біреудің малын бақтыруға алып кетіпті. Содан бері Дүйсенбегім үйге қайтқан жоқ. Мен оны алты ай іздеп, не тірі, не өлі екенін білмей, Меркі аудандық ІІБ бастығына арыз жаздым. Аудан прокурорына да жаздым. Бірақ өлі-тірісін білмедім. Содан кейін облыстық ІІД бастығына арыз жазып, қабылдау бөліміне барып сол жерде қызмет істейтін қыздың қолына бердім. «Жазған арызымның жауабын қашан бересіңдер?» деп сұрадым. Қыз маған «15 күннен кейін береміз» деп жауап берді. Сол кездегі облыстық ІІД бастығына өкпем қара қазандай. Жәбірленуші маған жаны ашымастан, екі жылдан бері бір жауап берген жоқ.
Мен содан кейін облыс прокурорына арыз жаздым. Облыс прокуроры тез арада жауап берді. Мен баламның өлі-тірісін алты айдан бері білмей, облыстың барлық құқық қорғау орындарына арыз жазып таппай жүрсем, Меркінің полициясы Тәтия ауылының қасында ағып жатқан судан менің баламның денесін тауып алған да, әкесі маған көрсетпей көмдіріп тастаған. Менің қолымнан қан алып Алматыға тексеруге жіберген кезде өліктің менің балам екені расталды.
Айтайын дегенім, Меркінің полиция қызметіне өте наразымын. Өйткені баламның өлі денесін эксперттерге тексерткен кезде барлық қабырғаларының сынғанын дәлелдеді. Соған қарағанда, ол адам қолынан ажал тауып, өліп отыр. Ал Меркінің полиция тергеушісі баламды өлтірген адамдарды іздеп таба алмай, қылмыстық істі екі жылдан бері тексермей, жауып отыр. Менің жанымды осы жағдай қатты қинайды. Меркі полицияларының «Біз халыққа адал қызмет етіп жүрміз» деп айлық алғанымен, үй тонағандарды, адам өлтіргендерді дер кезінде ұстап, жауапқа тартпайтыны қалай? Менің баламның денесін бізге көрсетпей, көмдіріп тастағаны үшін-ақ Меркінің полициясын басшысынан бастап қызметінен алып тастауға болады. Баласы өлген жәбірленуші маған жаны ашымағандардың, басқа ұры-қарыға жем болған жәбірленушілерге қалай жаны ашиды?! Әрине, жаны ашып көмек бермейді. Ондай полицияларға бір күн де қызмет істетпеу керек. Әсіресе баламның өлі денесін өзіме көрсетпей, көмдіргені үшін менің жанайқайыма құлақ аспаған полиция қызметкерлерінен тез арада қызметтен кетуін талап етемін.
Менің Сейсекүл деген қарындасым бар. Меркінің қақ ортасында дүкені бар, 35 жылдан бері саудамен айналысады. Сол қарындасымның көп жылдан бері жинаған миллиондаған теңгесін ұрылар есік-терезесінің барлығын сындырып, бір-ақ күнде ұрлап кеткен. Меркінің полициялары 4 айдан бері сол ұрыларды таппай отыр дегенге сенесіз бе? Осыдан кейін не деуге болады? Өздерің айтыңдаршы, оқырман қауым!

Әшен Қырғабақұлы,
зейнеткер.

Меркі ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту