- Advertisement -

Тағдырын театрға арнаған абзал ана

1 261

- Advertisement -

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты Нұрсифат Салықованың мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті

Облыстық қазақ драма театрында 60 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ардагер актриса, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықованың 80 жасқа толған мерейтойы жоғары деңгейде тойланды.

Мерейтой иесінің құрметіне арналған өнер кеші басталар сәтте театр алдына қызыл кілем төселді. Белгілі актрисаны құттықтауға келгендер сол кілемнің екі жағына бөлініп, қаз-қатар сап түзеді. Осы сәтте маңдайы жарқырап Нұрсифат апамыз келе жатты. Әйгілі өнер иесін халық әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов пен Досхан Жолжақсынов сынды қазақ өнерінің алыптары қолтықтап келді.
Салтанатты шара жергілікті театр қызметкерлерінің театрландырылған көрінісімен ашылды. Сахнада өнер өлкесіне жаңа қадам басқан жас Нұрсифат тұр. «Маған өнер қонар ма екен?» деп толғанады, жүрексінеді. Осы кезде оған аян беріледі. «Нұрсифат, үмітіңді үзбе, алға ұмтыл, алған бетіңнен қайтпа. Бақ біреудің ауласына түстенеді, біреудің басына қонады. Саған бақ қонады, қызым» деп жігерлендіреді.
Мұнан соң Кебектің ғашығы Еңлік, Абайдың жары Әйгерім бейнелері сахнадан көрініс тапты. Бұның бәрі Нұрсифат Салықованың жас күнінде ойнаған рөлдері болатын. Кейін сахнада алпыс жылға шегініс жасалып, жас Мақсұт Салықов пен жас Нұрсифат Салықованың образдары сомдалды. Бір-біріне ғашық, ынтық, өнерге құштар жас жүректердің түсінісуі, бір-бірін тапқандағы мөп-мөлдір қуанышты сәттері шынайы берілді. Екі ғашықтың отау құрғаны, жас Нұрсифаттың «Мен ана болдым. Бір қолыммен бесікті, бір қолыммен сахнаны тербеттім. Бірақ шаршадым. Өнер жолы – қиын жол» деп толғанған сәті жүрек толқытты.
Сахнаға мерейтой иесі, ардақты әже, театр өнерінің тарланы Нұрсифат Салықова шыға келгенде көпшілік орнынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Нұрсифат апа: «Адамды адам түсіну бір ақырет, Ойлы жас түсініпсің, рахмет…» деген Мұқағали өлеңінен шумақтар оқып, «Ағайын, жүрсіңдер ме есен-аман, сіздерді көрмегелі неше заман. Жиналған осы кешке құрметпенен, айтамын алғысымды халқым саған» деп халыққа басын иіп, көпшілікке ризашылығын білдірді.
Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтады. Ол алдымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын оқып берді. «Қадірлі Нұрсифат Рахымбайқызы! Сіз 60 жыл ғұмырыңызды театр сахнасына арнап, жүзден астам рөлді сомдадыңыз. Әр жылдары еңбектің биігінен көріндіңіз. Әлемнің және қазақтың классикалық туындыларындағы образдарды сомдауға үлес қостыңыз. Кино әлемінде де өз орныңыз бар. Әйгілі «Құнанбай» фильмінде Зере образын керемет сомдағаныңыз үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атандыңыз. «Еңбек ардагері» медалінің де иегерісіз. Еңбегіңіз жана берсін, ғұмырыңыз ұзақ болсын!» делінген құттықтау хатта. Мұнан соң Ерқанат Нұрбапаұлы: «Нұрсифат Рахымбайқызы, біз сізбен мақтанамыз, біз сізді құрметтейміз. Деніңізге саулық тілейміз», – деп мерейтой иесінің иығына зерлі қамзол жауып, орамал тақты.
Салтанатты жиында халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов құттықтау сөз сөйлеп, алғаш осы театрдың сахнасында өнер көрсеткенін есіне алды. «Тәжірибесі жоқ жас актер едім. Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» деген шығармасы қойылып, Нұрсифат әпкем Шафақ деген күйеуі соғыста қайтыс болған келіншектің рөлін, мен соның қайнысының рөлін сомдадық. Шығарманың желісі бойынша үлкендер екеуміздің некемізді қимақшы болады… Бүгінде сол сәт еске түседі. Нұрсифат Салықова – менің өнердегі жолыма ақ жол тілеген анамдай адам,» – деген Т.Жаманқұлов ізгі тілегін арнап, құрмет көрсетті. Бұдан соң халық әртісі әрі режиссер Досхан Жолжақсынов мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін жеткізді. «Шаршамаңызшы, шаршама, тұлға болдыңыз – шын үлгі. Көрсетіп жүрсіз баршаға, өмірді қалай сүруді» – деген шумақтан Досханның құрметі көрініп тұрды.
Парламент Сенатының қызметкері Болат Бейсенбаев та құттықтап, Нұрсифат Рахымбайқызының кеудесіне «Ел ардақтысы» медалін тақты.
Кейіннен Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданынан келген қонақтар Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сайлаухан Ашанов өңірдегі ардагерлер атынан құрмет көрсетіп, жылы сөзін арнады.
Облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы да сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ғұмырында кешкен қиындықтарына, «Халық жауының қызы» атанып, жазықсыз жапа шеккеніне тоқталып, бұл кісі жайлы облыстық бас газетке көлемді мақала жарияланғанын айтып, апайдың тағдырлы өмірінен кино түсіруге болатынына, актрисаның тағдыры драма жазуға сұранып тұрғанына тоқталды. Н.Салықоваға ұзақ ғұмыр тілеп, құттықтауын жеткізді.
Соңынан мерейтой иесінің құрметіне облыстағы өнер майталмандары Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев және Бахром Муминов, Әсел Уәшова ән салып, «Ақкербез» тобының бишілері мың бұрала би биледі. Сахнаға «Асыл аналар» әжелер ансамблінің мүшелері шығып, Нұрсифат Салықовамен бірге ән шырқады. Сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі қойылды.
Осылайша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықованың 80 жасқа толған мерейтойы атап өтілді.

 

Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support