- Advertisement -

«Мүмкін емес болмауы, мені туған ананың…»

156

- Advertisement -

«Мүмкін емес болмауы, мені туған ананың…»
Неге екенін кім білсін, Тараз қаласындағы Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйіне барған кез келген адам ондағы жеткіншектердің сыр жасырмайтын жанарынан осы сауалды оқитын шығар деп ойлаймын. Бәлкім әнші Мейрамбек Беспаевтың бала күнінде орындаған Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» атты әніндегі запыран зарды осында келгенде айқын сезінетінімізден болар. Осынау жәудіркөздердің жетімек атанып, «тірі» жетім қалатындай қандай күнәсі бар екен деп ойланасыз.
Осы сұрақ жетелеп облыстық Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйіне атбасын бұрдық. Мемлекет қамқорлығына берілген жасөспірімдердің 35-і нағыз жетімдер болса, 82-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар екен. 21-і өзіміздің қаракөз қазақ балалары. Бізді мекеме директоры Айжан Мейірханова балалардың үй тапсырмасын орындайтын, жататын бөлмелеріне қарай бастады.
Мұнда топтар «Жанұя» деп аталады. Тым қатал тағдырдың балаларға тартқан ең тәуір сыйы да – осы. Сезініп үлгермеген отбасының жылуын сол береді оларға. «Жас қыран» жанұясындағы Борис Орловский деген бала бокс үйірмесіне барады екен. Талабы таудай. Боря жалғыз емес. Әпкесі – Лена, інісі – Юра да осында тәрбиеленеді. Аркаша Овчениковтің де Саша, Маша деген әпкелері, Павел деген інісі бар. Бәрі осында. Мұнан соң 3-5 жасар сәбилер жанұясына бардық. Сүйкімді бүлдіршіндер өлең жолдарын оқып берді. Өздері зерек-ақ. Ал «Балауса» жанұясында 7 қыз тәрбиеленеді екен. Он жылдан бері тәрбиеші болып келе жатқан Гүлбаршын Мұсаева олардың анасындай. «Жібекте» жібектей 8 қыз бар. Тәрбиеленуші Олья Богомолова сурет салудан республикалық байқаудың бас жүлдегері атанса, Кристина Карпенко еркін күрестен біраз жетістіктерге жетіпті.
Жалпы 110 балаға 16 үйірменің ішінде қалағанына қатысуға мүмкіндік берілген. Соның жемісі ғой, жеткіншектердің өнер, спорт жарыстарында мерейлері үстем болып, жүлдемен оралып жүргені. Мәселен, балғын әнші Сырым Мауев республикалық «Ғұмыр-дария» байқауында жеңімпаз атаныпты. Қыздар қолөнер үйірмесіне көбірек қызығады екен. Үйірме жұмысын жүргізуші ұстаздар Салтанат Нақыпова, Мира Перагованың айтуынша, 25 қыз тігіншіліктің қыр-сырын қазірден меңгеріп алыпты. Бейнелеу үйірмесінің де жұмысы нәтижелі. Кристина Возняктің «Ана мен бала» картинасын салып, республикалық байқаудан топ жаруы – соның дәлелі.
Балалар үйінің кітапханашысы Ілия Сүлейменова 5 мыңнан астам көркем кітап қоры бар екенін айтады. Оның тең жартысы қазақ тілінде жарық көрген туындылар көрінеді. Жалпы тәрбие-білім беру үдерісімен қатар, мұнда жеткіншектердің физикалық, рухани дамуына баса мән беріледі. Тіл кемістігі бар балғындарға көмек көрсететін арнайы логопеді бар. Сандуғаш Әнгелованың айтуынша, 23 бала артикуляциялық жаттығулар жасап, дидактикалық ойындарға қатысу арқылы бұл қиындықтан арылыпты.
Мұнда сенсорлық бөлме бар. Балалар оны «Қараңғы бөлме» деп атап кетіпті. Неге екенін қайдам, бүлдіршіндер осында келуге құмар-ақ. Жеткіншектердің бұл бөлмеге келгенде басқа әлемге енгендей болатыны оның ерекше жабдықталғандығынан. Жасанды жаңбыр тамшылары, бұлттар көңіл арбап, онда өзіңізді табиғат аясында демалып отырғандай сезінесіз. «Бұл бөлмеге келген балғындар тез жадырап, әп-сәтте сергіп сала береді. Біздің жаттығуларымыз балаға әсер етеді», – дейді психолог Салтанат Молшылықова.
Бұл шаттықтың бір сәттік екенін шамалап, «Шіркін, балалар әрқашан жадырап, ойнап жүрсе ғой», дедік іштей. Балғындарға ата-ананың жылуын сыйлайтын қайырымды жандар табылып, өз қамқорлығына алса, балалар үйі де болмас еді?!
Біздің бұл тілегіміз негізсіз де емес. Өйткені осында тәрбиеленіп жатқан 50-ге жуық жасөспірім өткен жылы отбасымен қауышыпты. «Олардың 18-і патронаттық, 12-сі қамқоршылық қорғаншылық тәрбиеге өтті. 1 бала отбасының асырап алуына жіберілсе, тағы 10-ы туыстарын тапты. 10 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйіне жіберіліп, 20 бала мектеп бітіруіне байланысты үлкен өмірге жолдама алды. Қоғам болып жәудіркөздерімізді ешкімге телміртпеуді ойлап, оларды өз бауырымызға тартуға тырыссақ, болашақта балалар үйі мүлдем болмайтыны анық. Біз осы мақсатта тиісті жұмыстар жүргізудеміз», – дейді балалар үйінің директоры Айжан Дүкенбайқызы.
Біз отбасы үлгісіне 4-10 балаға дейін жіберілсе, патронаттық тәрбиеге 4 бала берілетінін анықтап білдік. Бұрын біздің облыста осындай 3 мекеме болғаны белгілі. Оларда 400-ге жуық бала тәрбиеленген екен. Қазір қалғаны осы – Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйі. Мұнда да бір кездері 270 жеткіншек тәрбиеленген. Балғындарды отбасылық тәрбиеге беру арқылы бүгінде олардың саны азайған.
Мәліметке сүйенсек, Қызылорда, Өскемен қалаларында балалар үйі жоқ екен. Біздің облыста да солай болса… Балалар үйі болмағаны жақсы!
Жазмыштың жазуымен ата-анасынан (көлік апаты, аурудан) айырылып жататын балалар бар. Тағдырға қарсы тұрар шама жоқ, ал өзегін жарып шыққан өз баласын көзі қиып көшеге тастайтын, балалар үйінде қалдыратын қатыгездерге не деуге болады? Жастардың бір-біріне сенімсіздігінен, отбасы мәселесіне жеңіл-желпі қарайтындығының салдарынан сәбилер зардап шегетіні қиын!

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support