- Advertisement -

Талантты жастар Таразда неге тұрақтамайды?

156

- Advertisement -

Жайсаң Жамбыл жері талантқа кенде емес. Талай дарындардың томағасын сыпырып, түлеткен қасиетті өңіріміздің абыройын асқақтатып, ел мақтанышына айналып жүрген жастарды тізе қалсаңыз, саусақпен санап болмайсыз. Өнерде де, спортта да, білім саласында да олардың аз еместігі туралы ауыз толтырып айтуға болады. Әйтсе де ойлантатыны – сондай талантты жастардың Таразда тұрақтамайтыны. Әсіресе спорт саласындағы кейбір мықты өрендеріміз өзге өңірге кетіп, басқа облыстың намысын қорғап жүргендігі жанға батады. Кеше ғана Джакартада өткен Азия ойындарында жүлделі орындардан көрінген грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев пен таэквондошы Руслан Жапаровтың бүгінде Алматы облысының атынан сынға түсіп жүргендігі белгілі. Осы секілді өзге де мысалдар аз емес. Өнер жолында да жүрген көптеген таланттарымыз Алматы, Астана асуға бейім. Неге? Бұл туралы бірқатар тұлғаларға сауал жолдап, жауап іздеген едік…

Бекзат СЫПАБЕКОВ,
бокстан облыстың
аға жаттықтырушысы:

– Жасыратыны жоқ, қазір жағдайымыз аса мәз емес. Бұрындары облыс чемпионатынан он салмақ бойынша жеңімпаздарға және одан бөлек талантты бес балаға айлық тағайындайтынбыз. Олар дәрежелеріне қарай жақсы жалақы алатын. Қазіргі кезде ондай жоқ. Тек ел құрамасына өткен спортшыларға ғана төленеді. Соның салдарынан бұрын клубта жетпіске жуық боксшы болса, бүгінде олардың саны отыздан әрең асады.
Айталық, ел чемпионатында топ жарған спортшыларымыз айлыққа ілінгенімен олармен күнделікті дайындықта бокстасып, шынығып жүрген екінші, үшінші нөмірлі былғары қолғап шеберлерімізді де ынталандыру керек қой. Жаңа чемпиондарды шығару үшін басқа спортшыларға көңіл бөліп, жағдай жасау керек. Қазір кәсіби боксқа бет бұрып жатқандардың қарасы көп. Маңғыстау секілді өзге өңірлерге ауыссам дейтіндер де табылады. Өзімізде айлық мәселесі шешілмегендіктен оларды ұстап отыра алмаймыз. Кейбірі, отбасы қамымен қара жұмысқа, табысты салаға кетіп жатыр. Осыған мейлінше кәсіби түрде көңіл бөлінсе, жергілікті басшылық тарапынан шешім болса деп тілейміз.
Бірақ қалай дегенде де талантты жастарымыздың басқа аймаққа ауысуын қаламаймын. Өз өлкеміздің суын ішіп, ауасын жұтып өсіп, спорт жолында алғашқы қадамын жасап, осындағы жаттықтырушыларынан бар техниканы меңгеріп, жетіліп, толысқан шақта кеткені дұрыс емес. Туған жердің абыройын асқақтатқанға не жетсін! Мейлі ол спортшы ретінде зор жетістіктерге жете алмаса да, осы облыстың намысын қорғайтын мықты шәкірттерді тәрбиелейтін жақсы жаттықтырушы болып шығуы мүмкін ғой.

Ғани МӘТЕБАЕВ,
облыстық
филармонияның әншісі:

– Жас болдық па, білмедім, әйтеуір ертеректе таныла бастаған шағымызда Алматы, Астана асуды ойламаппыз. Шақыртулар болды. Бірақ бас тарттым. Алматыдағы талай концерттерге қатысып тұратынмын. Ол жылдары еліміз енді есін жиып келе жатқан қиын уақыт еді ғой. Содан да қорқақтаған шығармын…
Ал қазір шақырту болса да бармайтын едім. Алматы не, Тараз не екеуі бірдей болып қалды. Себебі технология дамыған бүгінгі таңда осылай деуге тура келеді. Интернет деген жақсы нәрсе бар. Таразда, өзімнің студиямда отырып-ақ Астана, Алматыдағы бар достарыммен тығыз байланыстамын. Әрі жылдам, әрі тиімді. Керек десеңіз, осы интернет арқылы белгілі бір келісім шарттарға да отыра береміз. Мысалы, бұрындары сол үлкен қалалардағы үлкен кештерге тек сол жақта, жақында жүрген өнер иелерін ғана шақыратын. Қазір кез келген өңірдегі өздеріне қажет деген өнерпаздарды әлеуметтік желілерден іздеп отырып тауып алады. Жалпы Астана, Алматыға барып танылып кетемін деген бос сөз. Талантты болсаң бәрібір тасада қалмайсың. Таразда жүріп-ақ мойындатуға болады.
Бұл ретте айта кететін бір жағдай бар. Бізде өнер саласында жақсы жоғары оқу орны жоқ. Содан кейін көп дарынды жас өрендеріміз басқа қалаға оқу үшін кетіп жатады. Сонда 3-4 жыл оқып, білім алып жүріп, бауыр басып, қайтқысы келмей қалады. Тойларға шығып, табыс тауып, танымалдылық қуа бастайды. Республикалық, халықаралық байқауларға сол оқып жатқан университеттің, өзге өңірдің атынан шығып жатқан көптеген жамбылдық жалынды жастарды көріп, әттеген-ай деп отырамыз. Егер Таразда өнер саласында жақсы оқу орны болса, облыстың түкпір-түкпірінен шыққан таланттар сондай білім алып, облыстың өнерін, мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосатын еді деп ойлаймын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support