- Advertisement -

Бір шаңырақтағы екі ақынның «Егіз өрімі»

200

- Advertisement -

Жырсүйер қауымға жаңа кітап жол тартты. Ол – «Егіз өрім».
Иә, аты айтып тұрғандай ол шын мәнінде де егіз өрім сияқты бір үйдегі екі перзенттің кітабы.
Сарысулық Асылхан мен Асхат – бір әке, бір ананың кіндігінен тараған ағайындылар. Екеуі де бала кездерінен қазақы қара өлеңнің қаймағына қанып, талаптанып өскен. Содан да болар, өздері де шабыт-сәйгүлігін ерттеп мініп, қолдарына қалам алып, жыр жазуға жандары құмар.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай айтқандай, ағайынды Абзалбековтер де өлең өлкесіне өз мүмкіндіктерінше іздерін қалдыруға бейіл. Оны екі ақынның жүрекжарды жырлары топтастырылған кітапты оқып отырып, көз жеткіздік. Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген кітапта екі ақынның өлеңдері «Өрнек», «Түйін», «Сезім пернелері», «Апонай» атты төрт бөлімге топтастырылған. Сонымен қатар авторлардың әнге арналған өлеңдері жарияланған.
Кітаптың алғысөзін жазған белгілі ақын Маралтай Ыбыраев қаламдас інілерінің жырларына оң бағасын беріп, сәттілік тілеген. «Қазақ ақынға кенде емес. Бірақ бір үйдің екі бірдей перзенті, бір әкенің екі баласы қолдарына қаламды қатар алып, жарыса өлең жазуы – сирек құбылыс. Ал сол бір үйдің екі таланты жазған-сызған өлең-жырларын бір арнаға тоғыстырып, бір кітап қылып шығарғандары жоқ шығар-ау!
Өмірге деген көзқарасы қалыптасқан, өмірдің не екенін өз әлінше пайымдаған адам ғана өлеңге қол созса керек. Өлең көгінен өз орнымызды алсақ деп, қанатын қомдап отырған қос қыраныма сәттілік тілеймін», – дейді М.Райымбекұлы.
Біз де ағайынды ақындарға шығармашылық шабыт тілей отырып, қос ақынның бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Мәдениет және спорт бөлімі.

Досыма

Сен менің бағамды бер, барымды көр,
Ойдан құтқар толассыз, жаным жүдер.
Қара бастың қамынан шыға алмасам,
Отына пенделіктің жағып жібер.

Сен маған қолыңды бер, сертімді көр,
Тереңіме ен бойла, секілді көл.
Берген сертте бәстесіп тұра алмасам,
Күлге айналған жанымды, өртімді көр.

* * *
Дем бітіп, уақыт жетсе, сөнер жанар,
Дүрсілі де бұл жүректің тәмамдалар.
Кетер ме екем сезімім көмескі боп,
Көйлегі көңілімнің жағал-жағал.

Барында таңдарымның арманы асқақ.
Жетелер сол арманым алға бастап.
Келемін сүріп өмір, мен өзіңді,
Жыртығын жүрегімнің жамап-жасқап.

Шабысын шабытымның ноқталар кім?
Алдымда адастырмас соқпағы ардың.
Әр сәтінен нәр алып, төгіл, жырым,
Тірліктен бір күн мен де жоқ болармын.

* * *
Кетсең де көшіне еріп сағым жылдың,
Сарғайған сағынышым сағындырдың.
Ақ қардай жаны таза, аяулым-ау,
Көктем боп гүлге орадың бағын кімнің?

Адал ек екеуміз де ар алдында,
Жүруші ем сыйлап жырды, саған мұң да.
Бұртиып жас баладай өкпелеуші ең,
Басқаның бабын, жаным, таба алдың ба?

Жүрсің бе нұрға бөлеп үйін жаттың?
Сынағын тағдыр неге қиындатты.
Үздіккен үмітіміз ерте сөніп,
Бізге әркез бір болуды бұйырмапты.

Болса да, маған кінә тақпа, жаным,
Қалайша алдыңда мен ақталамын.
Қайтейін, сыздатады жүрегімді,
Жаныма жақын жүріп, жат болғаның.

Жапса да көңіліме шер шекпенін,
Берсе де бізге бақыт өлшеп тегі.
Ризамын, қалса егер жүрегіңде,
Маған деген сезіміңнің бөлшектері.

Бір үзік сыр

Естен кетпей мазалайсың, жарығым,
Ешбір белгі қалмаса да өткеннен.
Жастығымда жана алмаған жалыным,
Жаутаң қағып, қол бұлғайды көк белден.

Бейнең қалып белесінде елестің,
Кеткенімен сағымдайын бұлдырап.
Жанарымнан жоғалса да елес-мұң,
Көкейімде қоштасқан күн тұр бірақ.

Мүмкін, бізге ақыл, шіркін, кеш кірді –
Бар нәрсенің бағалайтын байыбын.
Десек-дағы өткен өтті, ескірді,
Кешір мені, болса егер айыбым.

Күткен үміт сенімінен жерімей,
Тілегінен айнымады көз бояп.
Бір мұң қалды жүрегімде ерімей,
«Тек өзіңді сүйем!» деген сөзді аяп.

Ұмыта алмай сол бір аңғал сезімді,
Түкпіріме тыққам бұзбай қалыбын.
Батылдығым жетпей қалған кезімді,
Ақындығым жұбатып жүр әлі күн.
Арман қыз

Ғашық жүрек мазасыз,
Тыным таппай дүрсілдеп.
Ақша бұлттар арасын,
Кезіп, әлде, жүрсің бе?

Бүршік жарған көктемде,
Ақ қайыңнан сұрадым.
Қызғалдақты көк белде,
Айдында ма тұрағың?

Көңілімде шуақтап,
Тұнып қалған жырмысың?
Шынар болып шыңы аппақ,
Тым биікте тұрмысың?

Үмітімді жалғаған,
Қиялымда самғаған.
Тек мен үшін жаралған,
Қайдасың, сен арман қыз?!

Шабақты-ана

Шабақты, түбің қайраң, түрің қайраң,
Бастауың шығады екен сенің қайдан?!
Жағалай қонған елдің анасы – Сен,
Арман ұшып арнаңнан қанат жайған.

Сені жұрт қу қайыр деп олқысынар,
Десе десін, ол – оның парқы шығар?
Өндіріне өзек қып жалғайтынын,
Біле ме екен суыңның тамшысын әр.

Сылдырайсың сыр бүгіп өткен күннен,
Куәсі оның – Күн ару көкте күлген.
Сенің де бір шырқайтын әнің барын
Гүл өсірген бөктер мен көктем білген.

Жүректе

Есімде сені алғаш көргенім,
Әу бастан жүрекке төрледің.
Сезімнің ақ қарлы шыңына,
Өзіңмен бір жүріп өрледім.

Жүректе сақталды сол сезім,
Өтсе де сан жылдар арада.
Сағынбас жан бар ма бал кезін,
Қайықтай тербелген жағада.

Сан үміт жүректе тулайды,
Армандар кеудемде шулайды.
Біздерді бала деп енді ешкім,
Сезімнің бағынан қумайды.

Албырттық тербетіп тең бізді,
Қырлардан талай гүл тергізді.
Сол сезім қияға жол салып,
Үлкендер ізіне ергізді.

* * *
Алаулап тұрған еркемді,
Көргенде жүрек өртенді.
Жүргенде жаным жабығып,
Бағымды ойлап ертеңгі.

Бағым ба, әлде, сорым ба?
Тағдырым, тосқан торың ба?
Арманым аппақ жалауым,
Желбіреп тұрған жолымда.

Үлбіреп піскен ақ гүлім.
Сағасы ма едің пәк сырдың?
Сағымдай қашқан сезімді,
Жолыңа сенің лақтырдым.

Күлгенің кірсіз жүрекпен,
Жаныма нұрлы гүл еккен.
Сезімге елтіп шалқыдым,
Жүрегім содан дір еткен.

Бақыттың ашып қақпасын,
Көңілге жылу тақпасын.
Жыр болып шыққан сезім ғой,
Теңіздей тулап жатқасын.

Мәңгілік ел сарыны

Күн менен айы жарасқан,
Атағы айдан әрі асқан.
Жұлдыздар көкте жамырап
Бір көру үшін таласқан.

Елім бар байтақ, егемен,
Бабалар рухы жебеген.
Келеді жүзіп ғаламда
Арманы асқақ кемемен.

Тарихым – түбім – тамырым,
Бүгінге жеткен ән, жырым.
Бабадан қалған бұл мекен
Арқалап жатыр бар мұңын.

Өткенге көз сап қарасам,
Сақ пенен Ғұннан әрі асам.
Тұмар ханыммен кеңесіп,
Еділ патшамен санасам.

Түркіден тарап, қазақ боп,
Қырандай еркін азат боп.
Бақытты болашақ үшін
Тарттың-ау елім азап көп…

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support