- Advertisement -

«Бәйшешек терген сол кездер, Секілді қазір ертегі»

186

- Advertisement -

Ілияс АХМЕТОВ, ақын.

Оқырманға хат

Соншалықты сойқан ақын емеспін,
Жан да емеспін және елден керемет.
Өңім қашса, өзімменен кеңестім,
Одан басқа мына бізге не керек?

Мен де оқырман, өздеріңдей пендемін,
Өзіме шақ азаматпын сәл ғана…
Менің даусым – шырылдаған сендегі үн,
Жүрміз жаппай алдымызға алдана.

Арқа-жарқа жарығынан жалғанның,
Табардаймыз ізетпенен ізгі не…
Бабалардан қалған әуре, қалған мұң,
Құлшыныспен құр жібермес бізді де.

Жасырынып сан жарықтың бойына,
Бізбен ойнар түсінікті түнек бір.
Әр әттеңді жиып терең ойыма,
Лүпілін де ұмытыппын жүректің.

Баршамызды билеп-төстер күйкі өмір,
Барымтасын өлшеп-пішіп уақытпен.
Барымды айттым өздеріңе сүйкеніп,
Қайсымыздың ісіміз бар бақытпен.

Ауылдастарыма

Көңілім бар болмысындай нәрестенің,
Десем де мерейіммен дәл өспедім.
Ауылына көшіп келіп Пернебектің,
Тап қазір «домашний арестемін».

Көзіме жас үйірсе ыршып қайғым,
Ұрынған өз жібіне ұршықтаймын.
Бұл маңнан кеуіл аулар адам көрмей,
Үйімнің үңгірінен бір шықпаймын.

Аты да болу керек заты бардың,
Күн сайын күмілжиді дәті халдің.
Бұл жерден сұхбаттасар қара таппай,
Етпеттеп төсегімде жатып алдым.

Біреулер көршілерің қандай десе –
Қарап қоям тайқылау маңдайға ше.
Желіп жеткен ауылым осы шығар,
Көшіп келген бұл көшем қандай көше?

(Сап-салқын Жуалының түнгі лебі,
Жан дүнием соңғы кезде дүмбіл еді…)
Біртүрлі ахуалға тап боп қалдым,
Бар шығар өзімнен де, кім біледі.

Салсам да бойымдағы бәрін күштің,
Бұл жаққа сіңісе алмай зәрімді іштім.
Қараймын жалғызсырап айналама,
Кім ұқпақ шыдамымның халін мүшкіл?

Мені де қарап қалмай сынайды ел,
Шатасса шамасынан жылайды ер…
Қиын-ақ қартайғанға көшіп-қону,
Ар жағын мен білмеймін, Құдай білер.

 

Бар болғаны топырақпын

Күзгі жүдеу жапырақпын,
Дірдектеген жел өтінде.
Бар болғаны топырақпын,
Тағдырға айтар нәлетім не?

Ол аз болса су ғанамын,
Сәті түссе, ағып кетем.
Уақытпенен уланамын,
Жаралмадым неғып бекем?
Неге әлсіз жаратылдым?
Не айтпақпын қосып оған.
Бүктетіліп баратырмын,
Керек пе еді осы маған?

Бәйшешек терген кездер-ай…

Төбемнің төрі – көк аспан,
Табанның асты – майса шөп.
«Әкең де өлсін, бәйшешек,
Шешең де өлсін, бәйшешек…»

Ырымға бола кереғар,
Жасамай біздер қайшы есеп.
Обалсыз сені отаппыз,
Бұраң бел мүсін бәйшешек.

Шамасы көркін бұлдайтын,
Бәйшешек белі қылдай-тын.
Бәйек боп сонша алдында,
Ұмсына гүлді ұсынған,
Ұқпады қыздар сырды айқын.
Баурайын кезіп бөктердің,
Көбелек-көңіл көншімей,
Бейкүнә гүлді көп тердім…
Бәйшешек ғұмыр – бал қылық,
Сені тез қалай өткердім.

Ақжарма сезім – алғашқым!
Кешірім тілеп аз кейін.
Балалық белден алға астым,
Көкжиек тұстан сәл бері,
Қызғалдақ – дәурен жалғастың.

Бәрі де бірақ келте еді,
Келтеге көңіл елтеді.
Бәйшешек терген сол кездер,
Секілді қазір ертегі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support